Туындылар ✍️
ЕГЕР ТУҒАН КҮНІҢДІ ТОЙЛАСАҢ?..
Достым, әр бала өзінің туған күнін жақсы көреді. Солай ғой... Себебі ата-ана, туыстары, достары сыйлық әпереді, туған күнді мереке сияқты атап өтеді. Осыған байланысты да бір сабағымызды арнасақ, қарсы болмайсың ба? Туған күн деген – айтулы күн. Ол сені бір жасқа есейтіп өсіретін күн.
Адам баласы өскен сайын ақылды болады (болуға тиіс). Себебі бір жылда ол қаншама ақпараттарды тыңдайды, көреді, қаншама сөздерді үйренеді, ұстазынан, ата-ана, туыстарынан өмір өнегесін үйренеді, жақсыны да жаманды да, қуанышты да қиындықты да көреді. Солай, бойы да, ойы да өседі. Сол себепті кішкентай кезіңнен ойланып үйрен. Мен қай жағынан өстім, не білдім, бір жылдың ішінде қандай жақсы, қандай жағымсыз нәрселерді жасадым деген сұрақты өзіңе қойып, жауап беріп үйрен.
Кейбір балалар туған күнінде ата-анасынан үлкен сыйлықтарды алып беруді талап етеді. Жалпы ол дұрыс емес. Ата-анаң сені өмірге алып келгені, саған жақсы тәрбие бергені – үлкен сыйлық. Сол үшін ата-анаңа өз туған күніңде сен құрмет көрсетіп, сыйлық жасасаң болады. Олар саған қандай
сыйлық дайындаса да сен ренжімей, қуанып қабылда. Достарың да сыйлық
алып келсе, аз, көп демей қабылда. Себебі сенің достарың да әлі сен сияқты, олар саған сыйлық жасау үшін ата-анасынан ақша сұрайды. Ал сен білесің барлық адамдардың жағдайы бірдей емес. Сол себепті де сыйлықты әр бала өзі қолдан жасап, не тамаша сурет салып, өлең жазып жасауға да болды.
Достым, туған күніңде жылда тортқа шырақ жағып, оны үрлеп өшіріп жүрген шығарсың. Оны Батыстың киноларынан көресіңдер ғой, бірақ негізінде ол дұрыс емес сияқты. Бізде шырақ жаққанды дұрыс көргенмен, өшіргенді жаман ырымға балайды. Қазақта: «шырағың жансын, отың өшпесін, әкесі жаққан отты баласы өшірмесін» деген аталы сөздер бар. Түсіндің бе? Енді отыңды өшірме, шырағың жансын.
Достым, туған күніңе кімдер келді, қандай жақсы сөздер, тілектер айтты, қандай сыйлық жасады? Соның бәрін қойын дәптеріңе жазып жүр. Ол сенің өміріңнің жақсы естеліктері болады.
- Әр жылғы туған күніңді, келген қонақтарды, өзіңе қатты әсер еткен жағдайларды қойын дәптерге жазып қой.
- Туған күніңде өмірге алып келген анаңа құрмет көрсет, рақмет айт.
- Туған күніңде ашуланба, жылама, себебі алдағы бір жылға бағдарлама жасалады.
Туған күнімді ата-аналарым жасау керек деп, өзің қатысушы ғана болып жүрме, қызық ойындарды өзің ұйымдастырып, келген қонақтарға өскендігіңді, көп нәрсе білетіндігіңді, ата-ана, достарыңды сыйлай алатыныңды көрсет.
Тамшы сөздер:
- Туған күн – бір жасқа есеп беретін күн.
- Туған күн – достарың мен туыстардың ақ тілегін алатын күн.
- Туған күн – ақыл биігіне бір саты жоғарылайтын күн.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter