file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  04.05.2021
  761


Автор: Сәкен Сейфуллин

Орман

Орман міні,
Мұның да үні
Кейде жұмсақ, кейде шу.
Кейде тынық,
Кейде сұлық,
Кейде дауыл гу де гу.
Қалың орман,
Ойға толған,
Тұнжырайсың иіліп,
Еңбек сырлас,
Сәулем құрдас,
Әр рудан жиылып.
Жоқ бір қалып,
Кейде ырғалып,
Сен де көлше шулайсың.
Басты шайқап,
Желді жайпап,
Аласұрып тулайсың.
Аппақ қайың,
Қарағайың
Қосылыпты табысып.
Сұлу терек,
Жасыл желек
Құшақтасып қабысып.
Кейде қыбыр,
Кейде жыбыр,
Кейде жұмсақ желбіреп.
Көйлегің көк,
Өрнегі көп,
Құлпырады елбіреп.
Сұлу терек,
Жасыл желек,
Сәулем, саған не керек!
Биік бойың,
Кімде ойың?
Жібек желге аш қойын.
Аппақ кайың,
Бұл не жайың,
Жасарасың жыл сайын?
Аппақ қайың
Қалқатайым,
Мас қылады иіс майың?
Ақ көйлекті,
Сұлу текті,
Жасыл шашақ желекті.
Ырғаласың,
Бұраласың,
Көзді қайда саласың?
Қарағайым!
Жұпар майың,
Жібек желмен аңқиды.
Жұпар шаштың,
Көкірек аштың,
Мас болып тән балқиды.
Мас қылады,
Жас қылады
Жұпар исің жүректі.
Дертке дәрмен,
Тасқын әлмен
Жігерлейсің білекті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу