Өлеңдер ✍️
От ішінде
Жалғыздық қандай жаман ед
Мына бір қапас өмірде,
Қуанышқа ортақ адам көп,
Ешкім жоқ қайғы бөлуге.
М.Ю.Лермонтов
* * *
Күн жақта терезесі шағын үйдің
Қос бөлме, ішінде аз жиған бұйым.
Төргі үйде бір керуерт, кішкене стол,
Ілулі бұрыш жақта тұрған киім.
Үстінде кітаптар тұр сол столдың,
Даланың тұңғыш көрген алыс қойнын.
Ашулы жатыр беті «Детский мир» −
Және бір әңгімесі Толстойдың.
«Талаптың пайдасы» деп басын бастап,
Қойыпты, ақ бір бетті ашып тастап.
Әрірек кең қағазда кесте жатыр,
Болған ба көз көрмеген әріпті ашпақ?
Дыбыстың не бір сұлу өрнектері
Мөлдіреп, қызықтырып «кер - деп - мені»,
Қарайды сол қағаздан тосын көзге
Адамның келешегі, қол жетпегі.
«Таулардан су ағады сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған»
Деген бір жақсы өлеңнің бастамасы
Жазылып, болмай қалған арты тамам.
Ауызғы үй... бір қызықты қара мұнда!
Ұстаз да, екі шәкірт бала мұнда!
Тақта тұр қара сырмен қойған бояп –
Бұлардың күнгей бетте, дәл алдында.
Ыбырай ажарында өзгеше нұр,
Өскендей күндегіден жүз есе бұл.
Осылай болар адам қуанғанда,
Тек соның сол шағына кездесе біл!
Бөлтірік, Әбілқасым отыр қаста,
Ұқтырмай, серт еткендей ол тынбасқа.
− Жаңағы жазғаныңды саспай жайлап,
Ал, кәне, енді бірің оқып баста!
− Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бар, кессе басың шындықпенен! –
Деп, жайлап кестесін де, мағнасын
Бөлтірік оқып шықты ұғып терең.
− Бүгінге болар осы бір тапсырма,
Әріптің зер салыңдар тұлғасына!
«С» әрпін, Әбілқасым, теріс салдың,
Қыздардың ұқсап кетті сырғасына!
Ду етіп, мәз боп бәрі бірдей күліп,
Сөз дәмін, әзіл парқын дәлдеп ұғып,
Осылай оқуменен күн өткен-ді,
Бір ұстаз, екі шәкірт бірге тұрып.
...Үйіне Ыбырайдың жиылған дос,
Кезі еді көктемедей көңілдің хош,
Мария Ивановна әм Соколов,
Осында өткізетін мезгілін бос.
Тумадай ЬІбырайға болып жақын,
Тек бұлар сол қауымнан оны ұғатын.
Халық деп, ел қамы деп сөйлегенде,
Пікірлер бір тораптан жолығатын.
Баяғы алғаш көрген күннен бастап,
Мария жас қазақты жүрген қоштап.
Орыстың озат ойлы не сабазын
Сан оқып, көкейіне түйген жаста-ақ.
...Дәл қазір Әбілқасым ән өрлетті,
Қанатын жазып үйде өнер кетті.
Жайылып жанға тыныс, денеге қан.
Сазды үн самал желдей тербеп өтті.
Шымырлап өне бойы отырғанның,
Үрледі ғажайып ән отын жанның.
Жас қазақ таңырқата тамылжытты –
Жасынан кеудесіне толтырған үн.
Сол әнде туған дала бар ажары,
Көк өзен, шалқар келі - құс базары.
Кең жайлау, сәнді кеші, жас құрбысы...
Қарайды қасын қақпай ұстаз әлі.
Алысқа жаңғырығып сол үн барып,
Жатқанда сырттағыны баурап алып,
Әншінің үйде, мұнда көпке дейін
Тұрады көкірегі күмбір қағып.
Ән тынды, балқытып боп жанның бәрін,
− Шіркін-ай, неткен өнер, қандай жалын! –
Кім білген далада өскен жас балада,
Мұншама сұлу көмей, таңдай барын! –
Деп Мария: - өнер сирек, өнер сирек!
Қалғандай тыныс тоқтап, дене күйреп,
Қандай ән! Аты не еді бұл ғажаптың?
− Дейтін бұл ән төресі: «Он екі ирек!»
Ыбырай түсіндіріп онан әрі,
Сөз кетті ән туралы даладағы.
− Бұл өнер арнап айтар сөзге тұрмақ,
Қазақтың сізге тосын жаңа жағы.
Қараңыз байқап ылғи бұл ғажапты,
Табиғат өнер отын қырға жақты.
Таппайсыз қанша шарлап іздесеңіз,
Бір ауыз өлең білмес бір қазақты?
Өнерге тұр тұтасып мына дала,
Дарынды әр адамы туған ала.
Амал не, көзге түспей кей-кейде бір,
Жатпай ма оқшау бұлақ жылап аға.
Дәл сондай бұл талантты елдің хәлі,
Жуылмай көкіректен шерлі зары.
Сол дерт қой мен қаңғырып емін іздеп,
Жүргенім, бұл жалғыздың келді ме әлі?
Ұғымтал, зеректігін біліп алып,
Мешітін ел ішінен құрып алып,
Татардың молдалары кетті қаптап,
Білгішсіп Мұхаммедтің дінін анық.
Қазаққа екі жолмен келді Ислам,
Шектескен Россияға бұл тұсынан
Таратты келіп татар имамдары,
Өзбектер енді түстік, шығысынан.
Барады татар жағы басым жайып,
Кең жолды қойған олар ашып алып,
Мың-мыңдап үлестірді қазаққа әкеп,
Құранды әз тілінде басып алып.
Бәрінен қауіптісі бұл жағдайдың,
Менің де жүрегімде жүрген қайғым –
Қазақтың тіліне көп кеселі бар,
Жалғыз-ақ құтылатын жол бар дайын.
Ол - қазақ мектебінің ашылмағы,
Білімді өз тілінде алсын бәрі.
Тек сонда пайдалы не, зиянды не,
Түсініп, санасының аршылмағы.
Қазақты басып жатқан улы індет,
Пайдасыз кәсібіне туды дін - дерт.
Арылту, бір құтқару дер кезінде
Сол - мектеп атқаратын ұлы міндет.
Алдымен мектеп керек!
Он ба, жүз бе,
Сол үшін бар мүмкіндік ойла да, ізде!
Бұл қалың қара түнек қырсықпенен
Болады алысуға сонда бізге!
Ал, тарихи маңызын бұл мектептің
Көңіліне жеткізуге күнде көптің
Дәл қазір мүмкін емес. Қаупі мықты
Елдің ең зұлым жауы – дін демектің.
Шалқайып, шам шығарып жатып алса –
Ол бір сор - ұзын жанжал арты қанша!
Бала да ие емес пе бір әлекке
Қолынан уанғанын тартып алса?
Мәжбүрсің алдамаққа алғашында,
Бұл оның шешілмеген пайдасына,
Тек қана ішің білсін. Тар шатқалаң
Көндірмек көзге қарап, жай басуға!
Изейді достар басын ұйып тыңдап,
Көргендей ой сарайын биік, жұмбақ.
Дей ме әлде: «Мына адамның тұлғасында
Құдірет бар, алысқанын жығып тынбақ!
...Ояздың кеңсесінен бір адам кеп,
Екі хат әкеп берді, жұқа конверт.
Айтты ол кетерінде: «Майор сізден
Өзіне кеп кіруін сұраған! - деп.
Оқыды Ильминский хатын іштен, −
Қайран шал жазған екен сағынышпен!
Деді ол бір жадырап достарына,
Адамдай жан сусынын қанып ішкен.
− Депті ол бәрін айтып, хат соңында
Қазақтың қанықсың ғой салт, заңына,
Соларын, жақсы жырын, аңыздарын
Арнайы жазып жібер дос шалыңа!»
Бұл істі бастап жазып жатыр едім,
Шалымның орындауда бар тілегін.
Сұрапты екінші рет көп өтініп,
Әуелде бір уәде айтып едім.
Ал енді не дейді екен екінші хат! –
Деп ашып, қабақ шытты оқып бастап.
− Келіңіз Орынборға дереу тығыз,
Жұмыстық, жоқ сылтаудың бәрін тастап!
«Генерал Проценко» деп қол қойған.
Үй іші бұл бұйрыққа қалды қайран.
Бәрінің көңілінде тұрды күдік:
«Бұл не еді? Басталды ма тағы да ойран?...»
* * *
Бұлыңғыр. Таңбасы жоқ бұлтты аспан,
Төсіне суық торғай шығып қашқан,
Тағы да тіршіліксіз жапан дала,
Жадаудай көп жалыққан шыр жұқпастан.
Бір апта күн көрінбей кетті көктен,
Қар сеппей, жел естірмей көкіректен,
Бұлт тұрды құрғақ киіз секілденіп,
Тұтасып жердің шеңбер шетін өпкен.
Сол бұта түз бойында таныс қара,
Сырласқан желмен тана алыс дала...
Күн сайын әр қыстақтан ертеңгілік
Асығып жолға түсті жалғыз шана.
Жарау ат дара жеккен жұлқып алып,
Жөнелер шығып ұзап бүлкіл қатып.
Мұндайда жеке жортқан жануар да
Жаныңды елегзітер бір тың бағып.
Әйткенмен жолдын, шеті қалмады алыс.
Жұмсалса аздап шыдам, сәл ғана күш.
Сонау бір көк иықтан түскенде асып,
Көрінбек көзге ежелгі қала таныс...
...Жайықтың жағасына жайып қанат,
Қазақтың даласына анық қарап,
Жіберіп жіті көзін түз қойнына,
Тесінен алуан түрлі жарлық тарап,
Жүз тарау жолдың ұстап бір түйінін,
«Даланың менде жатыр кілті қиын!»
Дегендей асқақ үйлер тас қабырға,
Шалқиып биікте тұр, сілкіп иін.
Мың дыбыс араласқан ауасында,
Тіршілік тасып сыймай қанасына,
Таңданар аузын ашып, көзін жұмып
Қазаққа «кереметтің» бәрі осында.
Тақаббар мына күйде әкім қала,
Сонау бір әміршіге жақын қала.
Ол қайтсін күшті болмай, сұсты болмай,
Алдында басын иіп жатыр дала.
Неғұрлым көнбіс болса қарашасы,
Аспай ма билеушінің парасаты?!
Өрмелеп шеннен теңге жатыр мұнда,
Табылып дәрежеге жана саты.
Биіктен мақтау күтіп, сыйлық тосып,
Бастарын қысқа күнде қырық қосып,
Табуға науқан іздеп көлденеңнен
Далаға барып қайтып шығып, босып,
«Ғажапты», азапты да қолдан жасап,
Айқайлап, атойласып жиып жасақ,
Жоқ жерден жау өсіріп, тапқышсынып,
Құрығын қисыны жоқ қиынға сап,
Жүретін «қырғын жолдың» саны түгел –
Жиылған бұл қалаға. Жанын тігер
Шен десе, атақ десе, дәмелі көп.
Жатса да жұмысы жоқ зәр жұтып ел.
Бар мұнда бәсекесі салтанаттың,
«Сән жиды, ақша тапты қалталап кім?
Кімде бар сирек мүлік, асыл жиһаз?
Кім жейді қанша түрін дәм, тамақтың?
Ең қымбат зат келді ме қалаға бір
Кім алды күші жетіп соны қазір.
Оны алмай, жарқыратып үйге әкелмей,
Ойыңды, күлкіні де қоюға әзір.
Ақ бұғақ, асыл моншақ не бәйбіше,
Риза үстін жібек орай берсе.
Үлпілдеп кер миықтар жүрсе екен бір
Мәңгілік онысына «құдай» көнсе.
«Сәлемде бізден барсаң жездем сорға,
Қой айдап кетіп еді Орынборға»,
Деп, қазақ ақ еркесі ауылда жүр,
Жеткізген биқасапқа қолын зорға.
...Қаланың ауызында темір көпір,
Қайысып өтіп жатқан қара нөпір.
Шөп тиеп, ағаш артып, малын айдап
Кетпейді кешке дейін қалың топыр.
Манағы жалғыз шана содан өтіп,
Келеді топ ішінде қылаң етіп.
Алыс жол артта қалып азабы ауыр,
Жақсы-ау бір мақсатыңа тынсаң жетіп!
Басыңа қиындықтар түйдек келіп,
Жақсылық нұр сәулесін сирек сеуіп,
Қайысып бел омыртқаң шақ көтеріп,
Қайқайып шыға берсең илеп, жеңіп.
Сонда бір рақатқа батпайсың ба,
Тірліктің қызық сәтін таппайсың ба?!
О, шіркін пендешілік, бәрі де ұмыт,
Өткенді көңіліңе сақтайсың ба?
Алайда біздің мына жолаушылар,
Қалпы жоқ ол сезіммен ой асырар.
Осылай түнереді қысты күні
Қар шалған жапырағын дара шынар.
Мықтыбай өткен түнде керген түсін,
Айтуға бата алмайды, кернеп ішін
Тұрса да, жақсы ағасын қияр ма ол,
Демейді қайратынан ер кемісін.
Қарайды жүзіне тек анда-санда,
Көңілін бір мазасыз ой басқанда.
Кескіні күреңітіп, тартады ақшыл.
Сөйтпей ме іште қиял арбасқанда!
Байқайды қалпын оның қобалжыған,
Қажу да араласқан, жол алдырған.
Көзіне көзі түссе жымыяды,
Қайтадан бұрып бетін алар жылдам.
Тағасыз ат тұяғы тайғанақтап,
Тиеді тасқа барып қайта тақ-тақ.
Даланың еркін шапқан сәйгүлігі
Қарайды түсер жерін жалтақ-жалтақ.
«Ат елең атқосшы елең, көңіл елең,
Тынады мынау істің жөні немен?
Бір уақыт сенделетін жолы бұлдыр,
Осы ма шартарабың өмір деген?»
Ойы сол оның күдік бұл шағында
Белгісіз сүңгігендей бір сағымға.
Жұпыны жадау шана кіре берді,
Қаланың сұсы басым құшағына.
* * *
Тар бөлме... Тұтқын орны бұл қамаған,
Түспейді, ұзақты күн нұр даладан.
Арман-ай, еркіндікте жақсы екен-ау
Шалқайып аспаныңа бір қараған!
Дариға, кең дүние, жердің үсті,
Көзінен тұтқын жанның бір-бір ұшты.
Бар ғой деп ойлап па еді сол дүниеде,
Осындай қапас ауа, бір бұрышты?!
Тұрғанда аспан ашық, жалындап күн,
Жарықты бас аманда сағынбақ кім?
Адамға тіршілігі, еркіндігі –
Өлшеусіз сыйы екен ғой табиғаттың!
Туған жер асқар тауы, ақ бұлағы
Өзен-көл, жазда жұпар көк құрағы,
Жайқалған самалы мен майса шөбі
Көмілген түссе ішіне аттың жалы.
Қырында қызғалдағы, бәйшешегі,
Аунаса барқыт түгі-жан төсегі.
Соларды көре беру бақыт екен.
Қараудың еркіндікте бар ма есебі!
Ал міне, жалғыз қарау мұң боп қалды,
Жалғанның кеше таныс-жұмбақ бәрі.
Көзіңнің көрер жері қол ұсыным,
Қиядан шалушы еді-ау бір шоқталды!
Жарықтың қасиетін ұққан жанға,
Ең ауыр тұтқындықтан жаза бар ма!
Сәулесі жомарт күннің бұйырмаса,
Қайғысы көңіліңнің тазарар ма!
Құрбаны әділетсіз әкімдіктің
Жауына тіл қата алмай жатыр тұтқын.
Келмеді сөйлескісі генералдың –
Дегендей «сәті түсті, қапы жықтым!»
Әрине, не тыңдамақ зордың күші,
Үн қатып не бітірмек жалғыз кісі!
Салды оны аялдатпай түрмеге әкеп,
Ашумен сермеп қалған қолдың ұшы.
Мықтыбай ас әкеліп ағасына,
Түрменің кеп сүйеніп ағашына,
Көре алмай телміргенмен, қайтады үйге
Толтырып омырауын көз жасына.
Бар деген жерлеріне барды бүгін,
Жетеді зор беделі, әлі кімнің?
Бұл істің әйтсе дағы әкімдерге
Хәл-жайы болған түгел мағлұм күн.
«Мен таныс» дегендердің ірі не бір,
Бәрі де білдірісті жылы көңіл.
Наразы қалыптары бар секілді
Тұрпайы әкімдіктің түріне бұл.
Григорьев сөйлеспекші генералмен,
Аянбас, келіп тұрса егер әлден –
Пиғылын сездіртіп-ақ жатыр қайтсін,
Бұл дағы Мықтыбайға еді дәрмен:...
...Мінекей үшінші күн содан бері,
Тұтқын жан есік жаққа қарауда еді.
Келді де бір жандарм сол мезетте: −
Бері шық, еріп тез жүр маған! - деді.
«Уа дүние, жарық дүние, сайран дүние!
Сағынып қалыппын ғой, қайран дүние,
Анамның ақ сүтіне бір тойғандай,
Ауанды жұтайыншы, арман дүние!»
Деді ол бір күрсініп, кеуде жарып,
Көзіне жетім тамшы келе қалып,
Артында аялдайтын жері жоқтай,
Үзіліп, кірпігінен түсті тамып.
Перзенті алып ыза, іштегі өрттің
Секізді жалғыз тамшы түскен жетім.
Сол жуып, жайнады да жанары енді,
Ыңғайын сездірді оның күшке енетін
Алуан ой ауқымында ол келеді,
Дәл жауап қай жалаға қай дәлелі,
Ақылдың сарабына салған шақта
Өткен күн көз алдында дөңгеледі.
Адамның мықты болса ми қуаты,
Ойында мыңның ісі, мыңның аты
Жаралып, өмір кешер әдеті ғой,
Мұның да санасында жүріп жатты
Алдағы күрес, тартыс, көрешегі,
Онымен ұлық қалай сөйлеседі,
Шығады сөз асауы қай шамадан,
Қай жерде ол мұныменен теңеседі!
Бәрі де оның бұл сәт көңілінде,
Қойылса оңай сұрақ өміріне,
Сірә да көнбегі жоқ. Бір жығылу –
Шарт емес өне бойы жеңілуге.
* * *
...Шылымды бір тұтатып, бір сөндіріп,
Теңселіп, бөлме ішінде зілмен жүріп,
Жарқылдап тұла бойы сап-сары ала,
Дауысын іштегі ашу түрлендіріп,
Ызғардың қабағына жиып бұлтын,
Тыңдаған жанға тосып биік сыртын,
Жанарын жалт еткізіп, анда-санда
Бір қарап, тікірейтіп сұйық мұртын.
Шартылдап, темір қақпан шапқандай-ақ,
Қаңғырлап, мыс қоңырау қаққандай-ақ,
Гүрсілдеп, ауыр балға көтеріліп,
Қаға алмай зор шегені жатқандай-ақ,
Сөйлеп тұр Проценко тынбай жағы,
Сұсты еді төңірегіне мына айбары.
Төрелер төр жағалай отырысқан
Тыңдапты ықласпен құлай бәрі.
− Бар кінә, Катаринский, сізден болған,
Шығарып алғансыз да тізгін қолдан,
Ұмытып әкімдіктің берік шартын
Кеткенсіз тайғанақтап түзу жолдан.
Жетпей ме орыс, татар білімдісі,
Дейтұғын ойы адал, біздің кісі.
Кім айтқан оқытсын деп бүкіл елді
Жапанда жалғыз ұшқан түздің құсы!
Шалағай, іс білмеудің салдарынан,
Әрең деп сауат ашып алған бір жан
Ортаңа келе қалды,бітті жұмыс,
Адамым осы еді деп арман қылған,
Жібере салғансыңдар талғамай-ақ,
Онсыз да бұталықсыз шалғай алып,
Барғанда шалқасынан бірақ түскен,
Білмеймін, отырсыздар қайда қарап!
Россия патшасының өз көңілін
Ұқтыру - мынау елге берген білім.
Ол емес үлестірер тегін олжа,
Бәріне қолын жайған елдегінің.
Ал бүйтіп не күтпекпіз әміршіден?
Көлденен көпке таныс заң ісінен
Бұрылу - саясаттың бір арбасын
Құлату кезсіз әкеп жар үстінен.
Болсын бұл мейлі ғалым, білімі асқан,
Мынау ел надандықтың түні басқан
Өзінен жан шыққанға түк сенбейді,
Етегін біреуінің мыңы басқан.
Ондайды жібермесе ондап, жүздеп,
Ойпырау не бітірмек бұл жалғыз! - деп,
Күдікпен, қомсынумен күні өтеді,
«Мың шүкір, білімсіз де тұрғанбыз! деп.
Жазыпты жазалауды талап етіп,
Жүрмеуге ел арызы зая кетіп,
Мен сотқа тапсырамын бұл адамды,
Үкімін айтар солар қарар етіп.
Ел кезі, ел алдында бедел күшті, −
Ұлы шарт - соны айтады билеу ісі.
Ал мына зор талаптың жолында да –
Жұмсалмақ сол биліктің өнер күші!
Осылай құйып болып, тынды барып,
Бір адам тырыс етпеді үн шығарып.
Ыбырай ишаратпен сөз сұрады,
Отырған мазасыз ой тыншын алып.
− Құп, тақсыр, сөзіңіздің бәрі шындық.
Сол шындық жолына біз жан ұсындық, −
Етіңіз бір ылтипат жауабыма,
Менің де мақсатымды танысын жұрт?
Шындықпен екі арасы жалғандықтың
Сөзімен айтсақ егер дана жұрттың,
Дейді екен: бес-ақ елі. Ол өлшемі
Көзбенен құлақ екі аралықтың.
Егерде қатар жүрсе көз бен құлақ,
Шындықты қумас еді ешкім ұзақ.
Ол рас, малын бағып талай ғасыр
Далада білімсіз де өсті қазақ.
Бұл шындық, Бұған ешкім дау айтпайды.
Зәр шындық - оның түбі азап, қайғы.
«Көгіне надандықтың, қайтсең дағы,
Білімнің еш уақытта таңы атпайды,
Ол мәңгі құрбан болып қалған түнге!»
Десе егер. Міне сол ой жалған мүлде.
Шындық пен өтіріктің мәңгі дауы
Басталмақ осы арадан қалған күнге.
Білім бір теңіздегі бір сирек маржан,
Еш жерге мезгілі жоқ түйдек барған.
Бүгін мен жалғыз екем. Соным үшін
Қаладан түрме ғана тимек маған!
Түнегі надандықтың аз болғандай,
Тағы да түрме көрсе жазған маңдай,
Бұл дағы қырсық шалған елдің соры.
Бір шырақ сөніп кетсе маздай алмай!
Бар қырсық алдыменен ел ішінде,
Жаны қас жақсылыққа кейбір сүлде
Кедергі, кесапатын тигізді де,
Себепші болды мұнда келісіме.
Табылған жалғыз ғана сондағы амал –
Қор қылып, құнсыз етіп торға қамар.
Қазақтан сорлы бар ма, бүкіл ел боп,
Бір ұлын шамасы жоқ қорғап алар!
Қазақтың надандығын басу бетке –
Көз жұмып қарау - қалың қасіретке.
Ол шындық өзге айтпаса да өзі білген,
Ем іздеп жүрсе кісі осы дертке,
Қамқорлық аға халық тарапынан,
Қоғамдап, пана беріп қанатынан,
Ұшырса талабыңның, бала құсын,
Ол алған алғыс болмақ көп атынан.
Отандас деп әйтпесе неге атамақ,
Осы сөз үлкен борыш тұр арқалап.
Ағасы інісіне өгей болса,
Өнеге, енді ол кімнен сұрар сабақ?
Бір халық түн жамылып, мал асырап,
Жарықсыз неге жатыр талмаусырап? –
Десе бір қасақы жау сыртта тұрған –
Ол - Россия атына қойған сұрақ.
Үлгісін, жақсы өнерін қызғанудан
Еш пайда болмақ емес. Қыздан, ұлдан
Қай әке қасиетін аяп қалмақ?
Тілемес жаралсын деп түз, дәмі удан!
«Белгілі қазақ білім сұрамасы!»
Деген сөз ете бекер - құр жаласы!
Бауырлас халықтарын ел қып ұстау –
Тарихта тек орыстың сыбағасы!
Ал оны қалай ұстау менің ісім
Емес ол - тарих үшін, өмір үшін,
Білімді, кешіктіру болады обал,
Жатқанда түнек жайлап елдің ішін.
Мен бүгін білім берсем он балаға,
Он бала жүзге берсе кем бола ма?
Аз ғана жылдар етіп, білім, шіркін,
Жайылып кетер еді-ау кең далаға!
Мақсатым осы менің. Бұдан басқа
Әзірге еш шара жоқ жұбанбасқа.
Ал елдің бүтіндігі үшін қауып –
Деу бірден - «дін оқыма, құранды ашпа!»
Көбеймек, құр байбалам, жалған арыз!
Күншілдік, етекбасты, дау, жаламыз.
Арбалы қырсығымыз түпке жеткен,
Қашаннан сіңіп қалған қанға нағыз.
Сол кірді қайтсек жумақ талабымыз.
Аз емес ел ішінде саналымыз.
Қазақтың аспанына шыға салып,
Тез сөніп, кеткен талант, талай жұлдыз.
Бұл халық аз болса да, талантты аса,
Ұғымтал, көзі жіті қарап қалса
Айрылмас көргенінен, үлгісінен.
Табанды, алғыр жаны талаптанса.
Қара ақыл, ойы жүйрік қисынға бай,
Ынтызар, ықласы мол, бір сұрамай
Қалмайды білмегенін тек жасырып,
Мұндай, ел, білім алмай тұрсын қалай?!
Білімді, дана қазақ, алғыр ойлы,
Такаббар дүниені сәнді, тойлы –
Таңдантып жалт қаратса өнерімен,
Емес пе Россия абыройы? –
Деді де, белгі берді тындым деген,
Жүзінде ұйып сұрақ «бұл кім?» деген
Генерал қалды үнсіз. Өзі орысша
Осындай терең ойлы тіл білмеген,
Шет жақта бір-екі әкім қарап қапты...
(Жап-жаңа бір жас қыран қанат қақты,
Қақты да, еш мүлтіксіз сорғалап кеп
Қайтадан тұғырына қонақтапты!)
− Барлық жай түсінікті! Айтылды ашық,
Көрерміз ісіңізді ақылдасып.
Әзірге сау болыңыз! Сіз еркінсіз.
Алыңыз пәтеріңізге орналасып!
Кейін біз сөйлесеміз. Хабар бізден.
Қыдыра тұрарсыз аз, қаламыз кең!
Кетпеңіз лұқсатсыз. Елдесіңіз
Соңынан кеп жүрмесін тағы арызбен! –
Деді ол, ызғарменен сырдаң күліп,
Жымиды өзгелер де бір жазылып.
Жап-жалпақ жаурынын жұртқа төсеп,
Кетті Ыбырай жіті басып сыртқа шығып.
− Қайда, аға!
− Үйге! - деді жан жүйесі!
Босаған сонда Ыбекең. - Әбден есің
Шығыпты-ау, Мықтыбайым! - деп сүйді оны
Қаусыра құшып тұрып бар денесін.
...Ал іште, бұл кеткен соң оңашада
Генерал сөз бастады іле-шала:
− Бұл дағы демократ, бола қапты!
Халықтың ортасына кіре-сала,
«Елім!» деп айқай салар жанның өзі,
Көбейіп осындайлар кеткен кезі –
Мырзалар, тағы ескертем, мынау істің
Зардабын өкіметтің көрсе көзі, −
Мойында бас тұруы екі талай. –
Айтатын бір тапсырма соған орай:
Табыңыз, Катаринский, басқа кісі,
Көрмесін бұл адамды енді Торғай! –
Тұр біздің алдыңызда ұлы мақсат,
Бұл халық Мұхаммедтің дінін тастап,
Шіркеуге кіру керек ақ ниетпен,
Надан ел сонда ғана көзін ашпақ.
Болса егер мына адамның ықтияры –
Ақиқат сол мақсатқа жік туары! –
Жаулықтың түбі неде, төрелердің
Осы бір тосын сөзден ұқты бәрі.
Отырды Григорьев үн шығармай,
Өзге бір бұдан оқшау ісі бардай.
Ол әлі ойда еді - ізгі ойда еді,
Кеткенде кабинеттен кісі қалмай...
* * *
Сапақтың үйі толы өңшең жуан... –
Ағайын, бір жақсылық - әмсе қуан!
Ыбырай жатыр дейді тас түрмеде!
Хабардар болса керек кеше дуан.
Деп едім артық қайрат бас жарады.
Болды ма құр әулігіп басқалары.
Бұл бұл ма, қол, аяғын буып, таңып,
Жөнелтіп жер Сібірге тастар әлі!
Қойды ма лұқсатқа қол жетті - деп,
Тұрғандай жалғыз өзі жер-көк тіреп,
Байғұс-ау сүйенері болмаған соң
Желбуаз неге қажет құр көкірек!
Ешкім жоқ сұрап алар біздің елден! –
Қаңғырып қарағайдан өзі келген.
Айтқаным айнымады, құрыды тез,
Әуелде-ақ түңіліп ем сөзінен мен! –
Деп Сапақ, мәртебесі жетіп көкке,
Зорайып, әулиелік етіп көпке,
Еңсесін бір лақтырып сөйлеп отыр,
Қулары қостайды оны желпілдетпе.
Әйтсе де ол айтпас сырын қонағына,
Кім қалды мынау істің обалына.
Бұл оның берік анты іште жатқан
Қызғанып, шашпайды оны топ алдына.
Сондай бір жан болады, өз дұшпанын
Мұқатып, көріп оның жер құшқанын,
Ішінен масайрарда, сыртқа шашпас,
Етпейді «мен едім!» деп ол еш мәлім.
Қайта оны аяғансып, көрегенсіп,
Ақылды алмады деп ерегесіп,
Кінәні, нашарлықты басына үйіп,
Ал өзі көп көзіне кетеді есіп!..
...Бұл сөзге қалды үй іші араласып:
− Бәсе тым кетіп еді талабы асып.
Әкімсіз әшейінде дес бермейтін,
Қалған ғой қала барып, қара басып!
− Әй, білмен, жоқ дейсің бе сүйенері!
«Кешегі Балғожаның сүйегі еді»,
Дейтұғын төрелер де бар шығар-ау,
Әкімге Торғай ғана ие ме еді!
− Өзі де оқымап па сол қалада?
Жан емес достарынан болған ада,
Қарманып жатқан шығар, қарекет қып,
Білімді кісі әрқашан қор бола ма?
− Ой, жоқты тантисың-ау, Ерден, сен де,
Әкесі бір баланың мен! - десең де,
Көп қылып құдай саған күдік берген
Сенбейсің өлгеніңе көрге енсең де!
− Ой, мынау не айтып отыр, тарт тіліңді!
Көргенмін сенің менен «артығыңды».
Айтуға болмай ма екен сірәғысын,
Шешеңнің тапқанын-ай, тантық ұлды!
− Қойындар, ау ағайын, бұл не сұмдық!
Құр босқа қайтесіңдер тіл кесір ғып.
− Қап, бәлем, қара мұның тайтаңдауын!
Жылынған жалаңаш құл күнге шығып,
Он шақты қара жинап, ұрлап, жырлап,
Бай болып, отырғанын сөзін құндап!
− Қой, Бектен, жасы үлкенмен жағаласпай,
− Тілінбей тұрғанында езуің жап!
Ақырып қалды Сапақ ашу құсып:
− Не болған бұл сендерге қарсы ұрысып!
Төбелес шыға салып, аулақ, түге,
Отырса қамшы жемей басың қышып!
Әйтпесе, тоқтатыңдар, жұлмаласпай!
Бос қаңқу, бәтуасыз шуға баспай.
Болмай ма сөз тыңдауға ықласпен,
Жұлып ап етегіңді шыға қашпай!
Ыбырай оралмайды сол кеткеннен,
Әкімдер сыбағасын жөндеп берген.
Ол - шындық, ол ақиқат құрандай-ақ,
Адамды ел суыған, ел жек көрген,
Қашанда солай етпек ақ патшамыз
Бағынып әміріне, бас баққанбыз.
Сол керек өзіне де. Әулиелік
Ешқашан сұрамаспыз қыпшақтан біз!
Тағы бір хабарым бар айтпақ менің!
Кетпейді түбі мынау шатақ тегін.
Сұрамақ елге шығып әкім ертең,
Баланды беремін - деп атап па едің?
Соныңның басына зор пәле тумақ,
Жауаптап, түрмеге сап әлек қылмақ.
Бұл іске жалғыз айла мен білетін:
Қарсы боп Ыбырайға өре тұрмақ.
Бәрін де жабу керек бір басына,
Мен кепіл елге пәле тумасына.
Өзімен өзі кетсін. «Көрдім, білдім
Болмасын, жалғыз ем сол шу басуға.
Содан соң мешіт тұрып, мектеп деген
Сөздерді тыю керек. Зерттеп терең
Оқысаң, құран сөзі көңілі ашар,
Сонымен жер қойнына жетпек денең,
Айрылма, ағайыным, құбыладан,
Бұл істің кесепатты түрі жаман.
Басыңа арашаның қамын ізде,
Айтпады деп жүрмеңдер түбі маған!»
Тарасты бұл тыныммен қалың тобыр,
Осылай темір тырнақ, қанды шоғыр
Көк шөптің арасында есуші еді,
Жаралап қол-аяқты қалпы содыр.
Ал Сапақ ек-үшеуді қасына алып,
Жоспарын енді оларға ашып анық.
Тапсырып жатты сұмдық бір әрекет,
Келешек ести қалса шошынарлық.
* * *
− Кім екен қолы күйгір салған өртті?
Мектепті түбірімен жалмап өтті!
Алыстан алдырылған ағаш, тасы
Обал-ай, бірі қалмай жанып кетті!
− Мезгілі атар таңның қараңғысы,
Ұйқыда жатқан кез ғой тамам кісі,
Үлгіріп барғанынша сол боп қапты,
Не істесін, жетпеген соң амал, күші!
Қапшықтап кар лақтырып бала-шаға,
Жан дәрмен кірісіпті бара сала.
Әйтеуір, абұйыр боп өрттің алдын
Алыпты, келіпті тек соған шама!
Әйтпесе, бүкіл қала отқа оранып,
Әр үйде жалын қаулап етек алып,
Толайым жан иесі ішінде өрттің
Ат-жөнсіз екен дейді кетпегі анық!
Сафидың жақын тұр ғой үй арасы,
Бір шоқтың қарғып түскен сыбағасы
Болар ма, қайтер еді шиеттей жан,
Жалынды сол жақтағы тура басты.
− Болды бұл ғажап сұмдық көз көрмеген,
Япырай жан еді ардан безген неден?!
Адамның аза бойын тік тұрғызған
Шығыпты-ау арам пиғыл өз кеудеден!
Елдің бір елдік қылып еткен ісін
Көре алмай ылтифатын мектеп үшін,
Ала-аяқ жұрттан шыққан сұм болды ғой,
Талайдан жүрген ыза өртеп ішін!
− Қазірет өрт орнына арнап кепті,
Қасына ертіп өңшең молда әкепті.
«Қарғысқа ұшыраған солай болмақ,
Кісі емес, мұны істеген аруақ! – депті.
− Сандырақ, босқа танту, өп-өтірік!
Қолына шырпы ұстап көрден тұрып
Келіп пе біреу соған, соның өзі
Маңына жинап жүрген елден бүлік!
Күнәкар неше жердей болсам дағы,
Мына ертті әбден мүмкін сол салмағы!
− Тек кәпір, естігем жоқ, естігем жоқ,
Сен маған айтқан жоқсың, кеш аруағы,
Жарықтық Қазіреттің! Жоғал аулақ! –
Деп мынау қашып берді одағайлап.
Аң-таң боп қалды тұрып екіншісі –
Серігі жүрген екен арам ойлап.
Ол байғұс енді ұғынды өрттің сырын,
Кетірген берекесін, ел тыншуын,
Нағыз өрт - қазірет екен жанып тұрған,
Әр жерден жылмаңдатып от тұмсығын!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter