Өлеңдер ✍️
Сұрақ пен жауап
– Тындырмапсың, тындырмапты достарың
Сонша алыстан ұзақ жасап келгенде,
Қайда, кәне бұл өмірге қосқаның,
Әлде мезгіл жаназасыз көмген бе?
Ізің қайда, ізің қайда, көкешім,
Қайда сенің із қалдырған соқпағың?
Айтшы маған, есінде ме, көрсетші,
Қай жылдары, қай тұстарда тоқтадың?
Көрдің бе сен күйініп, я сүйініп,
Күлкің қайда, қайғың қайда сондағы?
Сөйлемейді неге қазір құйылып,
Мұз боп жатқан томдарыңның жолдары?
Көрдің бе, сен оқушыңды бір рет,
Айтшы, ағатай, кімді өлеңің жұбатты?
Жаудың ба сен тым болмаса сіркіреп,
Айтшы, ағатай, кімді өлеңің жылатты?
– Жетті,- бауырым, айта берсең табылар,
Артар кінә арқалауға жетерлік.
Әр адамның екі түрлі жағы бар –
Екеуі де екі әңгіме етерлік.
Қиын маған есеп беру алдыңда,
Кімге керек өзіңді айту ақталып,
Шаршар кезі болады ғой нардың да,
Көрген емен бірақ жаным тоқталып.
Сен сәби ең, мен жігіт ем өзіңдей,
Көтеруші ем қаз-қаз басып құласаң.
Тербетуші ем бесігіңді көз ілмей,
Жұбатушы ем жырымменен жыласаң.
«Әлди, бөпем, ұйықтай қойшы...» дер едім
Жұбанушы ең әлдилеген әніме.
Тозған шығар сондағы айтқан өлеңім
Маған жаңа көрінгенмен әлі де.
Кешір, бауырым, жоқты қайдан аларсың,
Амал қанша түспесе ізім соңымнан?
Үзбе күдер, мүмкін кейін табарсың
Ең болмаса енді жүрер жолымнан.
Қиын маған есеп беру алдыңда,
Кімге керек өзіңді айту ақталып.
Қажет кезі болар әлі шалдың да,
Қинама енді, осыменен тоқталық,
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter