Өлеңдер ✍️
ҚАРТ САРБАЗДАР, ҚАРИЯЛАР
Жан сарайын алдында жиі ақтарар,
Жас шыбықтар қатайып қуаттанар.
Жол сілтейін қашан да қариялар,
Жұрттың күре тамыры сияқтанар.
Тітіркенсе тентектер сақалынан,
Бұзақылар қорқатын қаһарынан.
Мұзды еріткен бұлақтай дана шалдың,
Бүкіл қауым нәр алған мақалынан.
Қырау шалып тұрса да қас - қабағын,
Қайрат - күшпң тапқандай басқа амалын.
Таза жүрек, тәтті тіл, ақыл көзі
Сан қиқардың талқандар тас қамалын.
Әрбір сөзі - ереже, Заң кітабы,
Шежіре айтса өткен күн жаңғырады.
Ашуланса жіберер жаһаннамға,
Пайғамбарға ұқсап дәл таң қылады.
Риза емес кеуде отың сөнгенше,
Таудай талап тілейді ол өркеніне.
Тәспі тартып тәубалап отырады,
Иман жүрек зейнетін көргеніне.
Ауыздықтап фашистей аждаһаны,
Ұмытылмас ерлікке бастағаны.
Адалдық пен батырлық аталардың,
Мұра етіп ұрпаққа тастағаны.
Сұм соғыстың қиратып қыл көпірін,
Туған жердің ораған гүлге өңірін.
Қарт сарбаздар - ақ басты асқақ таулар,
Азаттықтың сыйлаған нұрлы өмірін!..
Мінген соң кәріліктің кемесіне,
Жас шақтың көз жіберіп елесіне.
Құт қонған туған жерде Әбдез ағам,
Алады сұм соғысты кім есіне.
Балайды барша жұртты туыс жанға,
Қайраты берік оның құрыштан да.
Халқына бейбітшілік, бақыт тілер,
Құдайға ғибадат қып пүліш таңда.
Шаттықа бөлеу үшін бұл күндерді,
Ол, рас, жауынгерлер қырғын көрді.
Сондықтан тоғызыншы Мамыр сайын,
Ұсынам майдангерге жыр-гүлдерді.
Тыныштық үзбеуі үшін маңғаз әнін,
Қантөгіс шашпауы үшін енді ызғарын.
Құрметтеп төбемізге көтерейік.
Алапат ұрыстардың сарбаздарын.
Қаймықпай жорықтардан оқ бораған,
Жеткенше Жеңіс күнге тоқтамаған
Қаһарман қырандарға алғыс айтам,
Жаныштап қас жауызды ноқталаған!...
Ала білген сан асуды, биікті,
Бір ағам бар сұңғақ бойлы, иықты.
Күн көзіндей шуак төгіп тұратын,
Жанарына тек жылылық жиыпты.
Соғыста да отқа тқсіп қаншама,
Аңыз болдың ерлігіңмен баршаға.
Азаттықты Сіз арқылы алғандай,
Житомир мен Брянск, Варшава.
Зерде керек тереңдікті тануға,
Қатыстыңыз Берлинді де алуға.
Кеуде толы ордендер мен медальдар,
Беріледі туған жерде нар ұлға.
Айта берсе еңбегіңіз көп тегі,
Шежіре жыр маңдайдан тер төккені.
Қыран едің бір ұядан түлеген,
Көрініп тұр Асқаровтың мектебі.
Алапатты күндер салған піл жауыр,
Артта қалды уақыт жүгі зіл ауыр.
Асыл аға Қайсарбайды жасартып,
Адал еңбек сыйлап жатыр қыз дәуір!..
Сынағы көп тағдырдың жас кезімнен,
Соққылап жұр аямай бас-көзімнен.
Сиремеші, асқар тау ағаларым,
Сендер барда өзімді жас сезінем.
Абызға ұқсап беретін баталарын,
Азайыпты-ау ардагер аталарым.
Арамыздан неліктен көрінбейді,
Ақ кимешек жарасқан апаларым?!
Жаратқан соң тәңірім өзекті ғып,
Тұр ма бәрі жағада кезек күтіп.
Асықпа, аға, ажалдың қақпасы ашық,
Дәм таусылса жіберер тез өткізіп.
Шат тұрмыстың іргесін сөккізбейік,
Ынтымақтың ырысын төккізбейік.
Тозақ етпей төрт күндік тіршілікті,
Жұмақ жасап сыйласып өткізейік.
“Барса келмес” ауылынан қайта алмайсың,
“Бақыт деген өмір” деп айта алмайсың.
Бауыры мұз қара жер құшағында,
Бұтақ жайып емендей жайқалмайсың.
Жазылғанын көрсең де маңдайыңа,
Жақсы лепес тілеймін таңдайыңа.
Жарық дүние жұлдызы сөнбеуі ұшін,
Жұл кеселді жармасқан шалғайыңа.
Істерің көп әлі де тындырмаған,
Шөбереңді еркелет былдырлаған.
Сырқат, тәйір, сөзбе қарт майдангерге,
Сұрапыл өрт соғыс та сындырмаған!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter