Туындылар ✍️
ТІЛЕК АЙТУ, ДОСТЫҢ ТУҒАН КҮНІН БАСҚАРУ
Досым, қарапайым сұрақ қойғым келіп отыр. Сен тілек айта аласың ба? Иә достым, тілек айту да оп-оңай шаруа емес. Тілекті ойланып барып айтқан дұрыс. Елдің бәрі айтатын сөзді сен айтпа. Көп балалар: «Аспанымыз ашық болсын, ауырмаңыз» деп жатады. Иә, ол жақсы тілек. Бірақ адамдардың бәрі айтқандықтан, ол тілек онша дұрыс қабылданбайтын сияқты.
Мысалы досыңның туған күніне айтылатын тілек, досыңның жақсы
қасиеттеріне, оның ата-анасына қаратылып айтылады. Мысалы: «Досым Дәурен, менің сен сияқты досым болғанына қуанамын. Сенің өте жақсы қасиеттерің бар. Сен адалсың, өтірік айтпайсың, үлкендерге де, кішілерге де көмектесесің, ата-анаңды, ұстаздарды сыйлай аласың. Менің саған ұқсағым келеді. Бүгінгі сенің туған күнің мен үшін де үлкен қуаныш. Бірінші сендей маған дос сыйлаған сенің ата-анаңа рақмет айтқым келеді. Ата-анаңды өмір бойы жеңістеріңмен, адамгершілігіңмен қуантып жүре бер. Достығымыз мәңгілік болсын!» деп досыңды құшақтап, сыйлығың болса, сыйлығыңды беруге болады. Ал анаңның туған күні болса ше? «Ардақты анашым, сізді туған күніңізбен құттықтаймын. Сіздің туған күніңіз біздің отбасының ең ұлы күні. Себебі ол күн – Сіз өмірге келген күн. Сіз маған (бізге) әлемнің жарығын сыйладыңыз, сіз мен үшін түн ұйқыңызды көп рет бөлдіңіз, көп еңбек еттіңіз. Сіздің жақсылығыңызды санауға мен білетін сан жетпейді. Сондықтан сізге денсаулық, әдемі тыныш өмір, отбасыңыздың, жақындарыңыздың жанында болғанын тілеймін. Мен сізді өте жақсы көремін!» деп, құшақтап, өзің қолыңнан жасалған ғажап сыйлықты тарту етсең, ана жүрегі шаттыққа толады.
Түсіндің бе, достым. Шын жүректен қарапайым ғана сөздер айтсаң жақсы тілек болып шыға келеді.
Тамшы сөздер:
- Тілек –жақсы энергия. Жақсы тілек адамды өсіреді.
- Тілек айтқанда сенің жаныңның биігі де, төмені де көрінеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter