Өлеңдер ✍️

  04.05.2021
  255


Автор: Ақгүл Тұрсынбай

Оралшы, көңілдің көктемі

Оралшы, көңілдің көктемі

Қош келдің, көгілдір көктемім!
Сен келдің, табиғат гүлденді.
Алыстап қарт құда, өктем үн,
Тал-шыбық бусанып, бүрленді.
Кең далам төсіне төгілтіп,
Алқызыл гүл-моншақ таққанда,
Ақ мамық тәніне көсілтіп,
Көк майса көрпесін жапқанда
О, менің қадірлі Жер-Анам,
Бәріміз күйде едік көңілді.
Тек... оның көңілі неге алаң?
Көзінен неге жас төгілді?
Көктемнің нұрынан бір медет
Табардай жүрекке жаралы.
«Сүйгенім жанымда жүр ме?» деп
Бойжеткен алаңдай қарады.
Сүйгені серт етіп, сөз берген:
«Келесі көктемде келем» деп.
Ол жігіт неге енді өзгерген?
Бойжеткен күтіп жүр елеңдеп.
Қайғы ішіп, уайым жеп әрдайым,
Өксікке өртенген өзегі –
Қиналған арудың жағдайын
Жаңбырдай сірә, кім сезеді?
Мұңды аспан күрсініп жылады,
Жылады, кеудесі күркіреп.
Көк бұлттан тамшылар құлады,
Жауын боп тоқтаусыз сіркіреп.
Тамшылар әйнекке тырс етті.
Телміріп терезе алдында
Ару тұр,
Жүрегі дүрс етті.
«Сүйгенім келді» деп қалды ма?
Келмеді күттірген жігіті,
Бойжеткен өмірге өкпелі.
Өшпесін үкілі үміті,
Оралшы, көңілдің көктемі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу