Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  404


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Көшу

«Көшіп атыр» деген соң көзімді ашып,
Бет-аузымды уқалап, өңім қашып,
Сығырайып жан-жаққа алақтасам —
Уда-шу — бәрі әбігер, дабырласып.
Жүк тартқан құмырсқадай қыбырласып,
Жұмысшы, жүгіріскен бәрі сасып,
Үй жыққан, жүгін түйген, қомын артқан,
Таңғалы арқан-жібін даярласып.
Ешкім жоқ тамашалап қарап тұрған,
Күйбендеп көшкен жұртты санап тұрған.
«Арба сал», «Ат қайда?», «Киратты-лап»,
«Ай-һүйлеп» қамшы, таяқ лақтырған.
«Желіні босатыңдар...», «Көген қайда?»
«Бол жылдам, басын түр де, мынаны айда!
«Манадан ат ерттемей неғып тұрсың?»
«Ой, оның жолда қалады, мықтап байла!»
«Былай тарт, сиыр қашты ана арысқа!»
«Қоя бер, бұзауменен арпалыспа!»
«Бауыр жібін қатты тарт, әбден!»
Сасып жүріп «Ауыл көшер» — деп алысқа!
Жаланған әлекедей бел буысқан,
Жүк артқан қыз-келіншек әрбір тұстан.
Айғырын шандырлап-ақ, шартылдатып,
Суылдап құр-кұрлап жүр ат қуысқап.
Жүгіріп жүген алып, бір жас бала,
Зыр қағып жылқы ішіне барған мана.
Ентігіп, өклесі өшіп жыламсырап,
Жалынып «Ағатайлап» жүр бишара.
Жаны ашып ол байғұсқа рахым еткен,
Еш адам табылмады сонша көптен.
Тыраңдап ескерусіз қала берді,
Жалтақтап оған-бұған, өткен-кеткен.
«Қарашы, көк биені мінгелі тұр,
Түйеші Жапабай да жаман-кәрі...
Ала шолақ өгіздің арбасына,
Амалсыз жабысам-ау енді тағы.
Пысылдаған, о, қырсау арам қатқыр!
Қай жөнге жүрет дейсің кұдай атқыр.
Кұйрығын ылғи бұрап отырмасан,
Мелшиіп жатып алар жамандатқыр!
Ол итке мінбегенмен бойым тежеп,
Кіші үйдің қара атаны о бір кезеп.
Қырсықты, бақырауық, жырық қара ит
Мың салса, бір баспайтын бір ақшелек».
Байтал мінген байпақсыз байғұс малай,
Солбаландап ат ерттел жүр анадай.
Неше қабат ұмтылып, аударылып,
Байталды басқа ұрғаның мәнісі қалай!?
Тәлімшіл желек салған келіншектер,
Сақалды бас көргенде шегіншектер.
Жаяулап жұрттан шыға атқа асылып,
Етегін қымтай алмай изелектер.
Салты жоқ қарқаралы қоңырау таққан,
Аумалы жүктер де аз түйеге артқан,
Құрсаулы қарамайлы дөңгелектер
Жемшікше тіркеп алған кіре тартқан.
Ән салғыш бая-шая дөңгелектер,
Соқтықса, томар қақса елбелектер,
Әндері бытыраңқы қосылмайды,
Кетер ме берекелі асыл тектер?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу