Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  374


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Монологтар

Пәк сезімдер – қанмен бірге тамырларға таралған,
Бұл жүректе болмас тамшы арам қан.
Мен – пәктіктен,
Пәктік менен жаралған,
Қос тамырмыз, бір топырақтан нәр алған.
Сондықтан да, сондықтан да, жер, сенен.
Фонтандай боп атып шыққан тентек ем...

О, туған жер, қасиетті топырақ,
Жапырақтарың кеудемде тұр қалтырап.
Күзгі күннің қабағы боп шытынам,
Жазғы күннің жанары боп жарқырап.

Күрек ұстап үйренсе де қол мына,
Жат болмады мылтық пенен домбыра.
Кейбір күндер тастап жатса мол мұра,
Кейбір күндер күл тастапты орнына.

Жаңа үмітпен нұрланды қыр, атып таң,
Күнді күтпен төсегімде жатып паң.
Ұяламын ұйқым үшін уақыттан,
Қырсық жасап алмайын деп Бақыттан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу