Өлеңдер ✍️

  27.05.2021
  337


Автор: Қадыр Мырза Әли

Сынасаңдар сынаңыздар, сөкпеңдер

Сынасаңдар сынаңыздар, сөкпеңдер,
Сезеді ішім — асығыстық көп менде.
Қайтем енді!
Зілдей болып басты мұң.
Барады өтіп, барады өтіп жастығым!
Бармын кейде бөрі болып ұлуға:
Барады өтіп сұлулық та, сұлу да!
Қызығына тоя алмадым жалғанның,
Қашан тоям!
Есептеулі қалған күн!
Адам уақыт тізгінінен ұстар ма?!
Оралды, әне, құстар екеш құстар да.
Аяқталмай жатқанда көп жұмыстар,
Келмедің деп өкпелейді туыстар.
Оқырманның алдындағы жыр бітіп,
Ақша қардай аппақ парақ тұр күтіп.
Көптен бері, көптен бері сарылып,
Күтіп отыр қыр астында кәрілік.
Барады өтіп, барады етіп бәрі де,
Көмектеспес ішірткің де, дәрі де!
Көңіл жүйрік болғанменен, ой баяу!
Қалай ғана асықпайсың, ойбай-ау!
Ақылды ұрпақ жөнсіз сөге көрмеңдер,
Алып ұшқан асығыстық бар менде.
Рас, рас, асығыстық бар менде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу