31.05.2021
  615


Автор: Мархабат Байғұт

ҚЫЗДАРЫНЫҢ ЖАСАУЫНА КІТАПХАНА БЕРГЕН КІСІ

Сейдулла Оспанов. Бұл кісіні үлкен-кішінің бәрі Сейдекең немесе Сейдағаң дейді. Асқар Сүлейменов сынды суреткеріміз қазақты аса жақсы көріп кететін кездерінде ернін шүйіре масаттанып: «Байқасақ, Еуропаның қазағы – француз, ал Азияның французы – қазақ», деуші еді. Сейдағаңды көрген сайын Сүлейменовтің сол сөзі еске түседі. Мұнтаздай таза киініп, тіп-тік, жіптіктей күйінде келе жатады. Сәлемдессеңіз, сәл ғана күлімсірер. Көп сөйлемейді. Ақылмансып көрінетін ақсақалдардан емес. Жиын-жиналыстарға да онша қатыса бермес. Әр әкім (мейлі облысқа, мейлі қалаға) келген сайын ардагерлердің аса белсенді, сыйлы һәм құрметті саналатындарын жинап, ақылдасып-кеңесетіні бар ғой. Ондай басқосулардан ешқашан қалмайтындар, шақырылмаса, шатақ шығаратын шалдар жетіп-артылар. Сейдекеңді шақырыңқырамай ма, жоқ әлде өзі барыңқырамай ма, әйтеуір ондай-ондай отырыстардан таба алмассыз. Бұрыннан-ақ, баяғыдан бері солай.
Бірде, осыдан оншақты жыл бұрынырақта көпшіліктен оқшауырақ, оңашарақ тұрған француз тұрпаттас, тіп-тік, жіптіктей, ұзын бойлы қарияға жұрттың бәрі жапырлай сәлем беріп жатқанын байқап, біз де бұрылып барып, қолын алғанбыз. Әлдебір ардагер ақсақалымыздың сексен жасқа толу тойы-тұғын.
– Бұл кісі кім? – деп сұрадық таныс ағамыздан. Таңданыңқыраған күйімізде.
– Танымайтын ба едің? – деді әлгі ағамыз бізге таңырқай қарап. – Сейдулла Оспановты білмейсің бе, немене? Қызылордада обкомның бірінші хатшысы болған. Облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Баяғыда «Правда» газетінде «Битая карта» деп аталған мақала шығып, орнынан алынған... Жасы биыл сексенде. Мерейтой иесімен құрдас. Алайда өзі онша тойқұмар емес...
– Сексенде деймісіз? Шынымен бе? – дейміз біз.
Одан бері де он жыл уақыт өтіп кетіпті. Сирек те болса, Сейдағаңды көріп жүреміз. Сол күйінде. Сырбаз, сыптай, сыпайы кейпінде.
«Қалай болсаң, солай көрін», дейді ғұлама Руми.
...Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Қызылту ауылында осыдан тоқсан жыл бұрын іңгәлап дүниеге келген сәби аяулы анасының ақ сүтін еме алмады. Қазан төңкерісінен кейінгі бір жыл өтер-өтпес уақыт еді. Ұлын босанып, қызыл шақаға жалқы рет жалт етіп қарап, үзіліп кеткен. Әпкесі Тәжігүлдің, екінші анасы Дәненің мәпелеуімен өсті.
Ауылдық мектепті тәмәмдады. Одан кейін Қызылордадағы теміржол техникумын үздік бітіріп, паровоз шаруашылығының техник-механигі мамандығын алып шықты. 1939 жыл ғой. Өте жақсыға бітірген үшеу-тұғын. Екі орыс баласын Мәскеуге, Сейдулланы Ташкентке, теміржол институтына жіберген. Емтихансыз қабылданатын еді. Ташкент қайдасың деп тартып отырды. Ондағылар құмбыл қарсы алысты. Алайда әскери комиссариат есебінен шығып келуі керек екен. Қызылордаға қайта оралды. Әскери кісілердің жібергісі жоқ, есептен шығармай қойды. «Өзі коммуниссің, қалайша өзге республикаға кетпексің? Керексің бізге де», десті. Қалалық партия комитетіне нұсқаушы етіп алды. Ал ақпанның ақырған аязды түнінде әскерге аттандырды. 1940 жылдың қысы. Фин соғысы жүріп жатқан.
Белорус майданының 11-ші әскерінде взвод саяси жетекшісінің орынбасары болды. Гродно қаласында тұрды алғашқыда. Көп ұзамай-ақ Литваға, Каунасқа апарды. Бірталай қауіпті операцияларға, аса күрделі саяси-әскери науқандарға қатысуына тура келді. Сондай қиын кезеңде өкпесіне қатты суық тиіп, төрт айға жуық әскери госпитальдың төсегіне таңылды.
1941 жылғы 16 маусымда әскер қатарынан денсаулығына байланысты біржолата босатылды. Соғыстың басталғанын Мәскеу қаласында, радиодан, Молотовтың сөзінен естіді. Өзін біртүрлі, ыңғайсыз сезінді. Амал нешік, Қызылордаға әзер жетті. Обкомның бірінші хатшысы Сапар Бектелеев еді. Керемет келісті, мәдениетті, кішіпейіл кісі. Өзінен жас кадрларға да сіз деп, сыпайы сөйлейді. Сейдуллаға да: «Сіздің мінездемеңізді, құжаттарыңызды алдық. Таныстық. Ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімді басқаруға кірісіңіз», деді.
Сырттай қарағанда біреулерге оңай көрінуі бек мүмкін. Бірақ бұл қызметтің қиындықтары аз емес-ті. Аса жауапты мектеп-тұғын. Иыққа да,  жүйкеге де, адамгершілікке де түсетін салмақ ауыр. Түйсінетінге, әрине.
Алматыға, алты айлық курсқа жіберді. Оның жартысына жете бергенде комсомолды нығайту науқанына ілігіп, орталық аппаратқа ауыстырды. Жарты жыл ЦК-да істеген соң Қызылорда облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып кетті. Пәтимадай сүйікті жар тапты. Жарасымды жұп, үйлесімді үй болды.
Көп ұзамай ВЛКСМ Орталық Комитеті Қазақстан үшін бір орын бөліп, біржарым жылдық Лениндік курсқа шақырту алған. «Бармаймын», дейді жаңа үйленген жас хатшы. Жоғарыдағылар қайран қалады. «Ойбай-ау, сен түгілі біз жете алмай жүрген оқу ғой бұл!» деседі бәрі.
Баруға тура келді. Сол оқуды 1945 жылы бітірген. Жолдамасы Алматыға-тұғын. Қызылордаға демалысқа соққаны сол екен, баяғы Бектелеев ұстап алған. «Жоғарғы жақпен өзім  келісемін. Сен бізге керексің», деді. Сөзінде тұрды. Алматыдағылар ұрысты: «Партия Орталық Комитетінен орын әзірлеп отырсақ, Оспанов жолдас, оның қалай?» деп.
Қырық жетінші жылы Сейдулла Оспановқа Қармақшы ауданын басқару тапсырылған. Ақсап жатқан, артта қалған аймақ. Суы аз. Орталықтан қашық. Алты жыл бойы ауыртпалығы жетіп-артылар ауданға жетекшілік жасады. Алға алып шықты. 1951 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Елу үшінші жылы Жаңақорғанға, бір жыл өткенде Шиелі ауданын басқаруға жіберілген. Алға шығару үшін. 1957 жылы аупарткомның бірінші хатшысы Ленин орденімен марапатталған. Мұндай орден ондай қызметтегілерге мүлде сирек берілетіні белгілі. Тағы да депутаттыққа сайланды. Бұл да аудан басшысы үшін өте жоғары құрмет болатын-ды.
1957 жылғы мамырда Қызылорда облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланды. Екі жылдан соң бірінші хатшылыққа биіктеді. Біраз уақыт өткенде, Алматы облысы таратылып, орнына Ілиясов жіберілді. Осылайша Оспановыңыз облатком төрағалығына ауыстырылған.
Алпысыншы жылдардың басында алмағайып кезеңдер, алақұйын ауыстырулар жиілеп жөнелген. Қызылордаға бірінші боп барған Сәлімгерей Тоқтамысов іскер, жан-жақты басшылардың қатарынан саналатын. Орталық жақтан әдейі шеттетілген. Сейдулла Оспанов облаткомда. 1962 жыл ғой баяғы. Жұмыстың сан-алуан саласындағы жетістіктер жап-жақсы еді. Тоқтамысов пен Оспановтың тұсында қол жеткен жеңістер мен жемістер аз емес-ті. Мәскеу тараптан да, Алматы  жақтан да аласапыран науқанның нән-нән иелері осы екеуін оңдырмай сүріндірмектің есебін таба алмай қиналатын. Ақырында, күндердің бір күнінде «Правда» газетіне атышулы «Битая карта» деген мазақтама мақала шыға келсін. Фактілері де онша емес. Облыстың бірінші басшысы Тоқтамысов бастап, қалғандары қостап, әлдебір аупартком хатшысының үйінде карта ойнаған. Ең басты «көзірлері» – осы ғана.
Дінмұхаммед Қонаев ағамыз-дағы Орталық Комитеттің бірінші хатшылығынан босатылған бюро отырысында бұлар да – Тоқтамысов пен Оспанов та қызметтерінен алынды.
– Картаны қатты ойнайтындарыңыз рас па еді? – дейміз біз тоқсан жастағы Сейдағаңа.
– Тоқтамысов Сәлімгерей ағамыздың аздап-аздап ойнайтынын жоққа шығара алмаймын, ал мен ондай нәрселерге онша емес ем, – деп күледі бүгінде бұ кісі.
Сонымен, Қызылорда обкомының бірінші хатшысын да, облатком төрағасын да «Правда» газетімен бір ұрып ұшырып түсіргендердің үлкен үйлестірушісі Юсупов: «Шымкентке барып, шыбын үймелеген шаруашылықтарды басқарасыңдар. Білдіңдер ме?! Екеуің де!» дейді сұқ саусағын шошайтып.
Оспановыңыз осылайша шөл даладағы мал шаруашылығы – Жданов атындағы қой өсіретін кеңшарға кетті. Бес жыл бойы Монтайтас ауылында тұрды. Тоқсан мың гектар жері бар екен кеңшардың. Оның он сегізі – бидай. Төртінші жылға қарай жиырма тоғыз гектарға жеткізді. Облыс мемлекетке тоғыз миллион пұт астық өткізсе, соның бір миллионын осы Оспановтың кеңшары құяр еді қамбаға!  Қой саны ше, әуелгідегі 29 мыңнан 65 мыңға жеткізілген. Осы Оспановтың тұсында. Биязы жүннің сапасын жақсартпақ мақсатта Мәскеуден мамандар шақыртып, атақты «Күйік» кеңшарының тәжірибесін ендіргені елдің есінен шыққан жоқ. Жүннің сапасын анықтау үшін Жамбыл қаласына сандалуды доғарып, екі қызды арнайы оқытып, зертхана аштырғанын да әлі күнге дейін айтатындар бар.
Дінмұхаммед Қонаев кеңшарға екі мәрте келген. Сүйсінген. Әлгі зертханада болған. Алматыдағы баяндамасында Жданов кеңшары, оның директоры Оспанов аталған. Жаңашыл басшы делінген. «Оспановтың тұсында озғанбыз», дейтіндер көбейген.
Оспановыңыз сөйтіп қайтадан жоғарылаған. 1968 жылы Бөген ауаткомының төрағасы боп сайланған. Бірінші басшы Байжановпен бірге Бөгеніңізді де бірталай белестерге шығарған.
Кейіннен кәсіподақ саласында басшылық қызметтер атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де сол кәсіподақтың арнаулы курстарына жетекшілік жасаған. Жан жары, комсомол жетекшісі жылдарында отау тіккен Пәтимасы жолкөлік апатына ұшырап, ерекше күтім керек болғанда ғана қызметті біржолата доғарған. Сырлы, сырбаз, сыпайы күйінде, қазымыр емес, қазына қасиетпен келе жатыр.
Үш ұл, үш қызы бар еді. Ұлдары Тұраш пен Нұраштан тағдырдың жазуымен тым ерте айырылып қалды. Мойымауға тырысты. Аллаға шүкіршілік етеді, Ыбырашы қолында. Алпыс жастан асып қалса-дағы, баладай көреді ұлын. Үш қызы тұрмыс құрып кеткен. Бәрі ұлды-қызды. Ата-аталап немере-шөберелері жүр. Құдай қосқан қосағы Пәтима апай бірер жыл бұрын дүние салды. Қара шаңырақ саналатын Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектепте ондаған жылдар бойы тарих пәнін оқытты.
Сейдағаң үлкен қызы Ботагөзді ұзатарда жасауына «Әлем әдебиеті» деп аталатын атақты кітапханасын берді. Жұрт таңырқады. «Е-е, Сейдекең сөйтпесе, Сейдекең бола ма?!» десті. Ортаншы қызы Рәш тұрмысқа шыққанда да жасауына алаш әдебиетінен арнайы кітапхана жасап қосқан. Кіші қызы Баянды ұзатарда да өзі қалыптастырған дәстүрді бұзған жоқ. Қызылордаға баратын жасаудың негізгісі кітапхана болды.
О бастан-ақ Оспановтың кітапқұмарлығы басым-тұғын. Мәскеуге барса да, Алматыға барса да ең алдымен ауылына қарата бір жәшік кітап салып жіберетін әдетінен танған емес.
Тоқсан жастағы Сейдағаң қазірге дейін кітап оқудан жалықпас. Бірталай газет-журнал жаздырып алады.
Омырауында бірқанша үлкен ордендер мен медальдар бар. Өміріне, тағдырына риза. Ешкімге де, ештеңесін де міндетсінбейді. Тәуелсіздікке тәубесі зор. Қанағатшыл. Жастарға қанат тілеп отырады.
Уақтысында қолынан келгенінше өзінің міндетіне адал боп, жоғары жауапкершілікпен қарағанына қуанады. Қолынан келгенінше ізгі де іскер, таза да адал болмаққа тырысқанына жұбанады. Өзінен гөрі өзгелерді, ел мен жерді көбірек ойлады.
Қолынан келгенінше адамдарды қиянаттан қорғады. Қамқорлық жасады. Риясыз. Сондықтан шығар, Сейдағаңды, Сейдекеңді Қызылордада да, Шымкентте де, Алматыңызда да, ауыл-аудандарыңызда да айрықша қадір тұтып, құрметтейтін, шын сыйлайтын, шынайы ықыласпен қолын алатын, абзалдығына басын иетін адамдар аз емес.
«Не іздесең – сен солсың», деген ғой данышпан Руми.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу