31.05.2021
  191


Автор: Мархабат Байғұт

ҚАЛТАРЫСТАҒЫ ҚОҢЫРАУ

«Не шықса да, Нәніпәтір уәлаятынан шығады».
Мұндай мұқатпалау мәністі мәтелдейтіндер аз емес.
Сіздер де сызданыңқырай сызғырасыздар.
Біз-дағы біраз-біраз бипаздап бағамыз.
Ауқатбай да айтады-ай.
Ай, айналайын, Ауқатбай-ай. Нәніпәтір уәлаятының алыстағы ауылында тіршілік кешетін нағашы ініміз дә. Аузының аздап-аздап желемігі бар. Тілінің қотыры қалыңдаңқырап кететін кездері көбірек. Сырттай қарасаңыз, пәлендей ерекшелігі жоқ. Ортадан биіктеу бойын, аяқтарынан ұзындау қолдарын, делдиіңкіреген танауын есептемегенде. Қырықтың қырқасынан асқанша қарын бітпеген. Елуінде еңкіштеу тартқан. Әлдебір талаптың тәртібіне тап түсіп, мерзімінен бұрынырақ зейнеткерлікке кеткен. Мектептен. Мұғалімдіктен.
Нағашы ініміздің іші удай ашыпты сонда. Шыға қойғысы жоқтұғын. Зейнеткерлікке. Еңбек сабағынан беретін. Ерінбей-ақ еңбектенетін. Қазір технология дейді ғой. Пәннің атын. Өзінен де көреді кейде. Шеттетіле беретінін. Тыныш жүрмейді. Шыдай алмайды. Тәптіштегіш. Тәртіптегіш. Талғағыш. Талдағыш. Бағдары сондай. Бала-шағасын да, жар дегендегі жалғыз қатынын да, тіпті мектеп пен ауыл-аймақ белсенділерін де тәк-тәктейтін табиғатынан танбас. Тәк-тәгіне тікірейетіндер тәлкекке түсер.
Мәселенки, мектепке директор болатұғыны айдан анық болашақ бастығына бүй деген ғой:
– Ауданның аузын майла-а-а-ап, жайла-а-а-ап қайтып келемісің? Жәр-рәйсің! Қанша бергеніңді Қалтарыс бір кісідей біліп отыр.
– Қанша беріппін? – дейді директорлыққа кандидат.
– Қазақстанның төл теңгесімен тәптіштейін бе? АҚШ-ыңыздың ақшасымен бе? – дейді Ауқатбай.
– Қалауыңызға қарай, – деген Қалтарыс орта мектебінің болашақ директоры айналасын абайлай барлайды. Естіп қоятындай ешкім жоқ екен. Үш мүшелдей кіші ғой. Ауқатбайдан. Жуық маңайда жан көрінбесе де, көгереңдеп алғаш, қызарады сонсоң.
–Қызардың-ау, қалқам, – дейді Ауқатбайыңыз. – Қызарғаның – қысылғаның емес. Қан қысымың. Дәулердіңдерті дейтұғын. Қосыларсың қатарға.
– Сонымен, қанша бергенімді қашан білем? Асығыс ем, – деп кергиді. Кандидат.
– Мен емеспін. Ел ғой елеңдеген.
– Еліміз не дейді?
– Қайран, Қалтарыс ауылы тойларыңа түскен төрт мың долларға таудың арғы жағындағы жездеңнен үшжарым мың, аудан басындағы бажаңнан бесжарым мың қарыз ап қосып, он үш мың долларды дорбалап тапсырғаныңды болжап отыр. Аталмыш ақпарат өзіңнен бұрын жеткен. Бұл іске былтыр кіріскенде үш мың үнемдейтін еді деп, аяп жатқан ағайын көп.
– Ал енді арыз айдайсыз ба? Неғыласыз?
– Арыз жазу тұқымымызда жоқ. Оның үстіне дәлелденбес дүниеге дәрежемді түсіріп неғылайын. Қоғамдарыңда қуат, адамдарыңда аят азайған алмағайыпта.
– Сонда сіздікі не далбаса?
– Кімді түзеп, нені жөндемексің дейсің ғой?
– Бәрін білесіз. Суға сиесіз.
– Арыз айдамаймын. Арзу айтқаным да. Айту – парыз.
– Арзу? Оныңыз немене тағы? – дейді келешек басшы күреңітіп.
– Ардың зуаласы ғой. Көне түркі тілінде, – дейді Ауқатбайыңыз.
– Әйтеуір бірдеңені шығарып жүрмесеңіз, ас батпайды-ау сізге, – деп жұмсарыңқы тартады директорлыққа кандидат.
– Бірдеңелеріңді шығарып жүретін сендерсіңдер. Сендер шығарасыңдар.
– Ол не сонда? Қалай шығарамыз? Нені?
– Не боушы еді. Ауданның аузын майлаған мөлшеріңді өжең өлшеміңе салып шығарасың да. 2010-2011 оқу жылында бар күшіңді күшеніп соған жұмсайсың. Өткен аптада босаған ботаника мұғалімінің орнынан бастайсың. Еден жуатын егде қатындарды қуып, орындарына «конкурс» жариялайсың. Кімнен қанша алғаныңды Қалтарыстың қарияларынан бастауыш кластардың боқмұрындарына дейін сыбыр-сыпсыңға, күбір-күпсіңге айналдырар. Әнекиіңіз, бірдеңе шығару деген осы. «Не шықса да, Нәніпәтір уәлаятынан шығады» деген осы.
Қалтарыс орта мектебінің болашақ басшысы табан астынан талтайды кенет. Күреңіткені де, қарауытқаны да ізім-қайым. Зым-зия. Түтіккенінен айыққаны анық. Тәртіптегішпен түйтпекке түспес.
Түкірді.
Ауқатбайыңызға таман. Тап-таза тұсқа. Түймеленді. Тап-тұйнақтай түрге енді. Тағы да түкірді. Қалыңдата қақырды. Түкірген тұсы тақыр топырақ та емес, жадағай-жайдақ жер де емес, ағараңдаған ажырық та емес, жаңадан төселген, мәрмәр мәнзелдес, заманауи зер шашып, парасат шақырардай плиткатұғын. Ауқатбайдың ауылындағы оқу ордасы, білім ошағы, тәрбие-тәлім ұясы саналатын салтанатты сарайыңыз «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген ғажайып ғимарат еді.
Біздің нағашы ініміз Ауқатбай айтарын айтып алып, артынан аздап қана азапқа буылар. Өткінші жауындай өкініш сепкен сезімінің сіркіремесі кепкенде, қайта қиқарланар. Қоңырау шалар.
– Жиен көке-е-е! – дейді қиястанып. Ұп-ұзын оң қолының шынтағын тізесіне тіреп, телефонының трубкасы шықшыт тұсын шытынатқанына дейін көз алдыңызға елестейді. Езу тартуға мәжбүрсіз. Еріксіз.
– Жаңа ғана мектеп жақтан жеттім, – дейді нағашы ініміз. Жиен жұрты үшін ғана жұмыс істеп жүргендей міндетсініп. – Нәніпәтірдің орталығында отырсыңдар, ә-ә-ә?!
– Неғыламыз енді? Отырмыз. Облысыңның орталығында.
– Жасың үлкен дә. Әйтпесе...
– Бірдеңе бүлдірдің бе, немене?
– Әне! Әнеки! «Бірдеңе шығармасаң, ауқат батпайды», «бірдеңені бүлдірдің бе-е-е?» Сөздерің де ұқсас, өздерің де ұқсассыңдар. Бірдейсіңдер бәрің.
– Не боп қалды?
– Не боушы еді. Сәл-пәл үлкенірексің, – деп жуасиды нағашы ініміз. – Кішірек болсаң, иттің күшігіндей қыңсылатып, бүлдіргеннің көкесін көрсетер ем. Мен бүлдірмеймін. Түсінсеңдер, түзеймін мен. Әлі күнге дейін кім екенімді ұқпайсыңдар. Сезбейсіңдер сендер. Міне, мектептен келгенім осы. Жағдай жақсы емес, жиен... Шекспирдің «Гамлетін» орысша оқығансың ғой сен. «Мир раскололся, и смешней всего, что должен я восстановить его!»
Ай, айналайын Ауқатбай-ай! Мына заманда Шекспирде несі бар, шенеуніктермен шекісіп несі бар?! Ауқатбай жаңағы, жоғарыдағы жағдаяттарды баян ете бастайды. Майын сорғалатып. Тілінің қотырымен қытықтап. Қалтарысты әлемдік әйдік экранға шығарып. Біз елестетіп бағамыз. «Көксандықтан» көргендей күйде отырамыз. Облыс орталығында. Нәніпәтір уәлаятының кіндігінде.
Зейнеткерлікке мәжбүрленгеннен кейін кері шегінер деген едік. Нағашы інімізді. На-ға-а-а-ан?! Танауы делдие түсті қайта. Тұлпар шабысы, тізгін қағысы ашылып жөнелді.
Бір айдан соң Қалтарыс орта мектебінің директорлығына тағайындалған баяғы баланы Түкіргіш атаған да осы Ауқатбайыңыз. Түкіргіш балаңыз бәле екен. Арыз жазбайтын, арзу ғана айтатын Ауқатбайыңыз ағарту саласының ардақтысы атанып, зайыр заңнамалық негізде зейнеткерлікке замғатылды. Шапан жабылып.
Аштан өлетіндей, көштен қалатындай заман емес. Бала-шағасының бәрі өзімен-өзі. Бұларға бермесе-дағы, сұрамсақтана сүзілмес. Еңбек сабағының пайдасы. Қатыны қақтап сауатын үш-төрт сиырдың сүтін шарбақтың аяғына азаннан апарар. Аудан басындағы сыр зауытынан жететіндер жып-жылы сәлемдесіп, жымиыса жүгірісіп, жарыса көтерісіп алып кетер. Әр аптаның соңында есептесер. Үйіргелік жердің, тақта-тақта телімнің тірлігі жетіп-артылар. Атқара алар адамыңызға.
Сонда-дағы жаңа жобалы ғажайып ғимаратқа қараса, еңкіштеу келген кеудесін күрсін шіркін кернейді-ай. Ұзын-ұзын қолдарымен кезек-кезек қырсық қыртысты қарақошқыл желкесін қасиды-ай. Сыр сездірмес-ау. Алайда. Өзін-өзі қайрап, қадамдарын нықтап, орталық жаққа беттейді. Түкіргіш баланың қарсы ұшырасар уақытын дөп басып, дәл табады.
– Не гәп бар? – дейді салқындау сәлемнен соң. Ауқатбайыңыз.
– Ақпарат бұлағы сіз арқылы ағып өтпей ме? – дейді директор.
Креслоңыз кісіні өзгертеді ғой. Шешен-ақ шешіледі-ей. Бәлекет.
– Қалтарысыңда қалтарыстар қалың. Қағаберіс қап, қаншамасын құлақ шалмай шермендеміз.
– Ең үлкен жаңалығымыз сол, күні кеше жоғары біліктілік санатын алғандар қатары алты адамға артты. Мәзбіз.
– Ойбай, онда түзеле бастапсыңдар ғой. Біз кеткелі.
– Қалай қағытсаңыз да, мейліңіз. Өзіңіз білесіз, бірінші санатты аудан, жоғары санатты облыс шешеді. Оңай емес. Әйтеуір, осы мектептің абыройы ғой. Көздегеніміз.
– Қайдам-ау, қайдам. Қалтарыс мектебінде қазір қалыптасқан өзгеше үш санат бар деседі ғой, жұртыңыз.
– Қандай-қандай екен-ей олар?
– Ауданың мен облысыңда отырғандардың және ауыл белсенділерінің тікелей қамқорлығындағылар – бір санат. Жаңа директорға жүйелі түрде жасырын жинайтындар – бір санат. Өздерінше өліп-талып тырбанатындар – бір санат. Қай санаттың қандайлығын, қайсысы жоғары немесе төмендігін ішің білсін, әлуай.
Түкіргіш бала түкірер. Бұрылып теріс айналар. Арзудан.
Ай, айналайын Ауқатбай-ай! Осындайларды термелей тербеп, телефонмен толғайды-ай. Жүдә шыли кінәмшіл, тіпті кейде бәлеқор боп кеткендей қауіптенесіз. Нағашы ініңіз. Амалсыз тыңдайсыз. Жиенсіз.
– Оу, облыстағы жиен көке-е-е! – деп қыңырая қоңыраулатар Ауқатбайыңыз. – Үйлесім бұзылып, ұнасым құрдымға кетіп, сенімсіздік семдіріп барады. Адамды. Ницшелерің меңзегендей. Отырыңдар омалып.
– Не болды, нағашы? Тыныштық па?
– Қалтарыста қайдағы тыныштық?! Орталықта отырып ап, жаңалық ашқышсыңдар. Біздің мектептегі барлық кластардың көкелері мен жәкелері бар. «Крышалары». Түсіндің бе? Сынып бөлмелеріне солардың аттары беріліп жатыр. Компьютер басып барады. Мектепті. Қайда қоярын білмейді қазір. Ендігі кезек көшелерге кеп тұрыпты. Орталық көшеге бұзау бағып өткен бір бақташының аты қойылған. Баяғыда. Себебі сол, баласы облыс әкімінің орынбасары екен. Жаңа көшелерге көкелерінің, әкелері мен аталарының аттарын қойғысы келетіндер құдайы жасап, ауылдың ақсақал-қарасақалдарын шақырады. Шапан кигізеді. Конверт ұстатып қайтарады. Мына нағашың жолаушылап кеткенде, құдалықта жүргенде жасауға тырысады. Құдайыларын. Шапандатуларын. Бәрі. Қорқады-ай, нағашыңнан. Әй, жиен көке, бәрін орталықтан, облыстан жұқтырып жатыппыз-ау. Анау екеуге ең үлкен екі даңғылдарыңды беріп қой-е-е-еп, алаш ардақтылары мен ақиқат академиктерді айдалада қалдыр-е-е-еп, қалғып-мүлгисіңдер ғой өздерің де. Ел-жұртқа күлкі-мазақ боп біттіңдер. Неміс Гете қағидалағандай Құдайды қуантуды қойдыңдар.Білесіңдер ме мұны? Сезбейсіңдер сендер.
Арада ай шамасы аунағанда Ауқатбай тағы да телефон соқты. Ентігіп тұрыпты. Дерттен емес. Демігуден емес. Аптығудан. Асығудан. Арзудан.
– Ей, жиен көке. Тыңдағын мені. Тарихта кездеспеген керемет оқиға! Естіп тұрсың ба?!
– Құлақ Қалтарысқа қараған. Тағы не бүлінді?
– Кіндік кентімізден кембіз бе? Үйренеміз дә. Мектепке де жеттік. Қалтарыс орта мектебіне ат қоймақтың қырғын майданына кірістік. Жиен көке-е-е! Жақында аудандық сотыңыздың өзі маған, мына маған пара бермек болды. Мына нағашың ала жаздады! Қызық-ай!
Бұл жағдай былай болыпты. Ауқатбайыңызды аудандық сотқа шақыртыпты. Адам баласының ала жібін аттамадым дейтұғын, аузы батыл, адуынды, ерке де еркін есептелетін Ауқатбайыңыздың өзі алғашқыда алағаттау күйге буылыпты. Айналасына алақ-жұлақ қарағыштапты. Соттың аты сот екен дә.
Айқындалған мерзімде ауданға ілігіпті. Автобуспен. Сөйтсе, сотыңыз өзгешелеу өтінішпен алдыртыпты. Ағарту саласының ардақтысы деп. Қалтарыс ауылының салмақтысы деп.
Сұйқылтым шашын жылмайлата жылтыратып тарап қойған. Жігіт ағасы. Жүдә шыли шешен екен. Тап-таза бөлмеде тәп-тәтті шәй ішіпті. Екеуі. Аужай-ахуал сұрасыпты. Шешеніңіз шешіліпті. Ауқатбайдың алаңы басылыпты. Көңілі жібіп, кеңсірігі суланыпты. Аудан сотының ата-бабалары да, әкесі де Қалтарыста туып-өсіпті. Қалқоздарды қайта құру жылдарында жылжыпты. Әкесі. Қызмет бабымен. Нәніпәтір уәлаятының орталығына. Әкесінің атын Қалтарыс орта мектебіне лайық деп санайтындар жетіп-артылып жатыпты. Ауылда анау-мынау сыпсың шықпау үшін шақырыпты. Білуінше, ауыл түгел тыңдайды екен. Аукеңді. Аузынан шыққан лебізді жерге тастай қоятындай жан жоқ екен. Ауылда. Шыншыл екен. Ақиқатшыл екен. Аукең. Қалтарыс орта мектебіне әкесінің аты қойылса, ауыл да, мектеп те, жекелеген адамдар да жаман бола қоймас. Қажетті қамқорлықтың бәрі жасалмақшы.
Аудан сотының алдында ашылмапты. Ауқатбайыңыз. Түйіліңкіреген түрінен танбапты. Жібіген көңілін, суланған кеңсірігін жеделдете, желдете кептіріп үлгеріпті. Бас биіңіз арғы жағына бір, бергі жағына бір шығыпты. Аукеңнің айызы қаныпты. Рахаттаныпты. Мұндай ләззатты шақты бастан кешудің өзі бөлек әлем екен дә. Бір ауданның білдей соты өмір бойы бүкшеңдеп еңбектенген қарапайым мұғалімнің, нәйеті зейнеткердің алдында құрдай жорғалап жүріпті-ай! Ай, айналайын, ата-бабалары мен марқұм әке-шешесі сезіп жатыр ма екен осыны?! Өмір бойы менсінбей, күйеуін кім көрінгеннен кем санаумен келе жатқан жар дегендегі жалғыз қатыны итке тістетсең-дағы иланбас.
– Не қиялдап кеттіңіз, Ауқатбай аға? – депті сотыңыз сонда.
– Не боушы еді, – депті Аукең. Түк те саспай. Сасқалақтамай. Ауылды ойлап отырыппын.
– Шәй ішіңіз. Асықпаңыз. Аулыңызды сағынып үлгердіңіз бе, деп-демде, – депті сот лекіте күліп. Керіле кеңейіп.
– Рахмет. Қандым, – депті біздің нағашы ініміз.
– Сіз автобуспен келдіңіз ғой? – деп сұрапты сот.
– Немен кеуші ем енді, – депті Аукең.
– Өзіңізге бек сенімдімін, Ауке. Мектепке ат қою туралы ұсынысқа ұйытасыз. Жұртыңызды. Ауыл-аймағыңызды. Әкеміздің есімін еншілегеннен ұтпаса, ұтылмайды. Ешкім де. Өзіңіз де тап бүгін таңдаулы таксиіңізді жалдап қайтасыз. Жалғыз өзіңіз. Автобуспен шаршап неғыласыз. Бұдан былай сіз – ағамсыз. Мен – ініңізбін. Міне, мынау – менің інілік ізетім. Алғашқы сыйлығым, аға. Ағама арнағаным, Ауке! Алыңыз, аға.
Аудан соты аппақ конверт ұсыныпты. Аукеңе. Өз қолын өзі асқан ықыласпен алға созыпты. Сот.
Бұл өзі тарихта бәлкім болған, бәлкім болмаған оқиға шығар. «Шекспирдің шығармаларында бар ма еді?! Мұндай мәселе?!» Деп ойлапты Аукең. Аудан басында отырып.
Ауқатбайыңыздың аузы аңқайыпты. Аукеңе аудан соты пара ұсынып тұрыпты. Нәніпәтір уәлаятында параны көбінесе пәре дейді. Пәреге қарап, пәлегі қарауытқан қауындай әлек кешіпті.
Аукең алғаш асып-сасқан. Аз ғана мезет. Сонсоң сақ-сақ күліпті. Кітапты аздап-аздап оқиды ғой. «Ақша-Құдай сақ-сақ күліп қарап тұрды» деген сөйлемді оқыған. Жадында жатталмақ түгілім, ап-айқын сурет секілденіп, ой санасында оймышталып орнап қалғанын қарасаңызшы. Сол себептен-ау, Ауқатбайыңыз Ақша-Құдайыңызғақарап, сақ-сақ күліпті. Аудан сотының алдында.
Сотыңыз сасыпты. Елінен жеткен зейнеткердің есінен адаспағы да бек бәлкім емес пе?!
– Алсаңызшы, ағатай, – депті сот. Аппақ, тап-таза конвертті ұзата созып.
Соттың аты сот. Сақ-сақ күлкісін тыйыпты. Аукең. Алса ше? Ауқатбай. Параны. Пәрені. Аудандық соттан. Бір мезет алғысы да келгендей сезінеді. Алмаса-дағы, аппақ, тап-таза, керемет конвертті қолымен ұстап, ашып көргісі келеді. Қанша екен-ей, а?! Өзіміздің төл теңгеміз бе екен? АҚШ-тың ақшасы ма, әлде? Кенет қолын созады. Иә, иә, Ауқатбайыңыз алға ұмсынады. Сұқ саусағы сумаң еткенде ғана есін жиыпты. Қалт тартыныпты. Қатуланыпты. Ойын да, бойын да жинап үлгеріпті. Қайтадан сақ-сақ күліпті. Ақша-Құдайыңыздан биіктеп. Жоқ. Күлмекке тырысыпты. Бірақ, үні құмығып, даусы естілмепті. Айтар сөзі тұншығыпты. Тұла бойы қалтырапты. Құлап қалмай тұрғанда, бір бәлеге тұтылмай тұрғанда, құтылмаққа қарманыпты. Жанталаса жұлқынғандай есік жаққа ұмтылыпты.
Аудандық сот кеңсесі орналасқан көшеңізді һәм әлдебір әкімқараның әкесі иемденген екен. «Жарықтыққа жер барып жеткізбегей. Жай ғана, қатардағы кеңес шенеунігі еді ғой»,деп күбірлейді Ауқатбай.
Сот оқиғасынан кейін жарты ай шамасы өтті ме, өтпеді ме, Ауқатбайыңыз айғай сап:
– Жиен көке-е-е! – деді тағы да телефон арқылы. – Соңғы жылдары жүдә-ә-ә саябақшыл боп кетіп едіңдер. Орталықта отырып алып. Саябақтарыңа сан жетпеуге айналып еді. Бастамаларың біздің ауылға да аяқ басқан. Қалтарыста да саябақ жасап тастағанбыз. Ескерткіштерді де еселеп, мың мәртебе көбейтіп мәзсіңдер. Бүйте берсеңдер, қайда барар екенсіңдер сендер?! Жиен көке-е-е! Кім боласыңдар? Бара-бара. Ойбай-ау, ұлт ұстындарының тұлғалары әнебір әлдебіреулеріңнің тізелерінен де келмейтіндей күйге ұшырағандарың қай масқара?! Жылаймыз ба, күлеміз бе?! Жә, жарайды. Қойдық. Орталықтарыңа жауап беретін біз емеспіз. Сендерге еліктеп, ескерткіш көбейтуге кірістік. Жоғарының бастамалары ауыл жаққа бұрмаланып, азып-тозып жететінін білмейсіңдер. Білгілерің жоқ. Көргілерің келмейді. Үйлесім келмеске кетіп барады.
Ауқатбайыңыздың айтуына құлақ қойсақ, Қалтарыстағы мешіт пен мектептің арасында саябақ ашылыпты. Сол саябақта ескерткіштер тізілмек. Оқиға былай өрбіпті. Әзірше тұғырлы мүсіндер төрт тұлғаға орнатылады. Көпшіліктің келісімі. Ауыл әкімшілігінің ұйғарымы. Төртеудің бірі – Түкіргіш баланың бабасы. Әкесінің әкесі. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін қалқоздың сиыр пермесін басқарған. Сауыншы қатындарға қырғидай тигені үшін партия қатарынан шығарылып, орнынан босағаны бүгінгі заманда кінәға саналмайды. Соғысқа алынбаған. Жасы асқандық себептен. Сұрапыл жылдары атқа қайтадан қонған. Ғасыр ортасынан ауғанша түспеген. Ер үстінен. Белсенділер тізімінен.
Өкінішке қарай, жөнді суреті табылмаған. Қалқоз жиналысының биіктеу үстелінде үш-төрт белсендімен қатар қарауытыңқыраған бейнесі сақталған. Мүсіншілер қатты қиналған. Долбарлаған. Домбаздаған. Жобалағандардың пікірлеріне сүйенген. Ақырында ауылдағы алғашқы ескерткіш тұғырына қонған. Ауқатбайыңыз үш-төрт сиырының сүтін елең-алаңнан өткізіп, ыңылдай әндетіп, мектепке қарата аяңдаған. Кешкісін әлдекімдер әрекеттеніп жатқандайтұғын. Техникалар жүрген.
Түкіргіш баланың бабасы тұғырында түнепті.
Ауқатбай ары да қарайды, бері де қарайды. Алдына бір, артына екі шығады. Айналып көреді. «Мынау мүсін директордың бабасына түк ұқсамайды ғой! – дейді тамағы құрғап. – Лайық болсын, лайық болмасын, ақыры ескерткіш қойып, мүсіндегесін арналған адамына аздап ұқсауы жөн емес пе? Ал мынау – ол емес. Ат үстінен түскісі келмей, бір бүйірін таяна қисайып, мысқылдай жымиып, шырт та шырт түкіретін ағамыз емес сияқты. Бұл басқа біреуге ұқсайды. Келіңкірейді! Кім еді? Иә-иә, ойбай-ау, бұл – сол ғой, сол...»
Түкіргіш баланың үйіне жедел бармаққа бекінеді. Сөйтсе, директордың өзі де келе жатыпты. Ирек көшенің үстіндегі иір биікпен. Арықтың бойымен.
– Тағы да арыз айтқалы тұрсыз ба? Таң азаннан неғып жүрсіз? – дейді директор Ауқатбайыңызға бір, бабасының мүсініне екі қарағыштап.
– Арыз емес. Арзу, – дейді Ауқатбай. – Құтты болсынға аузым бармайды. Жүдә қиын гәп.
– Немене ол? Не еді оныңыз?
– Не боушы еді? Менің емес, сенің гәбің. Мынау мүсін – сенің атаң емес. Тез арада өзгертпесең, масқараң шығады. Ұқсамайды.
– Ойбай-ау, бірталай адамды апардым. Ауданға. Мүсіншінің шеберханасына. Алпыс пайыз ұқсайды деген. Бәрі.
– Мені неге апармадыңдар сонда?
– Уақтысында таппадық. Құдалыққа кетіпсіз. Мына маған аздап келіңкірейді. Дескендер болған. Атамызға алпыс пайыздай ұқсаса, жетеді. Дескенбіз.
– Жо-жоқ! Жетпейді. Елу пайызға да жетпейді мына мүсін. Мәселе онда да емес. Гәп басқада. Масқараң шығады. Жедел жөндету керек!
– Ол не?
– Не боушы еді? Масқара боламыз.
– Мазақтауыңызды қоймайсыз-ау, жүдә тегі!
– Менің мазағым ештеңе емес. Аталаспыз ғой. Басқалардікі бәле болады, бала-а-а...
– Ашып айтыңызшы. «Әкесі өлгенді де естіртеді» демей ме?
– Сен атаңды өлтіргелі тұрсың, бала-а-а! Өліп қалған атаңды қайта өлтірмексің. Білдің бе-е-е? Бабаңды-ы-ы.
– Тоқ етері не? Жұрт жинала бастайды сәлден соң. Тездетіңізші!
– Жұрт жиналмай тұрғанда жылдамдат. Бабаңның басын жасыр. Ақ матамен. Мынау мүсін – ол кісі емес. Анау көшенің атын алған қойма меңгерушісіне ұқсап кеткен. Білдің бе? Ал, сол қойма меңгерушісі мен сенің мына бабаң ба, атаң ба, екеуінің арасында өсек-аяң өршіген. Сенің атаң ба, бабаң ба, әжеңді сол қойманың бастығынан қатты қызғанатын. Сенің әжең балабақшаның зәбидешітұғын. Қойма мен балабақша қатартұғын. Мұның бәрін Қалтарыс ауылының қақсалдары беске біледі. Ертең-ақ елің гу ете түседі. Мендей дертке дауа табарсың. Түкірерсің. Ал, ауыл өрт шығарса, өшіре алмайсың. Өзің де өртенесің де кетесің. Арзуым осы. Барды ма бірдеңе?
Түкіргіш директор мектеп пен мешіттің қақ ортасында қатты қиналыпты. Түкірмекке тырысса, таңдайы құрғап, түк шықпапты. Ауқатбайға алақтапты. Алдамайтындай. Бабасының басын бозғылт жамылғымен тұмшалатыпты. Тездетіп.
Ымырт үйірілген шақта аудан жақтан мамандар жеткен. Мектеп директоры бабасының басын кестіріпті. Аралатып. Зілмауыр бас темір көлікке тиеліп, аудан орталығына жөнелтіліпті. Бассыз кеуде тұғырда қалыпты. Бозғылт матамен маталып.
Арада апта аунағанда, атасының басы ауылға қайта оралып, орнына орнығыпты. Салтанатты түрде ашылыпты. Ескерткіш-мүсін. Қалтарыс жұрты: «Жетпіс пайыздай ұқсайды. Жаман емес», десіпті.
Бұл хикаяны жалғастыра бермектің мүмкіндігі жоқ емес, әрине. «Не шықса да, Нәніпәтір уәлаятынан шығады». Біраз-біраз бипаздадық. Әзірше осы да аздық етпес. Жетпеген жақтарын сіздер сызғырарсыздар. Нағашыларымызға тартыңқырап, артығырақ ығырласақ, ғафу өтінеміз. Ауқатбайдың ауылындағы орта мектептің атын ақыры аудандық соттың әкесі иемденіпті. Марқұм. Мұны біз басқа біреулер арқылы естідік. Бір таңғаларлығы, нағашы ініміз қақаған қыс бойына телефон соқпады. Ауқатбайыңыз ардың зуаласын илемейтінге айналды ма, «бәле-бәтірдің» бәрін тізбелеуден шаршады ма, бізге өкпеледі ме, кім білер. Арзу айтпауға біржолата бекінген болар, бәлкім.
Қалтарыс ауылының қоңырауынсыз қораш тартқандаймыз. Қобызсыз қалғандаймыз. «Үйлесімге» әбден үйреніп үлгергендей екенбіз дә.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу