Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  228


Автор: Шырын Мамасерікова

ЖОЙЫЛСЫН ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖЕР БЕТІНДЕ

Қайыңға құлақ түрсең үн шығады,


Қол созып арай таңға ол құлшынады.


Қаптаса айналасы улы газға,


Қиналып жапырағы тұншығады.


Адамның бағы жансын тірісінде,


Тұрмасын жердің шары қыл үстінде.


Салтанат құрсын бақыт баянды боп,


Сәбидің қуанышты күлкісінде.


Шуақты сәуле шашсын шам шырақтар,


Ынтымақ, береке үшін жансын оттар.


Жүйкені тоздырып бір, қан тасытып,


Үреймен шошытпасын сан сұрақтар.


Болмасын қаруменен ғасыр өктем,


Сақтайық жердің жүзін қасіреттен.


Дертінен сұм соғыстың айықтырар,


Бар елге бейбітшілік-қасиетті ем.


Аяла туған жердің тыныштығын,


Өлкеңнің ен дәулетін, ырыс гүлін.


Бесіктен перзентіңе үйрете біл,


Шындықтың, ақиқаттың дұрыстығын.


Тоқталсын, қауіп-қатер үдемесін,


Еңсесі түсіп әлем жүдемесін.


Іргесін дүниенің бұзу деген,


Білемін басбұзарға түк емесін.


Жастықтың сырын шерткен ерке тілмен,


Жауқазын ән шырқасын тербетілген.


Жүрегің зуылдатқан тіршіліктің,


Жойылсын қару жарақ жер бетінен.


Тыныштықтың көсегесі көгеріп,


Таң шапағы арай шашса от өріп.


Келе жатыр жауынгерлер жасағы,


Бейбіт күнді иығына көтеріп.


Атақ-даңқтың ерттеп мініп боз атын,


Батырлар бар қанмен жазған өз атын.


Кескілескен шайқастарда ел үшін,


Кеуделерін жауға, оққа тосатын.


Атқылаған пулеметтен қорықпай,


Шебін бұзып жауды жеңген жорықта.


Сарбаздар бар төтеп беріп танкке,


Аман жеткен Берлинге де зорықпай.


Артқа қарай шегінбестен бір адым,


Қасық қаны таусылғанша тұратын.


Қаһарман ұл бораған оқ астында,


Сағынатын туған жердің құрағын.


Есіне алып әке-шеше, ауылын,


Етігімен су кешкен сан бауырым.


Сын сағатта өшпес ерлік жасады,


Серпіп тастап снарядтар дауылын.


Қара құрттай фашистерді қаптаған,


Қайсарлықпен қан жұтқызып таптаған.


Айбынды әскер рухы асқақ әрдайым,


Абыроймен ел сенімін ақтаған.


Жау бар әлі азат күнді сөнсе дер,


Жеңіс құны тек ерлікпен өлшенер.


Құрыш табан, болат білек сарбаздар,


Қорғар мәңгі Отанға бұлт төнсе егер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу