Өлеңдер ✍️
Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей
Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей
Ғұмыр қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Өмір! Өмір!
Ағызып өте шығар
Демалыстың ақырғы күндеріндей.
Мұның өзі әрі наз, әрі шыным,
Күйігіңді баспайды дәрі, шылым.
Бұл заманның қарқыны сондай қатты:
Бәрі жедел,
Бәрі тез,
Бәрі шұғыл.
Түрлі адамдар түрліше күн көреді.
Біреулер су, біреулер у береді.
Сен өмірге келіп те үлгермейсің,
Біреу сені жамандап үлгереді.
Уақыт осы —
Ол шұғыл қозғалады.
Тәрізді өмір тамыздың тозғанағы.
Бесігіңнен шығып та үлгермейсің,
Мектебіңе баратын кез болады.
Бір өртеніп, бір өшіп қыр гүлдері,
Босамайды өлеңнен жыр мінбері.
Өзің бала боп жүріп,
Бір балаға
Әке бола қаласың бір күндері.
Кеше қандай батыр ең,
Жау жүрек ең,
Жарың қандай жас еді елжіреген.
Бір күні ол кемиек кемпір болып,
Шал боласың сен өзің мәужіреген.
Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей!
Қызық қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Өмір! Өмір!
Ағызып өте шығар
Демалыстың ақырғы күндеріндей.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter