Өлеңдер ✍️

  18.05.2021
  175


Автор: Қадыр Мырза Әли

Даламыз бен баламыз

Сағыныш сары перідей
Сезімді жаншып,
Булығам:
Аранға түскен бөрідей
Аспанға қарап ұлыған.
Көңілім менің ауылда,
Көлбеген жазық далада.
Көндігіп дүлей дауылға,
Көндікпей қойдым қалаға.
Адырда,
Белде,
Ылдида
Ат мініп түлкі қусам ба?!
Көңілім менің ылғи да
Қазоты менен жусанда.
Арманым менің ықпайды
Айтқанмен ақпан боранды.
Есімнен әлі шықпайды
Ебелек пенен тораңғы.
Аралап ойым жүреді
Ауылдың қора, албарын.
Түсіме жиі кіреді
Түлкі тымақты шалдарым.
Жапанда туған жыр қандай!
Жырсыз ғой талай өтті түн!
Қол бұлғап маған тұрғандай
Көкжиектегі көк түтін.
Бізден басқа да бар тағы
Байлаулы сонда кіндіктер.
Алыстан ыстық тартады
Ақ жаулықтар мен күндіктер.
Бәрі де, Бәрі дарынның
Тартады әсте қанына.
Өкінем
Балаларымның
Далада тумағанына...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу