Әңгімелер ✍️
Ақылды бай туралы әңгіме
Бірнеше тәуір кісілер бір жетім-жесір қалған үй үшін жылу жиямыз деп, әр үйге қыдырып барып жүріп бір байдың үйіне келсе, бай жұмыскеріне бір кішкентай жіпті жаңбырда ұмытып, далада қалдырыпсың деп, қатты ұрысып тұр екен. Ұрысып тұрып айтады:
— Сен білмейсің ол кішкентай ғана жіп те болса, малға сатып алынған нәрсе, малдың табылуы оңай емес, — деп.
Мұны есітіп, көріп, әлгі жолаушылар өзді-өзі сөйлесті: «Бір жаман жіпті далада ұмытып қалдырдың деп сонша кейіп тұрған адам бізге ешнәрсе бере қоймас, аузымызды ауыртпай, келген ізімізбен қайталық». Ішінде біреуі айтты:
— Неміз кетіп барады, келген соң бұған да айтып кетелік. Бұл сөзбен байға келіп, сәлем берді. Бай бұларды әдеппен үйіне кіргізді. Сонан соң келгендердің жұмысын есітіп, сол жердің өзінде бөтендерге қарағанда екі өсе ақша шығарып берді және мұнан басқа төрт-бес қап астық беремін деп уәде етті. Мұнысын керіп жолаушылар таңданып отырды да, өздерінің далада байды сараңға қойғандарын айтысты. Сонда бай айтты:
— Аз нәрсені азсынбай, қадірін біліп жинағаннан осындай кем-кетікке жәрдем беруге қолым жетісті; жинақтылық — сараңдыққа қосылмайды, — деді дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter