Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  212


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жалғыз қол

Отырды ол таңертеңгі сәуле астында,
Ойымен өткен күнге жалғасты да,
Шыға алмай шым-шытырық оқиғадан,
Сан рет санап бәрін адасты да.
Алдында жатқан қалың қол жазбасын
Итеріп әрегірек, көз жазғасын.
Тұтатып сөніп қалған трубкасын,
Шалқайып, креслоға қойды басын.
... Еліне атақ-даңқы кеткен асып,
Бір кезде аласапыран кекке басып,
Жорықтың жойқын жолын бастан кешіп,
Өлімнен жеңіп шыққан көп таласып.
Айналған ертегі-аңыз, өлең-жырға,
Тасыған абыройы нелеп жылға,
Ер еді ол анда-санда бір жарқ етіп,
Туатын тұтас тұлға біздің қырда.
Ал кәзір қырау жапқан тәкаббар бас,
Қалпына қайта басып қарап қалмас,
Иілмей, иілу білмей сорлатып тұр,
Күндердей жарқылдаған жарақты алмас.
Кім біліп, кім ұғады іштегі өртін,
Майданның ортасына түскен еркін.
Жайылып арғымағы далада жүр,
Кісінеп күнде келіп түске енетін.
Қалғиды қара наган қабырғада,
Симаған қан сайыста кабургада,
Алдында жатыр анау қызыл дәптер
Бастаған тағы жазып «жорықнама».
Бөлмеде қалықтайды түтін ұшып,
Саңылаудан самиянға ұмтылысып,
Солардай өткен күндер бұлдырайды
Қиялдың алаңына бір шығысып.
... Телефон шылдыр етті.
—Алло! — Бұл кім?
—Полковник,
сіз бе осы тындап тұрған?
—Мүмкін.
—Өзің кімсің?
—Жауынгер Досов есіңізде ме?
—Кәзір барам, міне шықтым...
Аржақта трубка тез салынды да,
Үн тұрды шырылдаған әлі мұнда.
Полковник бір мезетте қалды қатып
Қалшиып сол отырған қалыбында.
Кеңейіп үлкен көзі одан әрман,
Түйіліп қалын қабақ о да қалған.
Миының архивінен бірдеме іздеп
Қалпы бар тез таба алмай қапа болған.
Көптен соң қоңыр жүзі күреңітіп,
Қадалды екі көзі енді тіп-тік,
Орнынан атып тұрып, ерсіл-қарсыл
Еденде жүріп кетті басып дік-дік.
Есіне қаулап келіп қайта бәрі,
Баяғы майдан төрін қайталады.
Зырылдап кинодағы лентадай боп
Самсады оқиғаның сан тарауы.
«Япырау, сол болды ма жаңағы адам,
Қалайша аман қалған, аман қалған?!»—
Деді де, өзіне өзі сөйлеп кетті:
— «Ендеше бұл оқиға былай болған».
* * *
Қанды ұрыс. Қар мен түтін араласқан,
Теңселіп қазалы жер, қаралы аспан,
Мұз шеңгел, қызыл соқта қым-қуытта
Тоймастан ажал жебір аран ашқан.
Айқас бұл ең керемет. Москва үшін,
Баспалап жау төгеді басты күшін.
Зіл-зәлә, жан көрмеген, бір алапат
Жан-жақтың оқ бітеген бос қуысын.
Сау қалмақ деген үміт жоқ адамда,
Ондырмай оқ бораны борағанда.
Бауырлар, отандастар баудай түсіп,
Толады қолқа, жүрек қара қанға.
Дәл бұл жер кешегі аман село еді бір,
Қалмады бүгін бүтін жалғыз тұлдыр,
Жұлмалап темір ауыз, бір жалмауыз
Құрдымға жоқ болғандай қаңғыр-күңгір.
Қазылып тамырымен қалың орман,
Шіліктей жел жапырған халы қалған.
Баяғы базарлы өмір тойы быт-шыт,
Жас үміт жатыр отқа жанып арман.
Осылай аза салып, аймақ жылап,
Тас бітіп құр жарғақ боп қалған құлак,
Орыстың алтын айдар шіркеулері
Күңреніп жоқ болады жардан құлап.
Осынша зіл-заланың ортасында,
Малынып қызыл нөсер қан тасқынға,
Алты күн арпалысты батальон
Ажалдың ойнақтаған оты астында.
Ақбоз ат ыс-түтіннен қарауытқан,
Жаралы, ыңырсыған жан ауыртқан.
Аттайды адамдардың арасымен,
Күн шықты күреңітіп жаңа бұлттан.
Бір жерде батыр біреу жан ұшырып,
Қолының шапшып көкке қаны шығып.
Жақындап келді де оған тани кетіп,
Атынан ырғып түсті Момышұлы.
Маңайда жаралыны жинап жатқан
Шақырып санитарды жылдамдатқан,
Қаудырлап шолақ тоны ол келгенше,
Көк шыбық алды кесіп бір бұтақтан.
Қақ жарып ортасынан жасап істік,
Жетіп кеп жаралыға құстай ұшып,
Ілініп сіңірінен салақтаған
Оң қолды қылышпенен шапты қыршып.
Санитар көзі шықты шарасынан
Қарауға шыдай алмай дәл осыған.
Тамырды шыбықпенен қысып байлап,
Ауаны өткізбестен арасынан,
Шинельдің жыртып алып өңірінен
От жағып, көңірсітіп көмірімен
Жараның ауызына шыжылдатып
Басты да, санитардың көлігіне
Жіберді көлденең сап,
«қош аман!» — деп,
— Кетіпті мен келгенше сонша қан көп 
Білмеймін қалар тірі, қалмасын да,
Тапсырдым ендігісін мен саған,— деп.
Солдаттың әкесіндей, ағасындай,
Жалғанда жалғыз медеу, жан
ашырдай,—
Жол тауып қапылыста талай шыққан
Бәукеңнің тірлігінің бәрі осындай.
Содан соң қанды майдан қайта кешіп,
Тағдырын батальон шебер шешіп,
Командир кете барды от ішімен
Талай күн жау қамалын оқпен тесіп.
* * *
— Ассалаумағалайкүм, батыр ағам,
Жүзіңнен, айналайын, жарқыраған,
Соңдағы інің мынау, өзің бір кез
Ажалдың құшағынан тартып алған.
Шашым ақ, мұртым бурыл мен де
шалмын,
Деп едім тірлік болса, жолығысармын! —
Салмағын содан соңғы жылдарымның
Мінекей мынау жалғыз қолға салдым!
— О, пәлі, жігітім-ай! Жігітім-ай!
Жібердің көңілімді жібітіп-ай!
Жарқыным, аман қапсың, құтты болсын,
Көзіндей батальон, бір құтындай, —
Деп Бәукең қалды мәз боп, сүйіп құшып,
Бір сәтке жүйесімен босай түсіп,
Бір кезде қатуланып:
Встать! — деді.
Жалғыз қол сонда орнынан тұрды ұшып.
Сарт етті! 
Қолы неткен шапшаң еді!
Сол қолмен жауын талай атқан еді!
Ол бірақ баяғыдай наган емес,
Сарт еткен күміс сағақ шампан еді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу