Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  223


Автор: Шырын Мамасерікова

Әже тілегі

Сағындың ба, ботақаным, жарығым,


Тыңдар дерсің жетімдердің зарын кім.


Әжең отыр іштей тынып мүжіліп.


Бөріге ұқсап білдірмейтін арығын.


Тұңғыш рет тәй-тәй қадам басқанда,


Дегем саған; “Алға ұмтыл, жасқанба!”


Көгершінім, құшағымда шаттанып,


Күміс күлкің шашылсыншы аспанға.


Құлыншағым, тіл мен көзден аман бол,


Бетін аулақ қылсын сенен жаман жол.


Жатсам-тұрсам Тәңіріден тілеймін,


Шертпесе екен маңдайыңнан арам қол.


Балапаным, айналайын, ауырма,


Төзімді бол қарлы боран, дауылға.


Тұлпарымның тұяғы деп жүрейін,


Сабыр сақта қамшы тисе сауырға.


Әдемі арман қалайынша жоғалар,


Дейді халқым: “Орнында бар оңалар”.


Сенсің, қалқам, ошағыма от жағып,


Құлап қалған әке отауын соға алар.


Шарапатым тисін десең егер шын,


О жаратқан! Шуағыңды төгерсің.


Жал-құйрығын күземеші ешқашан,


Жас шыбықтар өркен жайып көгерсін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу