02.05.2021
  295


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Комплексте кіндік тақырып - еңбек

Комплекс жүйесінде негізгі зерттелетін нәрсе, кіндік тақырып – еңбек. Еңбек болғанда сол өңірдегі елдің күн көретін еңбегі.


Еңбек қалай зерттеледі, оқылады десеңіз үш жағынан қаралып оқылады:


1) Оқудың бас қазығы еңбек болмақ.


2) Мектеп өмірінің, мектеп ұйымының бір басты бөлімі еңбек болмақ.


3) Өмірді зерттеуге басты әдістің бірі еңбек болмақ.


Оның мәнісі: бір жағынан бала еңбекке өзі аралассын, көмектессін, екінші, еңбектеніп жүріп, еңбек арқылы білім алсын, үшінші, еңбектеніп өнімді болатын төте жолын үйренсін.


Мектептегі еңбек түрлеріне қойылатын шарт:


1) Еңбек тәрбие жөнінен маңызды болсын, яғни баланың денесі, ақылы жетілуге қолқабыс еткендей еңбек болсын.


2) Баланын жасына, күшіне лайықты, шамасы келерлік еңбек болсын.


3) Бала түсінгендей, баланың мүддесіне тура келетіндей еңбек болсын. Мұғалімнің қосқаны, бұйырғаны болмасын.


4) Іс жүзінде пайдалы еңбек болсын.


5) Көптесіп, бірлесіп істегендей еңбек болсын.


6) Баланы шаршатып, деміктірмейтін еңбек болсын.


7) Еңбектің мақсұтын, планын балалар өздері белгілеп, бірлесіп орындау жолын өздері реттеп, кім қандай жұмысты істейтінін, күштеріне қарай үлесіп алсын.


Қай түрлі еңбекті істету керек: егін оруға, шөп шабуға, арық қазуға, ағаш егуге, отын жаруға, күл-шарбақ жинатуға, судың, ауанын өзгерісін зерттеуге, өсімдікті бақылауға, қар күреуге, терезе майлатуға, кітап түптетуге араластыра ма, мал күткізе ме, ауылнай исполкомның списогын жаздыра ма, шақыру қағазын таратқыза ма, үй ішін қағып-сілкуге, дененің тазалығымен алысуға, ыдыс-аяқты тазалауға қатыстыра ма, оның бәрін жер-жердің жағдайына қарай. Кезіндегі науқанға елдің қажетіне қарай. Балалардың қолынан келуіне қарай бөлу керек. Қалайда жоғарғы айтқан шарттарға тура келсін.


Оның үстіне балалардың үйдегі, мектептегі күндегі еңбектері жабайы, қарапайым, өнімсіз, түйтінек екенін мұғалім қашан да ескертіп, тексеріп, кітап оқу, әңгімелесу арқылы балаларды еңбектің құнарлы түрімен, төте жолдарымен таныстырып, жабайы түрін өзгертуге баланың талабын қоздырып, қызықтырсын, құмар қылсын.


Еңбекке аздап болса да балалар өздері қатынаспай тұрып еңбектің не екенін түсіне алмайды. «Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер» дегендей, неғұрлым еңбекке қолма-қол араластырып оқытса, соғұрлым оқу қонымды, жұғымды болғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу