Әңгімелер ✍️
Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі
Өлген адамды қазақтар әдетте үш-төрт сағаттан артық ал көп дегенде жарты тәуліктен артық сақтамайды. Сол сағатта өлген адамның үйіне төңіректегі ауылдың молдалары шақырылады. Олар шақырысымен тез келіп жетеді. Шариғат бойынша өлікті арулап жуып, жаназасын оқып, көмгеннен кейін, оның көйлек - көншектері мен баска киім-кешектері кедейлерге беріледі. Содан кейін молдаларға садақа үлестіріледі, бұл садақа «ысқат» деп аталады. Ысқат — қазақтардың түсінігі бойынша, молдаларға, шариғат заңы арқылы белгіленген төлеммен, өлген адамның күнәсін сату деген сөз. Мұхаммедтің шариғаты бойынша ысқат — өлген адамның тірі күнінде, балиғыға жеткен күннен бастап, күніне бес рет оқылатын намаздың оқылмай қалған қазалары үшін және рамазан айын (мұсылмандардың ораза ұстайтын айының аты) оразасыз өткізгені үшін құдай жолы (садақа) түрінде кедейлерге берілуге тиіс. Бірақ осы шариғат бойынша: «Өлген адамның күнәсін көтеру», яғни өлік басында «көтердің бе?», «көтердім» деп уәде беру міндеті молдаларға жүктелмеген. Мұндай сөздерді молдаларға қазақтардың өздері айтқызады. Шариғат бойынша өлген адамның тірі кезіндегі әрбір күніне 30 қадақ бидайдан, ал рамазан айының әрбір күніне 35 қадақ бидайдан, небәрі 365 күнге — 277 пұт 20 қадақ бидай ысқат берілуі керек. Бұл бидай жергілікті баға бойынша ақшаға шағылады. Ақша малға аударылады, мал келіп молдаларға үлестіріледі. Ал енді, бұл есеп бойынша өлген адамның үйінен өте көп мал немесе ақша шығару керек болатын. Оны төлеуге кей адамның бүкіл мал-мүлкі жетпейтін болғандықтан, әдетте молдалар, әйтеуір, қайткен күнде де шариғат талабын сақтау үшін ысқатқа шығарылған малды аса қымбат бағалайды. Осы баға бойынша ысқат малын алады. Бұл дәстүрді қазақтар былайша орындайды: өліктің бір жағында, басына таман, оның баласы не туысқаны отырады, ал екінші жағында қолына құран алып, молда отырады. Сонан, өлген адам, жоғарыда айтқанымыздай, балиғыға жеткеннен бері (күйлі адамның балаларын 13 жастан, кедей балаларын 15 жастан бастап есептегенде) неше жас жасаған болса, өлген адамның туысқаны молдаға құранды өлік үстінен сонша рет беріп: «Әкемнің, ағамның, не сондай бір туысқанымның күнәсін қабыл етесің бе?» деген сұрақ қойып отырды. Молда құранды ала беріп, «қабыл еттім2» деп жауап қайырып отырады. Сүйекті шығарарда өлген адамның әйелдері ойбай салып дауыс шығарады, оған ауылдағы басқа әйелдер де қосылады. Беттерін тырнап, қан қылады. Бастарына түскен қайғы-қасіретін жұрт алдында қаншалық күштірек көрсеткісі келсе, беттеріне де жара соншалық көп түседі. Сонан кейін, Мұхаммед заңы бойынша, молдалар өлік басына келіп, жаназа оқи бастайды. Жаназадан кейін өлік бейітке апарылады.
Бейіт ауыл төңірегіндегі ең биік жердің үстінен қазылады, ал оның үстіне салынатын ескерткіш алыстан көрінетін болуы үшін қатары биік етіліп жасалынады. Еркектердің ескерткішінің төбесіне — найза, әйелдердің бейітінің үстіне — бақан мен піспек, ал балалардікіне — бесік қойылады. Бұл бейіттерді жергілікті қазақтардың бәрі де жақсы біледі. Елсіз, жолсыз ендалада келе жатқан жолаушыға ол бейіттер жөн сілтейтін белгі болып табылады. Өйткені, қазақтар бейітке қарап бара жатқан бағытын түзейді де, даңғыл жолдың үстіндегі жолаушылар сықылды жүре береді. Өлген кісіні жерлейтін орынды қарастырғанда, оның бейітінін суға жақын болу жағы еске алынады. Өйткені, жүргіншілердің сол бейітті бағдарлап су тауып ішу мақсаты көздестіріледі.
Бата оқу үшін өлген адамның алыста тұратын ағайын-туғандары, дос-жарлары, тамыр-таныстары келеді. Келген адамдар өздерінің дәулетіне қарай, өлген адаммен көңілдестігіне қарай, ысқатқа, жерлеуге шығарылған шығынның орнын толтыру үшін екі, үш, жеті не он шақты жылқы немесе түйе жетектеп келеді, бұл «аза» деп аталады. Келушілерді өлген адамның туысқандары зор құрметпен қарсы алады, ал әйелдер жоқтау айтып қарсы алады. Жоқтау, қонақтар біраз уақыт тыңдап, құран оқуға кіріскенге дейін созыла береді, құран оқылған кезде басылады.
Өлген адамның ер-тұрмандары, киімдері, қару-жарақтары және басқа жақсы заттарының бәрі үй ішінде ілулі тұрады. Үйдің сол жағына ұшы сыртқа шығарылған ұзын найза қойылады. Найзаның ұшына үлкен орамал байланады. Егер өлген адам жас болса — қызыл, орта жастағы адам болса — қара, қарт болса — ақ орамал байланады. Мұның мәнісі — бұл үйде қандай жастағы адамның өлгенін осы белгі бойынша жүргіншілерге білдіру. Бұл заттардың бәрі кейде бүкіл жыл бойы сол қалпында тұра береді. Қырық күн өткен соң — қырқы, жыл толғаннан кейін — асы беріледі.
Бір ай бұрын төңіректегі және алыстағы ауылдарға ас берілетін күн туралы (астың сауыны айтылып) хабар беріледі. Асқа қатысқысы келетіндер бәйгіге қосу үшін аттарын жаратуға тиіс болады. Тағайындалған мерзімде, ауылдың қасына толып жатқан қаз - қатар киіз үйлер тігіледі, содан кейін келушілерді қонақ ету үшін астың малы сойыла бастайды.
Бай қазақтардың асы ас берушіні көп шығынға ұшыратады. Мысалы, менің өзім білетін бір байдың асында 100-ге жуық жылқы, одан әлдеқайда көп қой сойылды, 30 пұт күріш асылып, онын үстіне 10 пұт мейіз салынды. Келген қонақтардың көптігі сонша, олар 200 киіз үйге орналастырылды, асқа қосылған аттардың бас бәйгісіне 40 жылқы, 4 түйе тігілді.
Қонақтарға тігілген үйлерге кілемдер төселіп, көрпелер жайылады. Шақырылған адамдардың бәрі осы үйлерге келіп орналасады. Асқа келген әрбір құрметті қазақ саба-саба қымыз әкелуге тиіс. Жасы үлкен адамның әкелген сабасы сондай жасы үлкен қарт адамдардың алдына қойылады. Қонақасы берген кезде әрбір қазаққа, оның құрметілігіне қарай еттің тиісті сыбағалы мүшесі тартылады. Атап айтқанда, қарттар мен молдаларға -бас тартылады, оның бір құлағы балаға беріледі. Сұлтандар мен жалпы құрметті адамдарға — жая, қабырға, бір кесек бауыр және құйрық тартылады.
Ішек-қарын ауыл әйелдеріне беріледі. Мойын малшыларға беріледі. Сирақтары мен бүйректері балаларға беріледі. Бұл дәстүрлер сақталынбаса, қонақтар қатты зәбірленіп қалады.
Ет, палау жеп, қымыз ішіп болғаннан кейін жиналған жұрттың бәрі ат шабысты қарау үшін қырға шығады. Бұл арада, ат бәйгеден келгенше, күрес басталады. Күресте жыққан адам азын-аулақ бәйге алады. Бәйгеде аты озып келген адам мен күресте жығып шыққан адам бәйгелерін түгел ала алмайды. Бәйгені олардың туысқандары, таныстары үлесіп әкетеді. Сондықтан, кейде аты озып келген адам мен күресіп жыққан адам, тек жеңістің даңқына риза болып қала береді.
Бәйгеден кейін қонақтар тарайды. Өлген адамның үйіне ілініп қойылған заттардың бәрі жиналып алынады. Ұшына белгі тағылған найза сындырылады. Өлген адамға молда құран оқығаннан кейін, өлген адамның әйелінің басындағы қара орамал алынады, сөйтіп бәрі де дағдылы қалпына келтіріледі.
Ас тек ер адамдарға ғана беріледі. Ал егер әйел адамдарға беріле қалса, қонақасыдан басқа жоғарыда айтқанымыздай, бәйге, күрес және де басқа қызғылықты сән-салтанаттар көрсетілмейді және үйге әйелдің қайтыс болғандығы жөнінде белгілер де қойылмайды. Балиғыға толмай өлген балаға, жоғарыда айтылғандай, жаназа оқып жерлеуден басқа, ешқандай ас беру деген болмайды.
1870 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter