Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  206


Автор: Әбділда Тәжібаев

Дәужан — Ленин құрдасы

Бұрын Дәужан жалшы екен
Байдың малын бағатын.
Аздап қана әнші екен
Зарын әнмен шағатын.
Боқтаса бай бір күні:
− Үнсіз, тілсіз, тексіз! - деп
Мақтайды екен бір күні
− Мыңқ етпейтін кексіз! - деп.
− Тексіз! - десе, - әу депті,
− Кексіз! - десе, - әу депті.
− Жуастығы түйедей
Біздің осы дәу, депті...
Бай бір күні жайраңдап
Жорға бола қалыпты.
Сөз сөйлепті қаймаңдап
Жинап алып халықты.
− Дәуге бүгін Дәужан деп
Ат қоямын, халайық.
Жұрт алдында Дәужанның
Енші алғаны ылайық.
− Қойымның бір қорасын,
Жылқымның бір үйірін,
Түйеден де аласың,
Қидым бірін үйімнің, -
Деді де бай Дәужанға
Қутын қаға қарады,
Бірақ оған Дәужанның
Жылымады қабағы.
− Байып қайда барамын
Шығып оқшау елімнен.
Демеймін мал аламын
Ақылдаспай Ленинмен.
− Керек пе екен маған мал,
Бай қолымен берілген?
Ақылдаспай алмаймын
Ең әуелі Ленинмен.
Еңбексіз мал - арам ас,
Ұят жаман өлімнен.
Дүниеге азу жарамас,
Құрдаспын ғой Ленинмен.
Алар әркім еңбегін,
Олжа іздемес жеңілден.
Алмайық бай бергенін.
Ақылдаспай Ленинмен.

1959




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу