Өлеңдер ✍️

  17.05.2021
  192


Автор: Роза Сейілхан

Жан дүнием шаршады езілуден...

Жан дүнием шаршады езілуден,
Соның бәрі түйсіну сезінуден.
Қайғырмайтын, түкті де ойламайтын,
Пенделердің болмайды кезі мүлдем.
Арманымды қашан мен жоғалтқалы,
Басқа болғам, сезімді тоналтқалы.
Менің жаным тұратын өртенуден,
Шырпыға ұқсап қалады қораптағы.
Мезі болған жан едім бәрінен де,
Жоқ демеймін, үміт көп әлі менде.
Бар салмағын тағдырдың көтеретін,
Менің нәзік жүрегім зәру емге.
Бақытым бар кезіккен сорым болып,
Барым да оңып тұрған жоқ, жоғым да оңып.
Ақылынан алжасқан ақымақтай,
Мендік емес бір жанның жолын қорып.
Сезімімді жүргенім сарқып алып,
Бар азапты арқама артып алып.
Тасып жатқан өзенге өкпе айтып ем,
Суын шашты бетіме шалқып ағып.
Есін жисын деді ме, ұқпағамын,
Қопарылған жанымды құптар ағын.
Адалдықтың алдында аласардым,
Биіктерге сол екен шықпағаным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу