Өлеңдер ✍️
Кездесу
Тамаша күн еді. Ашық күн.
Мен-дағы көзімді ашыппын.
Көремін көңлімнің көгінен
Бәрін де жақын мен қашықтың.
Ырқында жүргенде машықтың
Қорықтым ба тоқтауға, асықтым.
Аңғармай өткенін уақыттың
Аз ғана шаршаппын, жасыппын.
Міне енді, сергілтті ашық күн,
Сеземін жарыққа ғашықпын.
Жанымды жіпсітіп шұғлалар,
Домбыра пернесін басыппын.
Шертемін шешемнің әндерін,
Ұмытып кетіппін өлгенін.
Сезгендей боламын жап-жақын,
Жап-жақын жаныма келгенін.
Не деген лебі оның жылы еді
Есітемін соққанын жүрегі.
Жай ғана сыңсып ол әндетіп,
Ұлының тірлігін тіледі.
Не деген қолы оның жылы еді,
Есітемін соққанын жүрегі. –
Ағарып кетіпті-ау шашың деп,
Сәл ғана жымиып күледі.
Сүйдеді, қатесіз есіттім
Сыңсиды әнін ол бесіктің.
Ілезде сәбиге айналып,
Ілезде қайтадан өсіппін...
Тамаша күн еді, ашық күн.
Мен-дағы көзімді ашыппын.
Көремін көңлімнің көгінен
Бәрін де, жақын мен қашықтың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter