Әңгімелер ✍️
Бетім-ау, құдағи ғой!
Күздігүні. Ел соғымын сайлаған уақ. Кемелбай — жәрмеңкеде Дәметкенді қатыны өлген Жұман айттырып, жөнді мал бере алмай жүретін Кемелбай — қыңыр адам: мал бермесе, қызымды бермеймін деп жүретін; және қызғаншақ кісі; бір-екі қабат Жұманды жолатпай да жіберген. Үйткенмен бермей кете алмайтынына көзі жетеді, қалыңнан алған көк ат пен тарғыл ту сиырын сатып, қызға керек-жарақ алуға жәрмеңкеге кеткен.
Сол елді Қоңқаш деген бір қуаяқ жігіт болатын. Қоңқаш Кемелбайға бөле ме, құдай-ау, бөленің қайын сіңілісінен туған ба — әйтеуір Кемелбайдың шешесін “нағашы палап”, өткен-кеткенде Кемекең үйіне бір түспей кетпейтін.
Қоңқаш Кемекең үйіне қонып отыр. Есті жиып болған. Қоңқаш қолында домбыра. Бір келіншек, бір қыз екі жақтан:
— Қоңқаш, болшы енді.
— Айтатын болсаң, айтшы енді, — деп төніп отыр.
Қоңқаш өп-өтірік қысылғансып, білмегенсіп, орамалмен маңдайын сүрткен болып:
— Ей! Құдайға жазған басым, мен қашан ақын жігіт едім?
Келіншек:
— Қой, енді! Біздікі бірдеңе білетін шығарсың... бол, айтып жібер, бағанадан әдейі домбыра алдырып, тосып отырмыз.
— Тіпті былай, білмеймін деу де ұят. Тосып отырғаның да рас: менде қауқар болса, қимылдататын рет келіп-ақ отыр. Шіркін, неғып аузыма түспей кетті? Бірдеме ойлап қарайыншы, — деп жоғары қарап, домбыраның құлағын бұрай түсіп, әр жеріне түкіріп, бунағын жылжыта береді.
Келіншек:
— Байғұс, қауқарың болмай әлден, неден құдай атты?
— Айтпайын десе, болмадың, сені көрген соң тура есім шығып отыр.
— Қой енді, тіл ме жағыңа сүйенбей! — Дәметкен теріс қарап жымияды. Ауыз үйде қазан жақта жүріп, Ұрсия айғайлайды:
— Қоңқаш!
— А-ау!
— Қарабасқыр, жағың қарысып отыр ма? Бұраңдамай-ақ, айтсаңшы!
— Е, немене, етке сірестірген кісіше?
— Сол екен ғой айтпай отырғаның. Барды жедің... Тоймасаң, өрем қап! Бір тоқтыны сойып-ақ тастайтын едік, сойғызбаған өзің емес пе?
— Ойбай, ойнап айтам. (Қасындағыларға): Бәлеге қалдым ғой, жазған.
Келіншек пен қыз:
— Бол, енді, қайтамыз.
— Бол, енді.
— Япырай! Кішкене кеткенше сабыр етсеңші!
— Жаратқан, сенің сабыр етің таусылмайды ғой. Ал, ендеше мен қайтам, айтпасаң, езіп іш, — деп келіншек түрегелді.
— Міне, ал жіберейін..
Қоңқаш былғаңдатып бір-екі ауыз күлдіргілеу өлең айтады. Екеуі күлісіп қалады.
— Ал айт десеңдер, мен тағы айта берем, сонсоң бұл өлеңнің аяғы таң атқанша созылады. Үйіңе қайтпайсың.
— Сондағы айтатының әлгіндей ме?
— Жоқ, әр түрлі...
— Әлгіндей болса, керегі жоқ, тәуіріңді айт.
— Мен аузыма түскенін айтам. Қызған кезде кісі тәуір, жаманына қарай ма?
— Айта бер, айта бер!
— Ал, ендеше Ақан серіні айтамын:
Алыстан ақ қағаз деп естуші едім,
Қағазың шимайлаған күйе болса.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Жез бұйдалы тайлақ деуші ем.
Тайлағың қойшы мінген түйе болса.
Келіншек: (жымиып) А, мынауың жарайды! (қызға қарап) Көзжақсым, жарамай ма?
Қыз: (жымиып) Неге жарамасын, жарайды. Әйнектен біреу айғай салады:
— Ау, Ұрсия!
— Немене?
— Жатайық деп жатырмыз, жүр үйге!
— Қой, ойбай, қайтпасаң, кемпір бақыра берер, (Тұрекеліп) Көзжақсым, есігіңді жауып ал!
Ұрсия: «Жүр, мен шығарып жіберейін».
Қоңқаш: (Дәметкенге қарап) Қарағым, айта берейін ба?
— Өзің біл!
— Қарындасым, тіпті өзің білші!
— Маған салсаң айта бер!
— Таң атқанша ма?
— Мейлің.
— Қалқам-ау! Нем шақ келеді?
Дәметкен: (түрекеліп, теріс қарап келіп)
— Айтпасаң, қойшы енді. Төсек саламыз.
Ұрсия: (даладан келіп) «Қане, маған айтшы өлеңінді!» деп біраз қалжыңдасып отырады. Әр-бірден соң есік тарсылдайды.
Қоңқаш:
— Тр-р!.. Есік тарсылдайды!
Дәметкен:
— Апа, бекітіп пе ең?
— Бекіткем.
— Аш, есікті! — деп әйнекті келіп тарсылдатады.
Ұрсия:
— Ойбай-ау! Айым ғой!..
Дәметкен:
— Апа-ай! Бір сұмдық болмасын?!.
Кемпір: — (бұрышта отырып) Бұл келген дәу де болса, Жұман. Дәметкенді тартып аламыз деген сөзі бар деген.
Қоңқаш: — А, қойшы?!
Әйнек, есікті тарсылдатқан кісінің дауысы, тықыры көп екені білінеді. Ұрсия сасқалақтап:
— Ойбай, енді қайттік?
Дәметкен: (жыламсырап)
— Апа-ай! Мен қайтем?
Қоңқаш: — Саспаңдар, тоқта! Мен есебін таптым!
Дәметкен, Ұрсия: — Немене, ал!
Қоңқаш: — Бер кел, Ұрсия! Бер кел, Дәметкен! — деп бұрыш жаққа апарып, күбірлесіп, сөйлесіп, абыр-сабыр болады. Анда-санда сасқалақтап: «әже... кемпір, бол жылдам» деген дауыстары шығады.
Қоңқаш:
— Ұрсия, сен безектей бер! Кемпір, етпеңнен түсіп жылай бер! Мен барып есік ашайын, — деп жөнеледі.
4-5 жігіт сау етіп кіріп келеді.
1-нші жігіт: Қыз қайда?
2-нші жігіт: Міне, жатыр.
3-нші жігіт: Айда, көтер!
Ұрсия: Ойбай-ай! Бұл не қылғандарың, қолымыздан бермейтін бе едік?!
4-нші жігіт: Жұмыс бітті. Сөзді қой! Байла!
Жұман: (кіріп келіп, алақтап) Қыз қайда? Қыз қайда?
2-нші жігіт: Есі шыққан, құдай атқан, әні! Ұмтыл, құшақтап жат, өлсең де!
Жігіттер: “Байла, тарт, сүйре! Сыпыр! ” деп үйдің ішіндегі нәрселерді алып, кемпірді домалатып, абдырамен бастырып, Қоңқашты байлап тастап, жөнеледі. Бір жігіт шыға беріп (Қоңқашқа): “Жат, бәлем ауызың аппақ болып! ”
Қоңқаш: Сендердің өздерің де жетісер... жер соқтырдым ба, иттерді?
Ұрсия: Үндеме, ойбай, ұзасын!
ІІ
Жұмандікі әбігер. Ақ шымылдық оң жақта құрылған. Жұмекең тымақты алшысынан салып, қасқиып, келген кісілерге:
“Жоғары шығыңыз! Былай! Апа, кісіге жол бер”,— деп қоразданып отыр. Ол адамдары келіп, қуанышты құттықтасып:
“Әзи, жолың құтты болсын, шырағым! Қадамың қайырлы болсын! ” деп келінге батасын берісіп жатыр.
Жұман өткен-кеткенге: «Әй, шайларың болды ма? Неғып тұрсың? Шайыңды болдыр!» деп қояды.
Шымылдықтың ішіне бала-шаға жапырлап кірісіп жатыр.
Бір уақытта қолдарына аяғы бар үш-төрт кексе қатын кіріп келді.
— Ал басыңды тоса бер! — Не де болса, «қайырлы болсын, құтты болсынды» қағып, Жұманды құртпен жаудырып жатыр. «Әумин! Айтқандарың келсін. Былай шығыңыз!» деп қолына түскен бауырсақ, құртты шайнап отыр.
Еркектер гуілдесіп:
— Е, бәсе! Осыдан болса керек еді!
— Малды көп сұрайтын неме ғой!
— Оған аз, менсінбегенсіп қандай болды?
— Не де болса, барған соң алып келгендері абұйыр болды!
— Ә деп барып, алмай қайтады дедіңдер ме!
— Алдымызда жау тұрса, тайынатын емеспіз!
«Енді мықты жігіт болып отырғанын, айт дегенде тұра қашатын сен емес пе едің?» дескен сияқты бос әңгімені бөсіп отыр. Жұманның шешесін қатындар ортаға алысып, шуылдасып жатыр:
— Ие, шеше! Келінің қайырлы болсын!
— Келінім-келінім дей берші едің! Көңілің дауалады ма?
— Шешем қайта қуанбай екен.
— Шашуымызды әкел... жыртысымызды көп қып бересің...
— 20 тиыннан кем берсең, алмаймыз күмісіңді!
— Ойбай, қарақтарым-ай! Дәметкеннен аяйтын не бар?.. Өздерің келіндеріңді көрдіңдер ме?
— Көреміз... алдымен айтайын, беташар өзіміздікі, шеше...
— Тәйіт ары, сен-ақ сүйреңдеп, өзіңнен артылмайды-ақ.
— Артылмаса, қайт дейсің? Өз қуанышым! Өз қызығым!
— Жетесіз шіркін-ай! Өзіңдікін өзіңе алайын деп пе едің? Жол менікі!
— Соған несіне таласасыңдар?
— Ие, таласпай, Егезек жақыны міндейтін шығар; Әйтпесе беташардың жөні менікі емес пе?
— Сендердің дәйім озбырлықтарын қалмайды-ау!
— Әлгі кенжетайдың қолұстарын да көре алмағансың, бәрін бірдей бауырыңа...
— Ие, «төсексаларын» сенің абысының алған.
— Ендеше «қойынға жатыр» андағы Жәмилә алған.
— Астпарылла! Қашан қойынға жатар еді, «шымылдық жияр» еді, бір шаршы қытай-кезін айтып отырсың ба?
— Бәріміздің де алғанымыз — бір-бір суыртпақ ... кім алып қарық болушы еді. Әшейін абысын-ажын сыйы-дағы.
Бір жуан сары қатын айғайлап:
«Тоқта, түге, шулама!» дегенде, бәрі тоқтай қалды.
— Қалампыр, сенің де жолың біткен! Жәмилә, сенің де жолың біткен; Егезек, сенікінің де, Ұрқия, сенікінің де жөні жоқ. Сиырдың бүйрегіндей жиылған шіркіндер, шулап кеттің ғой түге, бәйбіше беташарды кімге берсе де, өзі-ақ айтсын!
Сары қатын бәйбішеге:
— Ал, бәйбіше! Беташарды жасы үлкенге берсең де, кімге берсең де, өзің біл!
Бәйбіше:
— ендеше, өзгең өкпелеме! Жолдарың табыла берер... Әзимә тәуір еді, жолы да үлкен еді: беташарды ажар алсын.
(Ажар — әлгі сары қатын)
Сары қатын:
— Е, дұрыс!
— Түйенің танығаны — жапырақ, дегендей.
— Соның-ақ мүйізі шықсын, — деп күңкілдескендері де болды. Сары қатын:
— Ал, жүріңдер! Келінді көрейік!
— Жүріңдер!
— Япырай, қатындардың дауы бітпейді-ау.
— Ие, шіркіндерде береке бар ма?
— Олар да қайтсін: «Өз қызығың — өз ісің», — десіп еркектер отыр.
Жас жігіттер шымылдықтан сығалап: «Жеңгемізді енді анықтап көрейікші!»
Қатындар: «Көрсетпейміз, көрімдігімізді бер! Кемелбайдың үйінде көрмеп пе едің?»
Жігіттер: «Қой, былай тарт қолыңды!»
Сары қатын:
— Шырағым! Ата-енеңнің жоралғысы: келіннің бетін кім ашса, сол ыстық деп, келін қарағым! Бетіңді тұйықтай бермей... тек қадамың қайырлы болсын! Иә, бісімілда, — деп бетін ашып қалды.
— Масқара!
— О не, о не?
— Бетім-ау! Құдағи ғой!
Қатындар: «Көтек!»
— Мынауың кемпір ғой!
— Қ-ап! Ұрған екен ғой!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter