Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  303


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Ойындар

О, балалық, сен не деген бақытты ең –
Қармайсың бармақтардың астына,
Бір жымисаң жібітесің тасты да,
О, балалық, сен не деген бақытты ең!

...Жер-әлемге жайып тастап шуақты,
Бір алтын шар көтерілді күн атты.
Әйнектерде сәулесі тұр дірілдеп,
Дірілдейді менің атым, «бүгін» деп.
Ұқсаң еді аптығымды сен менің –
Бүгін, бүгін, кеше неге келмедің?!...

Балалар да оянды, әне, төсекте
Жатыр «күшік», «қояндар» да, «есек» те.
Көктемеде төлдеп бәрі «өсед» деп,
Тұрды бір саусағымен есептеп.
Содан кейін басталды ойын, кетті олар
Әппақ нанмен бірін-бірі кесектеп.

Ракеталар, самолеттер, көп анда,
Бірі қонып, бірі ұшады табанда,
Шабуылды бастады әне, бір «батыр»
Конфеттерден қаланған бір қамалға.

Көк шыбықты мінбейді олар ат қылып.
Ойнайды тек «ракетаны» лақтырып.
Содан кейін жалықтырып бұл да оны,
Қулық ойлар құрбысына күлгелі.

Енді бір сәт: күй тыңдаймын, күй дейді,
«Аққу көлі» балетіне билейді.
Шаңның өзі күн алдында алтын шаң,
....Ей, нәресте, күнге талпын – талпынсаң!

Сыңғырлайды күміс жапырақ, салқын бақ,
Самал есті ақ әжедей аңқылдап.
Самал-әже асығады әрдәйім,
Нәрестенің сүю үшін маңдайын.

О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Күндемеймін, күндемеймін, қарағым,
Сендер жәйлі жазылған жыр парағын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!

...Кеуделерде тұтанса ойлар күркіреп,
Соның бәрі бір үміт пен бір тілек:
Балалардың ойыншығымен қолдағы
Үлкендер де ойнамаса болғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу