Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.05.2021
203
Сары парақ
Дүбірлеткен далада,
Қыраттарда
Қызығамын құлан мен құр аттарға.
Қызығамын
Қияға шығып алып,
Мүйіздерін қасысқан лақтарға!
Демеймін мен аңшыға өлтіріп бер
Көз алдыңа онан да келтіріп көр:
Маған сондай ұнайды
Боз далада
Бірін-бірі аунатқан бөлтіріктер!
Көремін деп қызығын сабаздардың,
Көк теңізге,
Көлге де біраз бардым...
Маған сондай ұнайды
Үрпиісіп
Шекіскені балапан қораздардың.
Қуанып та,
Қайғырып, күрсініп те,
Ыстықтап та,
Тоңазып, түршігіп те,
Өмір бойы келемін қызығумен
Табиғатқа,
Табиғи тіршілікке!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter