07.05.2021
  2210


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Патша мен бұлбұл

 Бұрынғы өткен заманда бір патша болыпты. Оның сарайы әлемдегі ең көркем, зәулім сарайлардың бірі болыпты. Бірақ патша өз иелігіндегі салтанатқа аса мән бермейтін бейбақ бір патша болыпты. Сарай маңында сарайдың әсемдігімен жарысқан, әлемдегі ең әдемі гүлдер өскен үлкен бір бау-бақша болыпты. Халықтың айтуынша, ең ғажабы – сол бақшада мекендейтін бір бұлбұл болыпты. Сондай әдемі дауыспен сайрайтын бұл құстың атақ-даңқын естігендер ұзақ елдерден де келіп көруге асығатын болыпты. Бір күні бұлбұлдың даңқы патшаның да құлағына жетіпті. Алайда патша бұл хабардан хабарсыз болғанына қатты ашуланып, уәзірін шақырып:- Бұл қалай болғаны!? Неге менің хабарым жоқ сарай бақшасындағы бұлбұлдан? – депті. Уәзір оған жауап бере алмапты. Өйткені оның да бұлбұлдан еш хабары болмапты. Дереу бағбанды шақыртып:- Сарайда әлемге танымал бұлбұл бар екен, неге айтпайсың бізге? – десе, бағбан:- Ғафу етіңіз, мырзам,- депті. Оған уәзір:-Тез арада маған оны тауып әкел! - деп айқай салыпты. Бағбан барлық жерді іздестіріп, сұрастырса да бұлбұлды еш таба алмапты. Содан уәзір бір шарасын тауып, патшаға:-Бұл біреулердің ойдан шығарған әңгімесі болуы керек! - десе, патша одан сайын ашуланып:-Жоқ, олай болуы мүмкін емес! Маған бұл хабарды сенімді адам жеткізді. Дереу бұлбұлды тауып әкеліңдер немесе барлығыңды жазаландырамын!»,- депті. Сарайдың асханасында жұмыс істейтін қызметші қыз бағбанға келіп:- Іздегендіріңізді бұл жерден таба алмайсыздар, қаласаңыздар мен  сіздерді оның жанына ертіп алып барайын»,- депті. Мұны естіп қуанған сарай қызметкерлері дереу бұлбұл мекендейтін тоғайға қарай жол тартыпты. Бұлбұл тұратын жерге келгенде, қыз: «Кішкентай бұлбұл», -деп айғайлапты. Бұлбұл бір ағаштың бұтағынан көрінген кезде:- Патшамыз сені көргісі келіп, дауысыңды естігісі келіп жатыр. Егер бізбен бірге бармасаң, патшамыз барлығымызды жазаландырады»,- депті. Бұлбұл оған келісімін беріпті. Жолай оның әсем дауысын тыңдап, барлығы сарайға келіпті. Сөйтіп патшаның құзырына шығып, бұлбұл әдемі дауысымен ән шырқай бастапты. Дауысынан әсерленген патшаның көзінен жас парлапты, әрі жүзіне қуаныш ұялапты. Патша бұлбұлға:-Менен не тілеуің бар, айт! - депті. Сонда бұлбұл:-Мен үшін ең үлкен сый – сізге қуаныш сыйлау,- деп жауап беріпті. Баршаның сүйіспеншілігіне қауышқан бұлбұл сарайдағылардың асыл  тәжіне, бағдәулетіне айналыпты. Бұдан былай сарай бақшасына орналасып, үнемі әсем дауысымен патшаға ән шырқайтын болыпты. Ел тұрғындары бұлбұлдың әндерін тыңдау үшін сарайдың айналасына жиналып тұратын болыпты. Бір күні патшаға бір сыйлық сандығы келіпті. Ішін ашып қараса, құнды гаухарлармен, асыл тастармен безендірілген ойыншық бұлбұл шығыпты. Шыныдан жасалған бұл ойыншықтың төбесінде бұрандалы кілті болыпты. Кілт бұралғанда шынайы бұлбұлдың дауысы шығатын болыпты. Уақыт өте келе шынайы бұлбұл патша тарапынан өзіне назар аударылмай қалғанына ренжіп, бір ыңғайын тауып сарайдан ұшып кетіпті.  Күнде әсем үнімен сайрап жүрген ойыншық бұлбұл бір күні бұзылып қалыпты. Бұлбұлдың дауысына үйренген патша сол кезде ғана шынайы бұлбұлдың жоқтығын сезініп, оған әділетсіздік жасағанын ұғыпты. Қайғысынан науқастанып, төсек тартып жатып қалыпты. Күн өткен сайын жағдайы нашарлап, халық та қатты қам жепті. Оның шарасыз күйін көрген жұрт жағдайының жақсармайтынын ойлап, жаңа патша тағайындауға бел байлапты. Патшаның сырқаты және жаңа патшаның тағайындалу хабары сарайдан ұшып кеткен бұлбұлдың құлағына да жетіпті. Патшаның өзін жақсы көретінін, істеген ісіне өкінетінін естіген бұлбұл оған көмектесуге шешім қабылдап, дереу патшаның жатқан бөлмесінің терезесінің алдына ұшып келіп, әсем дауысымен ән шырқай бастапты. Төсегінде жатқан патша бұлбұлдың дауысын естіп, қайта өзіне келе бастапты. Таңға жуық патша аяғынан тұрып, ауруынан жазылып кетіпті. Патша өзін емдеген бұлбұлдың әсем дауысы екенін біліп, бұдан былай оны әрдайым жақсы көретінін айтыпты және бұлбұл да анда-санда келіп ән шырқап тұратынына сөз беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу