Поэмалар ✍️
Он жеті
Амангелдінің серіктері, қаза болған он жеті ардагерге ескерткіш
I
Туған Торғай, қала Торғай, қарт Торғай,
Көкірегің көне сырға неткен бай.
Мен де аналық кұшағында ерке өстім,
Сенің жомарт пейіліңнен шет қалмай.
Әлі күнге маған ыстық әр үйің,
Әр үйіңнің адамдарын танимын.
Әр аулаға ізін тастап кетіпті
Кешегі бір жалаңаяқ сәби күн.
Ол күндердің, бал күндердің құрдасы,
Кімі ғалым, кімі ақын, кімі малшы -
Енді қазір ер жеткенде солардың
Естіледі әр тараптан үн-даусы.
Тағы да аңсап, сені еске алдым мен бүгін
Көз алдыма сонау бала келді күн.
Көз алдыма келді әжем, көп жасап
Арқалаған жеткілікті жер жүгін...
Сенің көшең жұмбақ еді жасымнан, -
Қайда көрсем қорғасын оқ шашылған.
Теруші едік етек-жеңді толтырып,
Ұқтым бір күн сол сырыңды жасырған...
...Күндегідей теріп келіп қорғасын,
Жатыр едім алып асық дорбасын,
Ұршығына тамып кеткен мөлдіреп,
Қарт әжемнің қалдым көріп көз жасын.
Қарт әжемнің қалдым көріп көз жасын,
"Сол жұтты ғой, сол жұтты ғой ер басын!" -
Деді де әжем, маған қарап күрсініп,
Отыруға нұсқады тек өз қасын.
"Нені ұғасың, не білесің, жаманым,
Қазір мына тыныштық қой заманың.
Құлындарым, сүйіп қана сендерді
Жазылды ғой жандағы ізі жараның.
Көп қой менің естігенім, көргенім,
Арманым жоқ, қайта жанды сөнгенім.
Сен естіші, көкең жайлы айтайын,
Есіме алып өткен күннің ерлерін.
II
Сол жылғы жаз аспанында бұлты көп,
Бірде қырға, бірде ойға дүркіреп.
Біздің ауыл дамыл таппай көшеді,
Шаң боратып, жердің қоңын сілкілеп.
Өйткені оның кешетұғын жөні бар,
Дәл үстінде Қостанайдың жолы бар.
Сол жолменен шұбыратын әскерлер
Қалың елге қаптай келіп жолығар.
Сол жылғы бір отрядтың көбін-ай,
Шаңдады да жатты қара жол ұдай.
Бірін-бірі қуған, шапқан, дүрлігіс
Алғашында біз қаламыз танымай.
Бүгін ақтар, ертең қызыл алмасып,
Соңғы топқа келесі топ жалғасып,
Торғай менен біздің ауыл арасы
Өліктерге толып кетті, қан басып.
Әсіресе, ақтан бізге күн қараң,
Демеді олар "бұл - сәбиің, бұл -балаң".
"Осы ма, - деп, сарбаздардың ауылы?"
Қырды, кетті - қаңырады Шұбалаң.
Ауылдың бар азаматы, расында
Атқа мінген, соғыстың жүр басында.
Жыл тәулікте үй ішін бір көрмеген
Көкең сонда Амангелді қасында.
Осы түнде деді: "Торғай алынды!"
Қала үстінде қаптаған өрт жалыны.
Көкеңдердің көксегені болды, - деп,
Ақсуатқа көшірді әкеп ауылды.
Көкең келді: "Енді үкімет қолда! - деп,
Көп жыл сарсаң айналды ғой оңға!" -деп.
Амангелді таратыпты әскерін,
Айрылыпты қайран ерлер зорға деп.
Ойнақтаған қаракөк ат астында,
Қызыл жұлдыз шошаймасы басында.
Қаз қалпында қаршығадай денесі,
Ақ тал енген қою қара шашына.
"Көп болды ғой көрмегелі, құлыным!" -
Дей беріппін, құшағымда тұр ұлым.
Бар дүние қызығына берер ме
Байғұс ана бала жүрек жылуын.
Жүрді-ау талай ат қажытып, ер соғып,
Қоңыр жүзі тотығыпты жел сорып.
Өткір көзі онан сайын тереңдеп
Кеткендей ме, дағдыланып жер шолып.
Орақ мұрны сәл үлкейіп көрінді,
"Жүдегендік өзгерткен ғой өңіңді", -
Деп қоямын, жүз айналып, толғанып,
Осы сапар өзі ерекше көңілді.
Алды жинап азаматын ауылдың,
Деді: "Аяғы басылған жоқ дауылдың".
Одан әрі жұртты ұйытып сөйледі
Сабырлы еді, саналы еді жан ұлым!
Түсінем бе көп сөзіне мен байғұс!
Дәсердеймін "ұшырдым, деп сондай құс!".
Байқағаным - балам өсіп кетіпті,
Демеді оны қолтығынан қандай күш?
Сұрамадым, сөзбен алдын тоспадым,
Білдім бірақ әлі де ұзақ іс барын.
Ұғындырып ол жұртына көп айтты,
Сол кезеңде достары кім, дұшпан кім!
Көкең алған Әлібиден тапсырма,
Депті оған: "Елден өрен жас жина!
Бір құрамыз еңбекші тап әскерін,
Жау көп әлі жатқан жардың астында!".
Ойладым ба содан жылап қалам деп?
Мен бір ана бауырымда балам көп.
Арыстаным көрінгесін көзіме,
Мен сорлыда - деп ойладым алаң жоқ.
Енді көзім ашылды деп қырсықтан,
Енді даусым шығады деп тұншыққан,
Мың қуаныш айырбастар деген ем,
Кешегі күн көздің жасын бір сыққан.
Кенет бастан соқты келіп бір дауыл,
Аяғынан қайта шошып тұрды ауыл.
(Бұл жерде әжем кетті қатты егіліп)
- Айта алмаймын содан соңғы күнді ауыр
III
Естиді адам кей-кейде бір сұмдықты,
Аза бойы қаза болар шындықты.
Сол күні өзім түс көріп ем тым жаман,
Үстімдегі үйді дауыл жығыпты.
Содан қайтып көз ілікпей шықтым да
Үлкен үйге барып едім тұп-тура.
Бір суық сөз алған екен ел ішін
"Амангелді түсті деген - тұтқынға!"
Көп екен ғой көңілдің де сенері,
Сан қырғыннан аман өткен ел ері.
Қапияда кетті-ау деген өкініш
Қан қақсатып, қалтыратты денені.
Ұзақ жылғы қуған арман, мұраттың
Тек ғұмыры болғаны ма аз-ақ үн?
Қан төксе де жыламайын деп еді,
О, жасаған, елді неге боздаттың? -
Деп үлкендер сақалдарын жас жуып,
Қатуланып алды ашулы жас жігіт.
Сенің көкең сапарынан қайтқан жоқ,
Әлде біреуі кетті өлтіріп қас қылып?
Ойым онға, қиял мыңға жүгірді.
Қала жақтан мылтық даусы білінді.
Тілсіз түнде әлсін-әлсін гүрсілдеп
Әлдеқайда жаңғыртады қиырды.
Ит ұлиды, жас балалар шырылдап,
Қариялар құлақтарын тығындап.
Ай астында бұға түсер жарлы ауыл,
Оқ өткенде төбесінен зуылдап.
Ертеңгісін келді хабар әр түрлі:
Деді бірі: "Амангелді атылды!"
Ыршып түсті ел жүрегі сұмдықтан,
Еңсемізді тұңғиыққа батырды.
Әрбір үйдің түндіктері желпілдеп,
Жел тартады қаралы күй еңкілдеп.
Бұлты қалың басындағы сорының
Ел кезінде тұрды жасы мөлтілдеп.
Қала жақта дүрсілдеген күнде атыс,
Қызыл алау өрт шомылған күнбатыс, -
Жаманаттан жұрт құлағы шулайды,
Деп тұрғандай бір қырсық жау "тыңдай түс!".
Көкең әлі оралмады дүз кетіп,
Қала жақтың хабарына біз жетік.
"Қанды көйлек серіктерін батырдың
Жатыр, - деді - шартараптан іздетіп!".
Болды сұмдық! Ұрды құдай төбеден!
Сынды дедім арқамдағы зор емен.
Күткен адам ұлы апаттың боларын
Дүниеде бақытсыз жан не деген!
Ес, ақыл жоқ, жаутаң-жаутаң қараймын,
Көрінгеннің бәрі үрей, бәрі айбын.
Адам өзін бишара деп түсіну
Қандай қиын! Өтті-ау, қалқам, солай күн!
Тағы арада кештер түсіп, таң атты,
Ондай халде мезгілді кім санапты?
Келді хабар: кешегі күн кешкісін
Қайран ердің он сегізін қамапты.
Үрейленіп, жаманаттан жатыр көп,
Қарамадым жұрт көзіне дәтім кеп.
Дауыстады, естіп тұрмын алыстан
"Он сегіздің ішінде жоқ Хакімбек!".
"Сақта құдай, сақта құдай!" дей бердім,
Бәрі түгел өзім білген ерлердің,
Тек бір ғана құлыным жоқ ішінде,
Қайда екенін енді таппай сенделдім.
Өкінішім қалмайды әлі ішімде,
Ертеңгі күн ұлы сәске түсінде.
Жетіп келді көкең сорлы сап етіп,
Жазып тұр ма жау қолына түсуге!
Жиналысты жан ашырлар жасырын?
Айтып жатыр көңілдегі бар сырын.
"Қашып үлгір қара шалмай тұрғанда,
Кесіп қойды бар үкімін басыңның". -
Деді жылап, жалбарынып ағайын.
(Менің сорым болып тұр ғой тағайын)
- Жалғыз қашып жан сауғалар жайым жоқ,
Өкінбеңдер тәуекел ғып барайын!
Батыр өлді, қалыл өлді, боздағым,
Осындайда кім ойлайды өз бағын.
Бөлінбеймін еңіреген ерлерден,
Бөлек жерде төгілсін деп өз қаным!
Деді, бітті. Мінезі оның сондай-ды,
Басын алсаң бір қарысса болмайды.
Ауыл тұрды артта қалып қол бұлғап,
Тағы үстіне жамылып ап мол қайғы.
IV
Адам өзі бастан кешсе ауыр күн,
Жан жүрегі өртеп кеткен жалынның
Оңай болмас ізін ойда тірілту,
Кәрі адамға қатты соғар кәрі мұң.
Сол себепті қайта өзіңе оралдым,
Жақсы оқушым, азды-көпті жоралғым.
Осы жерде әңгіменің кезегін
Аузынан қарт әжемнің мен алдым.
* * *
Жоғарыда, ұзын көше басында,
Тас түрме тұр, казарманың қасында.
Қала қойны оқ-дәрінің иісі.
Түксиеді ол толып жұмбақ ашуға.
Мына шақта, ұлы қылмыс үстінде,
Тұрғандай ол тісін жармай ешкімге.
Ел білмейді, не сұмдықтың болғанын
Бұл дуанда өткен соңғы үш күнде.
Қанды айқасқа ерді қарсы шақырмай,
Еркек болып, ер есімі айтылмай.
Тек қана елдің қырсығына туатын
Опасыздан жаман жау жоқ, япырмай!
Өлді батыр, зұлым жауы қор етті,
Білмейді ешкім ақтық рет не депті?
Жаудан өзге жан болмады қасында,
Тастамады тарих бұдан деректі...
...Енді, міне, серіктері қорғансыз,
Қапияда қалған басып жау арсыз.
Тас түрмеде көздері оттай жайнайды,
Кешегі ерлер, бүгін сорлы, талансыз.
Қанша бейнет, қанша күрес, жақсы арман
Бейне жастық бастарына жастанған.
Жарылды да, кете берді желге ұшып,
Жерден безіп, мекен іздеп аспаннан.
Қарады да ең соңғы ердің түсіне,
Кіріп келген өздерінің үстіне.
Күңіреніп қоя берді сарбаздар,
Тапсырды ісін енді қандай кісіге?
Жатты ұласып өкінішке өкініш
Енді өртеніп кек, ызадан отыр іш.
Дауыл еді өмірлері бұрқаған,
Болды мына қырсық сәтте тым-тырыс.
Жан ашыры табылған соң ортадан,
Кетті босап он тоғыздан екі адам.
Хакімбектің ауылынан біреуі,
"Қош!" - деді ер, беріп жатып хат оған!
V
Ұясына қан үйіріп күн батты,
Өтті мезгіл арқалаған жұмбақты.
Бірте-бірте түн қабағын қалыңдап,
Төңіректі қара қанат мұң жапты.
Өзен жақтан әупілдейді әупілдек,
Көтере алмай, үстіне бір зар тиеп,
Жатыр ма әлде естір жерде елге айтып,
"Осы түннен бар ғой менің қаупім?!" -деп.
Құралайдың соңғы салқын бұл түні,
Селкілдейді жусан басы, ши түбі.
Кигендері жалаң етке жүн шекпен,
Желкесінде төнген ажал мылтығы.
Келе жатты, келе жатты он жеті,
Алдарында қысқа өмірдің жол шеті.
Арттарында он жеті әскер - әзірейіл,
Түн жамылған опасыз жау жендеті.
Он бес қазақ, ортасында екі орыс,
Енді аяқсыз қалғаны ма үлкен іс?
Қайда, қайда олар қуған азаттық,
Бір ажалға айырбас па бір жеңіс?
"Күрес қиын, елім оңай, түбінде,
Күрестік пе күрес қызу күнінде?
Жаудан сауға сұрап жату жөні жоқ,
Уақыт солай, біз құрбанбыз бүгінге.
Біз құрбанбыз, азат күннің кұрбаны,
Төгілешек ердің бүгін бұл қаны
Көп айқасты жеңіспенен аяқтап,
Соңғыларға бақыт берсе болғаны!" -
Деді ортада келе жатып Хакімбек,
Александр қасындағы мақұл, - деп,
Сөйлеп кетті: "Тек бір ғана өкініш -
Өлгеніміз жақсы күнге жақын кеп.
Опасыз жау одан-бұдан құралған,
Бұл күндері бәріндегі бір арман, -
Жас үкімет жағасына жармасып,
Тозғын дұшпан талай бүлік шығарған.
Бізді аңдыды жар астында жатып ап,
Осы оңаша қапы кезді бақылап.
Қамықпа ерлер, ел сенгендер қалды артта,
Біз кетсек те күрес жолын жартылап!".
Ортадағы келе жатқан үш ердің
Аяқ-қолда салдырлаған кісенін.
Серіктері жүдеу қарап шолады,
Құтқарудан жоғалтпаған бір сенім.
Нарымбайдың үш баласы, үш нары,
Тірлігінде қарсы келмес дұшпаны.
Үш мылтықтың қояны боп келеді
Жан тәсілім жар басынан ұшқалы.
Қайран туыс, тәтті туыс, бал туыс,
Шаршағанда, шаң жұтқанда әл, тыныс.
"Ажал қойны ажыратар, суытар,
Сол балыңды, сусыныңды сарқып іш!
Деп тұрғандай суық үкім сыбырлап,
Онсыз дағы жара жанды жырымдап.
Бірге туу - қуаныш, ал бірге өлу
Аяныш қой, тұрар бойың шымырлап.
Құтқарар ма төніп тұрған әр мылтық,
Қару ғой ол жау қолында қанға ынтық.
Бас айналар шыңырау сайдың басына
Тоқтады ерлер,жүріп келіп,шаң жұтып.
Әзірленді әзірейіл жау мына,
Бәрі үңілді енді мылтық аузына.
Айқасты ерлер құшақтарын жайысып,
Ажырасу алғашқы да, соңғы да.
Қоштасудың өмірде бар сан түрі,
Осы болар ең үрейлі салқыны.
Осынша адам бір мезгілде қонақ боп,
Ұшар болса кеудесінен жан тірі!
Қайталанбас дауысы да "қош!" деген
Қылмас тілек еш адамға "тос!" деген,
Естілер тек ажал-мылтық үкімі,
"Қол көтеріп, жер бетінен көш!" деген.
Сөйледі Омар - ең үлкені, ағасы:
- Тығыз қалды өмір, өлім арасы.
Боса да өлдік, талапкерлер, қашыңдар,
Ұмтыларлық болсақ кімнің шамасы?!"
Сөйдегенше "аллалаған" дауыстан,
Жер жаңғырды, дәмін ерлер тауысқан.
Шырын өмір айқайына ақырғы
Сатыр-сұтыр жауап берді жау-дұшпан.
Көк түтіннен түн кеудесі жөтелді,
Жердің төсі зор қылмысты көтерді.
Он жетіден жағада ешкім қалмады,
Қанды құздың құшағына күмп берді.
Сонда да әлі мылтық даусы тынбады,
Сай қолтығын тінтіп атып тұр бәрі.
Бір мезетте ұрандасып топ солдат
Бері қарай жардың бойын құлады.
Жанталаста, табылатын себеп көп,
Кім ойлаған жаза басса керек деп?
Әр соқпаққа денелерін бір соғып,
Келеді екеуі сай ішінде дедектеп.
"Қаңғышы оқ, жетпеші оқ, жетпеші!
Соңғы үмітін жанның зая етпеші!" -
Деп тұрғандай азынайды қара жел,
Алқынады түн жүрегі, өкпесі.
Әттеген-ай, жетті қуып бірін оқ,
Шықты даусы соңғы іштегі мұңы боп,
Туған Торғай алды жылы құшақка
Қалды мекен мәңгі судың түбі боп.
Енді бірі тағы суға қарғыды,
Арғы бетте жасырды да жар мұны.
Шымырлаған ізін атып армансыз,
Кете барды, таусылғандай жау құны...
IV
-Үш күннен соң, - деді әжем, -естідік,
Мезгіл еді мал жайлаған кешкілік.
Бас көтерер әулеттегі кәрі-жас
Жиналғаннан өртенді өзек, іш біліп.
Қандай қиын қаза естірту төтеннен,
Сөз дәрменсіз көңіліңді көтерген!
Іші жылап отыр бәрі, сеземін,
-Хат бар, - деді бірі тұрып, -көкемнен!".
Сөйдеді де бастап оқып жөнелді,
Бір суық мұз қарығандай денемді.
Енді қазір бәрің жатқа білетін
Жазған екен сондағы сол өлеңді:
"Достың жатыр кәззаптардың қолында,
Ауыр жаза бар секілді мойныңда.
Он жеті адам атылуға бұйырылды
Жүргені үшін азаттықтың жолында.
Алған жарым, бұл дүниеден түзу өт,
Мені ойласаң, Шаһизада, дұға ет.
Бұл дүниеден қол көтерді жолдасың,
Жолығармыз күні болса қиямет!" -
Деген жерге келген кезде келінім
Еңіреді, жанын өртеп жегі мұң, -
Екі бала қарай берді жаутаңдап,
Тірлігінен жоғалтқандай сенімін.
"Қош, әжеке, колыңды бер есен бол,
Бұзылмайтын тас болаттай біздің тор.
Құрып сапар еткен мендей қозыңа
Ақ сүтіңді мойныңа артып разы бол!".
Одан әрі не болғанын білмедім,
Қайғы соғып, қалса керек сүлдерім.
Есім жисам, елдің көзін жас шайып,
Манағыдан қалыңдапты үйде мұң.
Сонда білдім, сонда сендім сорыма,
Көкең байғұс бұл дүниеде жоғына,
Жүрегімнің жұбанышы құлыным
Байланыпты зәнталақтың оғына!
Жаншылды ғой жетім жүреқ, тұл жаным,
Айта ала ма өткен істің тіл бәрін,
Менің өмірім сонда біткен деп едім,
Мезгіл жетпей тауысады кім дәмін?
...Ертеңгісін елден қалмай жиылып,
Көздің жасы омырауға құйылып,
Атқан сайға, қанды сайға терең құз, -
Жатқан жерге бардық ерлер жығылып.
-Ел боздағы, ел ісінің кұрбаны, -
Десті халық, - қош, әлеумет ұлдары!
Кетпес зая, ант етеміз басында,
Бауырлардың қасиетті бұл қаны.
Жау-дұшпанның күлін көкке ұшырып,
Қадірлейміз ертең еске түсіріп!
Шаһит болған бостандықтың ерлері
Алдарыңда біз етеміз кішілік!
Деді сөйлеп, ызалы бір азамат,
-Ақ жуындар, арулаңдар, тазалап!
Он бесі де қойылады бір жерге,
Біз соғамыз қасиетті мазарат. -
Ер борышы, елге парыз өтелді,
Алдарынан басыңды иіп өт енді!-
Деді дағы жасын тыйып, қайран жұрт
Перзенттерін иығына көтерді.
Тынды сол сәт соғып тұрған жел үдеп,
Бір тыныштық құрмет тұтып төңірек.
Ел үстінде, күн астында он бес ер
Жер бетімен жүріп өтті соңғы рет.
...Батырларды жерлеп болып жатқанда,
Көз тікті ел қыр астындағы ақ шаңға.
Қалың аттың тұяғынан жер сөйлеп,
Алды келіп асылды иек артпаға.
Халық тұрды күтіп көзін ала алмай,
Көк тіреген өңшең алтын бағандай.
Шаңы қою бұл не дүрмек, япырым-ау,
Алаң көңіл жұрт та шыдам таба алмай.
Ұлы дүбір бірде жақын, бірде алыс,
Жүрек тілеп деп тұрғандай: "Жылдам ұш!"
Келе жатты, келе жатты бір бақыт,
Келе жатты, айналайын, қуаныш!
Көп созбайын әңгімені арғыға,
Қош дегізіп өткен қайғы, бар мұңға.
Қырдан ойнап шыға келген біздің ту
Әлі де тұр кәрі көзім алдыңда!..
Эпилог
Көкшіл толқын Торғай өзен жағасы,
Ту сыртында соның ескі қаласы.
Бергі дөңде тұр ескерткіш ағарып -
Туысқандар, партизандар моласы.
Алтын әріп есімдері олардың,
Өшпек емес - соғар дауыл, жауар күн.
Жүрегіне берер сезім бір ыстық
Тұстан өткен әр жолаушы адамның.
Соғады оған әлсін-әлсін қарттар бір,
Соғып оған ұрпақтары баптап жүр.
Жас, кәріге жалын жалау көтертіп
Жылда оған соғады жеткіншектер!
Бала кезім... Әр мереке соңынан
Тұрып халық ыдырамай тобынан.
Бір ғажайып ықыласты құрметпен
Ескі жорық жырын жырлап, салып ән.
Барушы еді ескерткішке тізіліп,
Қарт партизан сөйлеуші еді қызынып.
Кіл пионер, галстугі желбіреп,
Тыңдаушы едік ойлы жүзбен біз ұғып.
Еске түсіп әжем айтқан әңгіме,
"Сол күндердің куәлары бар, міне!".
Деп сүйсініп, ой толқынып тұрушы ем,
Тағы не сыр, тағы айтылмай қалды не?
Іздеп соны, болушы едім мен де айтпақ,
Сондағы ойым әжем сөзін елге айтпақ.
Онда топтың шыға алмадым ішінен,
Ұяң едім, жас едім мен жасқаншақ.
Енді бүгін айтып соны мен бердім,
Халық өзі толықтырар кем жерін.
Менің жақсы өмірімді жасаушы
Алдарында бас иемін ерлердің!
1957 ж., қараша.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter