Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  221


Автор: Әбділда Тәжібаев

Мен де шығам

Қарындасым Сырғакүл келіп маған.
Құшақтайды мойнымнан: - ағалаған.
− Алып берші, Көкежан, бір галстук,
Ертең тойда галстук мен де тағам.
«Ертең тойда галстук шықсам тағып,
Жүрсек отряд тізіліп, топты жарып.
Қалың отряд алдында барабанды
Мен де жүрсем, Көкетай, қатты қағып.
Кірлетпес ем, күтер ем, сақтар едім,
Пионерлік атымды ақтар едім.
Тақсам тағып, мереке мейрамдарда
Сені, Көке, әрдайым мақтар едім».
Деп Сырғаштай жалынып келіп маған.
Бойды ерітіп дауысы ағалаған.
− Алып берсең, Көкетай, бір галстук
Ертең шығам, той күні мен де тағам.
Сырғаш пенен екеуміз тұрмай үйге,
Алдық ақша апамнан киінуге.
Ертең сәнмен шығады: қарындасым,
Барабанын соғуға, әндетуге.
Мен де шығам тыңдауға барабанын,
Барабанға қосамын ақын әнін.
Ертең мен де пионер, отрядтамын
Ертең маған командир өз ұланым.

1934




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу