Әңгімелер ✍️
ӘБЕКЕҢНІҢ ӘДІЛДІГІ
«Жаны адал, ары таза, елге, халыққа берілген адамға 1964 жылы жазда мәскеулік, империялық, шовинистік көлденең, ашық қиянат жасалды. Шындық, туралық, әділдік аяққа басылды», деп жазады ардагер Амантұр Мұсаев білікті басшы болған, қаламгерлік қарым танытқан Әбжапар Жылқышиев жөнінде.
«Әбекең секілді тұлғаларды өз дәуіріне сай танып-білсек, ең бастысы, шынайы адамгершілікпен, шынайы кәсібилікпен түсінуге тырыссақ, парасатқа бір табан жақындай түскен болар едік», деп жазыпты Мәскеудің әдеби мектебін көрген талантты прозашы Жәлел Кеттебек.
«Әбжапар ағамыз сол Сұлутөр іргесіндегі бір бұрым бұлақтың басында дүниеге келген. Жастайынан әкесінен айырылған. 23 жасында соғысқа аттанған. Елге капитан шенімен оралған. Жамбыл облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болып басталған қызмет жолы Жоғары партия мектебі, Келес, Ленгір, Қызылқұм, Алғабас аудандарының басшылық қызметі, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болумен аяқталғаны мәлім», дейді өзінің мақаласында көрнекті суреткер Дүкенбай Досжан.
Қызылқұмда «қызық» болған. Жоғарыда Амантұр ағамыз атап көрсеткендей, Мәскеудегі бір дөкейдің бірдеңесі боп келетін Бредихин дейтін директор білгенін істеген. Киелі жердің байлығын шашып, берекесін кетіре ішіп-жеп, текті жұрттың төбесін тесердей тайраңдаған шіркінге Шәуілдірде ешкім қайран жасай алмаған. Ауданды басқаруға барған Әбекең – Әбжапар Жылқышиев біраз-біраз байқап-білген соң тістеніп тұрып, Бауыржан батырдың сөзін айтыпты. Бауыржан Момышұлы: «Если велика Россия, велик русский народ, это не значит, что велик всякий русский», деген ғой кезінде. Өкінішке қарай, кейбіреулер ұлы халықтың атына кір келтіретін. Әлбетте, азғындар мен тозғындар әр ұлтта да бар ғой. Сондай сорақылардың бірі Бредихинді бюроға салып, қатаң сөгіспен қызметінен босатқан Әбекеңтұғын. Жасаған қылмысы үшін одан әрі жазаға тартылған кеңшар директорын Мәскеудегі көкелері қызғыштай қорғап, керісінше әділ басшы атанған Әбекеңе жала жапқан. «Правда» газетінде әдейілеп мақала ұйымдастырып, өкілдер жіберіп, жабыла таламаққа тырысқан. Ақырында орнынан алып тынған. Кезінде Мұхтар Әуезовке атқосшы болған Мұсаев одан әрі бүй дейді: «Тоқпақтың күшті болғаны сондай, Мәскеудің айтқанын істеуге тура келді. Қызылқұм аудандық партия комитетінің «төтенше» пленумы «жеңілген» Әбекеңнің жеңісін паш еткен пленум болды. Пленум жоғарғы органның шешімін жоққа шығара жаздады. Әлі есімде, Әбекең үш рет мінбеге көтеріліп, жұртты өзі басып, бәрін өзі жайғастырды. Мінбеге төртінші рет барып, бір ауыз сөзбен елмен қоштасқанда, бүкіл зал тікесінен-тік тұрып, он минөт бойына қол соғып, Әбекеңнің құрметіне ұран, жар салып тұрып алды».
Әбжапар Жылқышиев жайында кім-кімнен де: «Әділ болып өткен адам», «Тазалығы ғажайып еді», «Дәл сондай адал да әділ басшылар бұрын да сирек еді, қазір де көп емес», дегендейін пікірлерді естисіз.
Бұл адам шынында да қалтқысыз шындықты айтатын. Айта білетін. Төрт-бес ауданды тікелей басқарғанда да, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы болғанда да басты принциптерінен, негізгі нәт-ниетінен ауытқып көрмеген. Комсомол қызметінде жүргеннің өзінде, өзінің туған жерінде бәле баққан бақастардың, көкөрім жас өскіннің келешегін кесіп тастамақ болған кесепаттардың кесірін бастан кешкен. Әділ сөйлейтіні үшін, адал адамдарды, қарапайым еңбек иелерін тайсалмай қорғайтыны үшін «халық жауы» болып айдалып кете жаздаған. Сондай күндерде кенеттен соғысқа алынуы ғана құтқарып қалған.
Әбекең бұрынырақта басқарған бір ауданда ең түкпірдегі ауыл ақсақалы сол Жылқышиевті еске ала күрсініп: «Ол кісі дәу кісі еді ғой», деді. Сәлден соң: «Балдар-ей, мен ол кісінің дене бітімін ғана емес, адам ретіндегі ірілік қасиеттерін айтам», деді.
Ал енді қаламгерлігіне келейік. Әбжапар Жылқышиев: «Мен майданнан капитан шенімен оралдым. Әдебиетте де капитан шенімен қалсам, маған сол жетеді», деуші еді. Білген, түсінген, бағалап, ұғынған адамға осы сөздің өзінде парасатты пайым ізеті мен ішкі мәдениет ізгілігі тұнып тұрыпты.
Әбекең әдебиет ауылына кешірек келген. Егде тарта бастаған шағында қалам тербеген. 1974 жылы тұңғыш кітабы «Айтолқын» жарық көрді. Оқырман жылы қабылдады. Екінші кітабы «Мешін жылы» көп кешікпеген. Қызу пікір тудырған. «Ойбай, анау басшыны жазыпты. Прототипі Пәленше Түгеншеев екен. Екеуі араздасып қапты», десті. «Жылқышиев жеңіпті, әдебиетте де әділ ғой», десті. «Балжанның тағдыры» кітабы, «Бастау» және «Топалаң» повестері Әбекең жазушылығын біржолата мойындатты. Жасандылығы жоқ характерлер, иланымды мінездер мойындатпай қоймас.
«Дауылдан кейінгі жорық» романы әу бастан-ақ деректі дүниелер оңтайына келетін қаламгердің тарихи туындылар жазуға іштей әзірлігі молдығын, ондай-ондай оқиғаларды жан-жақты білетіндігін, жинақтаған және жадына түйген материалдарының көл-көсір екендігін аңғартты. Бұл туындыда Сыпатай, Сұраншы, Жауғаш, Мұсабек батырлардың, Байзақ, Қанай, Сапақ датқалардың, Құдайберді сияқты билердің, қоқандық билеуші Әлімқұлдай әпербақандардың бейнелері бедерленген. Тек бірыңғай батырлар мен билеушілердің іс-әрекеттері, атыс-шабыстары, айтыс-тартыстары ғана емес, сол кездегі дәуір діті мен халық даты да, қаншама қилы кезеңдерден ұлтымызды ұлт күйінде аман алып өткен, есен сақтап келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің алтын арқаулы арналары да байыпты баян етіледі.
Бүгінде Оңтүстік өңірі ірі-ірі аудандарды біліктілікпен басқарған, кезінде әжептеуір әділдіктің орны, шынайылық пен мінәйіліктің мекемесі саналатын облыстық партия комиссиясының әділ төрағасы атанған, жазушылыққа бертініректе бет бұрса-дағы, бірталай байыпты, байсалды, құнарлы дүниелер беріп үлгерген, жарияланбаған бірқанша жазбалары жатқан Әбекеңнің – Әбжапар Жылқышиевтің аруағына арнап еске алу кештерін, оқырмандар конференцияларын, кітап көрмелерін өткізу үстінде.
Тірі жүргенде Сұлутөрдің сырбаз перзенті, капитан көкеміз Жылқышиев торқалы тоқсанының төрінде жылы ғана жымиып отырар еді. Әбекеңнің әділдігі хақындағы сөз бүгінгіден де көбірек айтылар еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter