Өлеңдер ✍️
Жаңа өрімдер
1 – ӨРІМ
(Әмір Хысрау Дехлеуише)
Бірінші жыр
Тағдырыма ырзамын –
Ақын қылып өсірген.
Бейнетіме ырзамын –
Жастайымнан кешірген,
Ертеңіме де ырзамын
От кешер күн тосса да.
Тек шықпасам болғаны
Сенің ғана есіңнен.
Тағдырымыз бір жасап,
Бірге өтуге шешілген.
Өшіп, қайта жансам да.
Сен шықпайсың есімнен.
Маған басқа ләззаттың
Керек емес бірі де,
Тоят тапсам болғаны –
Шешек атқан төсіңнен.
Ақыр заман дейтұғын
Бар ма, жоқ па білмеймін.
Өзің жүрсең болғаны
Шуағында күнгейдің.
Менің ақыр заманым –
Сенсіз жалғыз қалған күн.
Сенсіз барлық әлемді
Көзіме де ілмеймін.
Екінші жыр
Тәңірім өзі ақынды
Сүю үшін жаратты.
Сүйіп болған жоқпын мен,
Heгe асығыс таң атты?
Құмарлықтың жалыны
Сөніп қала көрмесін.
Құйшы, досым тағы да
Толтыра бір шарапты.
Бұл жарыққа, достарым,
Ғашық бола келдім мен.
Бұл жарыққа өмірімді
Сарқылғанша бердім мен.
Сүй, жарық күн, сүй мені,
Айналайын күлге мен,
Жанып өттім дейінші
Ынтық болып күнге мен!
Ашшы, кәне көзіңді
Ашып қалшы, таң атсын.
Көңілімдегі қап-қара
Қасіретімді жоғалтсын.
Сен болмасаң мұндайда
Басқа кім бар жан ашыр?
Ашшы кәне көзіңді,
Маған ғана қарашы!
Үшінші жыр
Өз әлінше әр адам
Туып, өмір сүреді.
Біреулердің жалтылдар
Көң аударған күрегі.
Біреулердің басында
Мұхит ойлар толқиды,
Салмағынан сананың
Сарғылт тартқан іреңі.
Өз әлінше әр адам
Өсіп, өмір сүреді.
Біреулердің арманы
Жұлдыздарда жүреді.
Кеудесінде біреудің
Күйдіретін у жатыр,
Сол күйіктен сорлының
Суылдаған жүрегі.
Мен де өзімше адам боп,
Өмір сүріп келемін.
Арманымды айтады.
Аузын жаппас өлеңім.
Тілемеймін тірліктің –
Жеңілдігін тағдырдан,
Қуанышқа да ырзамын,
Қайғыға да көнемін.
Төртінші жыр
Қостай келдім дүниеге
Жақсылықтың ұранын.
Жарық дүние деп келдім
Менің мәңгі тұрағым.
Ойлағам жоқ өтер деп
Жігіттігім жалт етіп,
Ойлағам жоқ өшер деп,
Жастай жаққан шырағым.
Іздемедім ен дәулет,
Бейнетке де шыдадым.
Махаббаттың дертін бер,
Өртін бер деп сұрадым.
Сезгенім жоқ таң атып,
Күннің қалай батқанын.
Қызығымнан қайтпадым.
Қанғанынша құмарым,
Қостай келдім дүниеге –
Жақсылықтың ұранын.
Жарық дүние деп келдім.
Айнымайтын тұрағым.
Жылдар мені аямай
Жұқартып-ақ кетіпті-ау,
Көрінердей бір сұмдық –
Қорқамын да тұрамын.
Бесінші жыр
Ала бер менің жанымды,
Ала бер, ажал, қаласаң.
Өкінер мен жоқ сенің де
Бір қажетіңе жарасам.
Тек, Әзірейіл, жармасып,
Қолымды менің ұстама,
Тірлікте жазар жырыма,
Болмасын әсте таласың!
Ала бер менің жанымды,
Ала бер, ажал, қаласаң.
Өкінер мен жоқ, сенің де
Бір керегіңе жарасам.
Қай ақын, қашан, қай елде,
Үндемей өмір сүріпті,
Бір жаны үшін шыбындай
Әзірейілдермен жарасып?!
Ала бер менің жанымды,
Ала бер, ажал, қаласаң,
Тек менің жазар жырыма
Болмасын әсте таласың.
Атқанын таңның жырлаймын,
Батқанын күннің жырлаймын.
Қалжырап әбден құлаймын,
Сол кезде жанымды аласың!
Алтыншы жыр
Мөлдіреп тұрған шараптай,
Шөпілдеп толған бокалға –
Жырларым жатыр кеудемде
Төгілуге де тақалған.
Кімдерің барсың сімірер –
Қалдырмай жалғыз тамшысын.
Тәттілеу болса, сүйсініп,
Ащылау болса, шашалмай?
Сенбісің, досым, қалаған
Іше ғой, саған ұсындым.
Үнін де тыңда сайраған,
Кеудемнен ұшқан құсымның,
Неге сен, досым, қызардың,
Неге сен, сәулем, қысылдың?
Қысылма менің алдымда
Мен сенің сенер кісіңмін.
Ғажайып көркін, суретін
Жүрегімде де жазулы.
Қабыл ал қашан ұсынсам
Ең көптей - менің азымды,
Қаласаң болды, қалқашым,
Ишарат етсең жетеді.
Бокалдарыңды қаныммен
Толтыруға да әзірмін.
Жетінші жыр
Білемін адам шаршайды,
Өзім де қазір шаршадым.
Кәрілік келмейді екен ғой.
«Келдім!» деп жұртқа жар салып,
Өтіпті - ау кезім кешегі
Садақты шіреп тартатын –
«Қорамсаққа қол салып,
Бір салғанда мол салып!»
Білемін адам шаршайды,
Өзім де бүгін шаршадым.
Кәрілік келеді екен ғой –
Білдірмей салып қоршауын.
Қоршауға түсіп қалған соң
Жалтақтай береді екенсің,
Өзіңе өзің жат жандай,
Өзіңнен өзің тамсанып.
Аумайды бүгін пәлендей
Болмашыларға аңсарым.
Адыра қалсын аусарлық
Қуынған дүние мансабың.
Сол мансап қой мезгілсіз
Талайдың шашын ағартқан,
Талайдың белін сындырып,
Басына жеткен қаншаның!
Сегізінші жыр
Қанжарымен көзіңнің
Кеттің қанға батырып.
Жып-жылы қаң ішінде
Өліп бара жатырмын.
Сен ғанасың әлемде.
Ең сүйікті жақыным,
Ерніңді әкеп тигізші
Ерініме ақырын.
***
Тумай тұрып ынтығыппын мен саған,
Бар қасіретім сен екенсің аңсаған.
Сенің ғана тірлігіңді тілеймін
Өз өміріме өкінбеймін қаусаған.
***
Еркелеттің, қуанттың, желік бердің,
Аймалауға аңсасам, ерік бердің.
Тізгініңді таланға тапсырдым да,
Тағдырымды өзіңе сеніп бердім.
Тағдырымды өзіңе сеніп бердім,
Сындырсаң да, сәулем – ау, ерік бердім.
Құшағыңның білдім де өрт екенін,
Жалыныңда жануға көніп келдім.
Тоғызыншы жыр
Алыстағы арманым, аңсап келдім, армысың,
Атыңды атап шақырдым, жоқпысың сен, бармысың?
Жарық күнде жасырмай жауабыңды айт, жарқыным,
Жүрегіңде нең жатыр?
Алғысың ба, қарғысың!
Жүрегіңде нең жатыр - алғысың ба, қарғысың?
Қарғамасаң қабыл ет қасіретіңнің жан құсын.
Өз қолыңмен одан соң өлтіре бер құсымды
Онда аласың ақынның ақырғы айтқан алғысын.
Бұл әлемге ешкім де келген емес мәңгіге,
Көп жасадым дегенің - қысқа ғана әңгіме.
Сол әңгімем бітсінші құшағыңда өзіңнің
Онсыз менің жарығым жанбады не, жанды не...
Оныншы жыр
Қайтемін жылап, қайтейін жолым болмаса,
Сәтсіздік деймін ойлаған ісім оңбаса.
Оңалмай жүрсем обалым, достар, өзіме
Міне алмай қалған өмірдің ұшқыр жорғасын.
Міне алмай қалып өмірдің ұшқыр жорғасын,
Келемін әрең қимылдап жаяу жол басып.
Жаяу да болсам ілгері баса беремін,
Тоқталу қиын кеудеңде жаның болғасын.
Қайтемін жылап, қайтемін жолым болмаса,
Қалар ма ем жаяу - қадірлесе құрбым қолдаса?
Әйтседе, достар, өзіңе сенген жақсырақ,
Қайырымсыздардан қол ұшын сұрау - далбаса!
Он бірінші жыр
Аз-аздап беріп, алмаймын тағы еселеп,
Саудагер емен іздейтін олжа көшеден.
Достарым маған «Әбекем» десе жетеді,
Болмаймын әуре қолымнан келмес бекерге
Ең қымбат маған достардың махаббаттары,
Жата алсам бопты жүректеріңде жатталып
Келмеске қайта бара жатсам да аттанып
Достарым менің, достарым! деймін мақтанып
Шаттығым менің - жарық дүниенің кеңдігі,
Ырзамын жетсе әр күннің ішер – жерлігі
Ойымда менің ән болып мәңгі қалады,
Адал достардың махаббаты мен ерлігі.
II – ӨРІМ
(Өзіміздің халық ақындарынша)
Бірінші өлең
Ойымның кезіп келем шатқалдарын,
Қиын - ау енді бір дем тоқталмағым.
Зәрредей бұл жалғанда жоқ-ты арманым
Жылт етер жарық берсе жаққандарым.
Көз жасы күн нұрына шағылысқан
Қалайша өлмейді адам сағыныштан?
Таппайды жазда тыным, қыста тыным,
От арман түнектерді жарып ұшқан.
Екінші өлең
Сұрамаймын бұл тірліктің жеңілін,
Тек өмірден суымасыншы көңілім.
Жүрейінші бір жеңіп, бір жеңіліп,
Тек жүректің жыға көрме желігін.
Жүрегімнің жығылмаса желігі,
Мен өмірді сүйе берем елігіп.
Берші көбірек жарық күннің жылуын.
Маған онда дарымайды өлімің!
Үшінші өлең
Айым да сен, қарағым, күнім де сен,
Алаңдаймын қабарың білінбесе.
Күнде сенің қасыңда болмас па едім,
Тұлпарымның тұяғы сүрінбесе.
Айым да сен, қарағым, күнім де сен,
Жаздай жадырап жүруші ем күлімдесең.
Қалам ба деп көре алмай күйзелемін,
Бұлтты күні жүрегім дірілдесе.
Айым да сен, қарағым, күнім де сен,
Жүрегімнен шықпайсың тірімде сен,
Өтті-ау шіркін дегейсің өкінумен,
Тірлігімнің белгісі білінбесе.
Төртінші өлең
Бұл өмір құмырсқаның илеуіндей,
Келемін толқынды ойлар билеуінде.
Көп жасап, көп жүріппін, көп көріппін,
Жерімнің көгергенін, күйгенін де,
Салған жоқ өмір мені сүйретпеге
Талғамай ала бердім үйреткенін.
Жанымның жадау тартқан жалтаң кезі.
Жатпады тасқа айналып бүйректегі
Бұл өмір құмырсқаның илеуіңдей.
Кеткем жоқ, әркімнің бір сүйреуінде,
Көп жасап, көп жүріппін, көп көріппін,
Көңілімнің көгеруін, күйреуін де.
Болғам жоқ ақ уызы жұмыртқаның
Күткем жоқ, көлденеңнің жылытқанын.
Өмірден аларымды алып бақтым,
Өмірге берерімді де ұмытпадым.
Айтпаймын «армансызбын» дегенді мен,
Келеді ақ желкенді жүзіп кемем.
Алдында елдің есеп берген шақта,
Жарайды болмай тұрса жүзім төмен.
Бесінші өлең
Айнаға қарап өзіңмен өзің беттесіп,
Тұрғаннан қандай пайда бар мезгіл өткесін.
Шығара көрме көзіңнен отты жасынды,
Жақсы үміттерің мезгілсіз жанып кетпесін...
Тұрмағаннан соң тықыршық атып, алаулап,
Өзім де қорқам айнаға қазір қарауға,
Жанымның оты бықсымай жанса жетеді,
Жарасам бопты жалау ғып биік қадауға.
Жаңылмай соқса жүрегім менің болғаны,
Ұшыра берем құмарлық жырын толғанып,
Қып-қызыл қаным суымай тұрса шүкірлік,
Тозғанға сыртым тұрмаймын әсте қорланып.
Айнасы құрсын, айнаға қарап нетеміз?
Тозсақ та мейлі, ынтығуменен өтеміз.
Айнасы құрсын, адыра қалсын айналар,
Шыныдан қанша махаббат үшін пайда бар?
Алтыншы өлең
Мені қайрап қайтесің, жас бауырым,
Қызықтай бер өзіңше жас дәуірін.
Көңілдегі күйіңді ақтар - дағы,
Қатарыңды болсайшы бастар інім,
Сұғанақтар секілді сүмеңдеме.
Сарқа сілте барыңды, үнемдеме.
Жарып кір де орныңды ал жарықтағы
Айла тауып, амалдап кірем деме!
Ешкімге арқа сүйеме, өзің барда,
Тепсе темір үзетін кезің барда,
Дәрменіңді тау бұзар көрсетші бір,
Көріп қана кетейін көзім барда.
Жетінші өлең
Толқыным қайда жүгірген,
Қайыңым қайда иілген?
Отырмын тастай түйілген.
Теңізім толқып жанымда,
Ойымда орман тербелді.
Көңілімде таулар сағымдап.
Шулады дауыл кеудемде.
Сегізінші өлең
Мен ұстамды болсам деп тілемеймін,
Сабыр тауып - сары алтын күремеймін.
Тұнып жатып толқынсыз семіргенше,
Тынымсыздық дегеннен жүдегеймін.
Көңілімде тұрмаса бір өкініш,
Өлген жандай жым-жырт боп жатам тыныш,
Сынғанымша сала бер сынағыңа,
Бермей-ақ қой, тіршілік, маған тыныс.
Майлы жүрек жатпайды майталманға,
Еркек сөзін ондайлар айта алған ба!
Қарсы соққан дауылға қарсы баспай,
Еріп кете береді сайтандарға.
Тоғызыншы өлең
Жоғалттым ба, жүрегім қайда қалған?
Тіпті алыстап кетіпті-ау ойдағы арман...
Қызуымды жайнаған қырау басып,
Қызық көшіп барады айналамнан,
Қызық көшіп барады айналамнан,
Күндей батып барады ойдағы арман.
Қара бүркіт тұғырға қонды келіп,
Қайран қыран қайтадан ұшсын қайдан.
Байғұс жайды қанатын түнделетіп,
Неге ашулы ол? Келеді ол кімге жекіп?
Қараңғыда қыран құс отыр қалғып,
Ағып жүрген аспанда күндері өтіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter