Өлеңдер ✍️
Ат үстінде
Өлeң – очepк
Күн астында көшкен бұлт,
Керуендей қозғалғаны.
Жерде желдің жүрісі тез
Жел маядай жез бұйдалы,
Кейде күшті, кейде баяу,
Естіледі желдің әні.
Артым қала, бетім колхоз,
Бар жүрісім - ат аяңы.
Мен де ысқырып ән саламын
Жел де ысқырады қосылғалы.
Артым қала бетім колхоз,
Бар жүрісім - ат аяңы.
Жарысады желмен бірге,
Көтерілген желдің шаңы
Өзі көзсіз, өзі тілсіз,
Жел қалайша ән салады?
Әлде маған қосылмақ па,
Гулеп ескі сарнағаны?
Біздің елдің желі дағы
Елмен бірге жаңарғандай,
Театрдан үлгі алғандай,
Шырқап - самғап ән салғандай.
Ақыннан жыр үйренгендей,
Жан жүрегін қозғағандай.
Шықса дауысым өлеңдеткен
Жел кідірер тыңдағандай.
Тағы артынша әндетеді,
Әндетеді менен қалмай.
Тілі шекер, сөзі қанжар;
Жырлағанда Байрон ақын.
Мұңданған жел ол күндерде,
Күңіренетін, аңыранатын.
Өткір Пушкин, Лермонтовтар
Айтсам сәлем Қазыбекке,
Желі жылап, бұлты құрсап,
Төгіп жасын күн жауатын.
Жел көрісіп Кавказбенен
Ақындардан айтып сәлем,
Сыңсып, шулап ән салатын.
Елден шықтым елге келем,
Артым қала, алдым дала.
Қуанғаннан жол үстінде
Қиял кездім біраз ғана.
Кейде алыстап шырқап салған
Келді дауыс құлағыма.
Дауыс әлде мал басынан,
Әлде алыста қырманшыдан,
Болар деймін тағы ойлана.
Сол дауысты жеткізген жел,
Сыр айтысып сыбырласып,
Ән сұрайды менен жаңа.
Шыдатпаймын қашқан жолды,
Бірде аяңдап, бірде желіп,
Асығамын жеткенімше,
Жеткенімше елге келіп.
Сағынғаным туған апам,
Шақыртқан сол хат жіберіп
Жазған маған өз хатында,
Сағынышты сырын төгіп:
«Кел, құлыным, жаным - балам,
Келші, мені кетші көріп!»
Дегеннен соң келем елге,
Қайтпақ үшін сәлем беріп.
Мен қалайша ойланбайын,
Ел қалайша жаңармасын,
Жер қалайша өзгермесін,
Жел қалайша ән салмасын –
Ел анасы менің анам
Жасарғасын, жаңарғасын,
Сағынғанда баласына,
Өзі хатты жаза алғасын.
Айтып сәлем колхозынан,
Колхоздағы жұрт атынан,
Ел анасы саналғасын.
Есеннің қарт анасы,
Хат жазғанда баласына,
Толтыратын көздің жасын,
Жазған хаттың арасына: -
− Ақындықты таста, балам,
Шық соқамен жер басына,
Үйлен, балам, елге тез жет,
Қалма, жаттың, табасына.
Болыс болсаң елге келіп,
Қарасқаның көз жасыма!»
Менің анам емес ондай,
Жүзі жарқын атқан таңдай.
Қуанбайды, қайғырады,
Кетсем біраз өлең жазбай.
Көктемде бір жазған хатта,
Сәлем айтып депті былай:
«Соңғы шыққан газеттерден
Өлеңіңді бір көре алмай,
Ренжідім көп ойландым
Қалды ма деп топқа ере алмай.
Жалқау болма, жаз шырағым!
Оқыған жан таңданғандай,
Құрғамасын жүйрік қалам,
Екпінді бол менен қалмай!»
Мен қалайша қуанбайын,
Ел қалайша жаңармасын!
Жер қалайша өзгермесін,
Жел қалайша ән салмасын!
Он төрт жастай жаңарғасын!
Мендей ақын баласына,
Өзі қамқор бола алғансын!
Ел анасы менің анам,
Іздеп келем сағынғаннан
Күтеді ол да жас ақынын
Колхозымен бір қауым жан.
Үйде ме екен, түзде ме екен,
Кездесермін әлде қайдан?
Мүмкін айлы сұлу түнде,
Табысармын қырманынан.
Шаршасам да ат үстінен,
Қызығымен қызыл қырман,
Айтып өлең, шырқалып ән,
Болысармын атқанша таң.
Күн астында көшкен бұлт,
Керуендей қозғалғаны.
Жерде желдің жүрісі тез,
Жел маядай жез бұйдалы.
Кейде күшті, кейде баяу,
Естіледі желдің әні.
Артым - қала, бетім - колхоз,
Бар жүрісім - ат аяңы.
Мен де ысқырып ән саламын,
Жел де ысқырды қосылғалы.
1934
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter