Әңгімелер ✍️
АҚКӨЗДІҢ АҚТАЛУЫ
Алғашқыда өрттей лаулаған ұлт-азаттык көтерілістің шарпуы Меркі, Кузьминка, Шалдуар, Мөңке, Новотроицк, Каменка елді мекендерін камтығанымен, патша үкіметінің мұздай кұрсанған карулы күштеріне төтеп бере алмады. Әсіресе Пішпектен келген Пол- тарацкийдің жазалаушы жасақтары мен 21 кыркүйекте Ташкент, Әулиеатадан ағылған атты әскерлер елдің ойранын шығарғаны рас-тұғын. “Аққа құдай жақ!” деп азуын айға білеген жаужүрек жігіттерді зеңбірек оғымен баудай түсірген, нағыз тозақ оттарындай көрпіген. Қызтуған сайдың жоғарғы жағындағы Ащыбұлақтың бойындағы қалың жыңғылдың ішіне кіріп, әрең бой жасырған Ақкөз түнімен уһілеп, көз шырымын алмады. Тек таң алдында ғана кірпігі ілінген екен, түс көріпті. Алыстан атпен келген екі- үш ақсақал мұңайып отырған Ақкөзге:
-Қарағым, көп қиналдың ғой, жақсылықтан күдер үзбе! -дейді. “Халқым үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, шейіт кеткендердің обалы кімге?!” - деп шыңғырған өз даусынан оянған Ақкөз: “Әруағыңнан айналайын, бабаларым, жебеп жүр екенсіңдер-ау! Кім болды екен бұлар?! Күндегі бес уақыт намазымда үнемі мінәжат ететін, көреген көсем бабам Бәйдібек пе?! 93 жыл өмір сүрген дуалы ауыз Дулат бабам ба?! Азулы Шағай, әлде жаужүрек батыр бабам Мұрат па?! Бәлкім өзіме батасын берген Сыпатай батыр ма?! Ол кісінің түрі қандай еді?!'” - деп Ақкөз осыдан 50 шақты жыл бұрынғы жастық шағын, әкесі Қосанды есіне ала бастады. Өмір - өзен дегені осы шығар, уақыт зымырап ағып өтіп жатыр, бұдан кейін де аға бермек.
Ол кезде Ақкөз 18-19 шамасында алабұртқан жігіт шағы. Сыпатай батырдың үлкен ұлы Ноғай мырза: “Жас иіс қосып, әкемізді жасартқымыз келеді”, - деп 80-нен асқан қарт әкесінің қарсыласқанына қарамастан, Қарабалта жақтағы дос қырғыздарының келісімі- мен уылжыған Дәмелі атты бойжеткенді малға жығып алып берді, ұлан-асыр той жасап, ат жарыс, аударыспақ, теңге ілу, күрес, тағы басқа ойындар өткізген. Сонда аударыспақ пен теңге ілуден Ақкөз қазақ-қырғыз жігіттеін жеңіп, бәйгесіне кілем жапқан түйе алған еді-ау. Сол тойда Қосан: “ұлым тіл мен көзден аман болсын” деп түйені құрбан шалып, етін шикілей ағайын, ел-жұртқа таратып, кілемді Сыпатай батырдың аяғының астына тастап: - Батыр, кілем өзімдікі деме, бұл - баламның маңдай тері, адал ақысы, батаңды бер! - деген қалбалақтап. Көгілдір пүлішпен қапталған кәмшат тері тонын, қарақоңыр құндыз жағасын сипап отырып, шүңірек үлкен қоңыр көз тесіле қарағанда, бүкіл жан дүниеңді ақтарып оқығандай әсер қалдыратын от жанарлы, ұзын бойлы, кең иықты, қалың қара қас, қара сақал, құс мұрын, сопақша жүзін Ақкөзге жайлап бұрған Сыпатай батыр Дәмелідей арудың буы ма, әлде ат құлағында ойнаған жас жігіттің жүректілігіне шын тәнті болды ма, қолын жайып:
Бұзауға ғана ұл болма,
Алты алаштың ұлы бол.
Алланың адал құлы бол,
Өз ортаңда ірі бол,
Ел басына күн туса,
Кол бастайтын пірі бол! - деген.
Одан кейін де біршама уақыт өтті. 1890 жылдан бастап Меркі өңіріне Астрахань, Ставроноль, Воронеж, Харьков, Чернигов губерниялары дей ме, ит біліп пе, естімеген елдерден дорба-қабын арқалап орыстар ағылып келе бастады. Арып-азьш, аш-жалаңаш келген мұжықтардың бейшара халін көргенде жергілікті жұрт жандары ашьп: “Бір қыстан қалмайтын шығар, не киімі, не малы, не үйі жоқ мүсәпірлер ғой”, - деп қайыр-садақаға қозы-лақ ұсынған-тын. Бірақ олар тамағынан өткеннің бәрін талғамайтын жаны сірі жұрт екен. Келе сала балшықтан жеркепе тұрғызып, бау-бақша, көк-сөгін егіп, Меркі өңіріндегі Ойтал, Жантайкөл, Көлтоған, Әулиекөл, Шайсандықтардың балығын аулап, жабайы қаз-үйректерін, қаптаған кекілік, қырғауылдарын қырып, Қорағаты, Қарасу бойындағы қалың қамысты мекендеген жабайы қабан шошқаларды атып жеп, қоңдана бастады. Жылқының қазы-қартасы, құнан қойдың майлы сүбесін жемесе ұнжырғасы түсетін қазақтарға орыстардың тұрмысы шындығында таңсық. Оларға тау бүлдіргені де, дала саңырауқұлақтары да тамақ, айран, қаймақ, сүт, қымыз іздемей-ақ, түрлі шөп жеп, қара су ішіп, ауырмай жүре беретінін қайтесің. Оның үстіне ең кедей деген қазақтың 50-60 қой-ешкісі, 2-3 сиыры, 2-3 жылқысы болатын. Соларын бағып және байларға жалданып, жан сақтап жүрген қазақ жалшыларының шұрайлы, суармалы жерлерін, ауыл атқамінерлері “жеміс-жидек өсіреді” деген сылтаумен орыс шаруаларына тартып әпергеннен кейін ел жағдайы жүдеп, нашарлай бастады. Ішер тұщы суы жоқ, қүмды, шөлейтті, сор топырақты жерлерге ығыстырылған көптеген аз ата, ұсақрулар ықылым заманнан бабаларынан мұраға қалған қара қонысынан айырылғанына іштей құса боп, “аһ” ұратын. Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, 1916 жылдың 25 маусымындағы әскерге қазақ жігіттерін алу жөніндегі Патша Жарлығы шыққанда, жұрт ашу-ызасы бұрқ етті.
Енді бүкіл Аспара бойындағы Ақтоған, Ақермен, Құмбел, Мықанды, Қызыл Қия, Мыңқазан, т.б. мекендермен қатар көрші ауылдардағы Қорағаты, Құмарық, Мақпал, Шөңір, Троицк, Аққайың, Аша, Аққолтық, Қалғұтты, Шөміш, т.б. болыстарындағы күллі қазақ күрт көтеріліп, Ақкөзге кеп: “Сыпатай батырдан бата алған әруақты азамат деп саған келіп отырмыз, ақыр - бір өлім. Патшаға жалданып, немістермен соғысып, шет жақта сүйегіміз қурағанша, өз өлкемізді кәпірлерден тазартып, туған топырағымызда көз жұмайық, бізді басқар!” - деп қоймаған соң, Ақкөз лажсыздан:
- Ертең Тағайталда түс кезінде жолығайық. Оған дейін әр ауылға 2-3 жігіттен хабаршы жіберіңдер, бай-кедей деп бөлмейік, қазақ баласы бас қоссын! - деген. Ертесіне Мырзабай мен Бірімқұлды ертіп Тағайталға барғанда құмырсқадай қалың қолды көріп, не айтарын білмеді. Құланнан, Шудан, көрші қырғыз ауылдарынан көптеген кісілер жиналыпты. Әбиір, Сатылған, Бәкеш, Қалқабай, Қарабай сияқты байлар да қолтығына су бүркіп: “Ақкөз, біз сені батыр бабаң Мұратқа тартқан қаһарман ғой десек, қатындардай қашқаның қалай?! Сарбаздарыңа ат пен ішіп-жейтін тамақтан қарайласармыз” - десе, Қарабала мен Сабаншы секілді төрелер:
- Қарадан шыққан ханға балап, ақ боз атты шалуға әкелдік, -деп тұр. Тантай Қонысбай қажы мен Жарас Досмайыл бата жасап, ақ боз айғыр сойылып, көтеріліске бел байлағандар егер уәдеден тайса, өздері қанға батсын деген ырым жасайды. Толықша келген қызылшырайлы, үлкен қой көзіне қалың қара қасы жарасып тұратын Ақкөзді аппақ киізге отырғызып, төрт бұрышын Құландағы Есқараның 90 жастағы биі Сатылған, Аша елінен келген Рүстембек, төреден Қарабала, қырғыз Атасақал ұстап, “Ақкөз - біздің ханымыз!” - деп әрқайсысы дауыстап айтқаннан кейін балалары Рахманқұл мен Әбіқұл төртеуіне төрт түлкі ішік жапқан. Уай, шіркін, заман-ай, тауы шағылып, иығы түскен халық осылай еңсесін көтеріп, Бектен, Атамырза, Нұрмағанбет сияқты байлардың қарсыласқанына қарамастан, “мың қосшыға бір басшы” етіп, Ақкөзді хан сайлап, қабырғалы қалың жұрт екенін танытпады ма. Шудан келген Нұрбек Қалыбеков, Исмағұл Қосмұратов, Рұстембек Оразымбетовтер де 4-5 мыңдай сарбаз жинайтынын айтса, ақиық ақын Сауытбек:
Хандығықңы құттықтап,
Аша елі келіп тұр.
Қазақ, қырғыз, төрелер,
Соңыңа сенің еріп тұр.
Меккеге барған қажы да,
Ақ батасын беріп тұр.
Абыройың асқақтап,
Балағыңнан өріп тұр.
Сөз қанжарын суырған,
Сауытбек бәрін көріп тұр!- деп жырлаған.
Сонда Ақкөз: - Уа, халқым! “Өз өлтірмес, жат жарылқамас!” деген рас екен. Ен даламызда еркелей жайылған арқар, елік, қарақұйрығымызды қырып, өзен-көл, тауларымыздан қырғауыл, кекілік, ұлар, қаз- ұйрегімізді үркітіп, түгін тартса, май шығатын құнарлы өлкемізді ата-бабасының төл мұрасындай иемденіп, енді бауырымыздағы балаларымызды жетім қозыдай көгендеп, ажалға, орыс-герман соғысына аттандырмақ болған залым патшаны қарғыс атсын! Атамекеннен артық жұмақ жоқ, сол жаннат жеріміздің темір торын үзіп, бостандық, азаттық алу үшін айқасқа әзірмін. Қасық қаным қалғанша халқыма қызмет етемін! -деп ант берген. 2-3 ай жасақтарын соғыс өнеріне үйретіп, жаттықтырып, найза, қылыш, садақ, білтелі мылтықтар жасатып, даярлық жүргізген. Ақкөз ханның жасағына қосыламыз деген қазақ-қырғыздан қаптаған халықтың саны 12-13 мыңға жетті. Кәмелетке толмаған бозбала мен қарттарын үйлеріне қайтарып, Ақкөз он мыңдай сарбаздарды ұлт-азаттық күреске жаттықтырып, әзірледі. Тамыздың 15-інде басталған көтеріліс алғашында айбары асқақтап, бірнеше рет жеңіске жеткенімен, Пішпек, Верный, Әулиеата, Ташкеннен келген жазалаушы жасақтар күн сайын көбейіп, алыстан атып, қырып-жойып, Ақкөз әскерінің тоз-тозын шығарды. Лундин, Кубашев, Ур- банек басқарған орыстың атты әскерлерімен қоян-қолтықта жеңіске жеткенімен, пулемет, зеңбірек пайдаланған қарулы күшке жалаң найза, қылыш, білтелі мылтық, садақ ұстаған жаужүрек батырлар төтеп бере алмаған. Міне, осынау қым-қуыт, қиын-қыстау шақта Ақкөз манағы түсті көрген болатын. Өзімен үнемі бірге жүретін сенімді серігі Досмайылға таңертең көрген түсін айтқанда ол:
- Қалған әскерді жиып, Шу жаққа барайық, Рүстембек пен Нұрбектің қолын жиып бірігейік, бәлкім, жақсылық болар, түсің оңға шықсын, әумин! - ден, тасбихын тартып отырып: - О, құдыретті күшті, Алла! Сенің зор ілтипатыңды тілейміз, өйткені сен күштісің, біз шамасызбыз. Кәпірлермен соғысқанымыз-дініміз, өміріміз, келешегіміз, дүние ақыретіміз үшін қайырлы екенін білсең, бұны бізге нәсіп ете гөр! Қолайластыр! Мүбәрәк ете гөр! - деп көзіне жас алғанда, өзі де діндар Ақкөздің арқа еті шымырлап, жүрегі лүпілдеп, басы мең-зең болып, бетін бірге сипады. Талай рет “Сыпатай!”, “Жауғаш!”, “Бәйдібек!” деп атой сап, соғыстың алдыңғы шебінде, бораған оқ өтінде жүретін Ақкөз дәл осылай шамырқанған емес-тін. Күн көтерілгенше мыңдаған сарбаздарын бастап, Троицк маңына топталған Рүстембектің қолына қосылып, “енді не істеу керек!” деп ақылдасып тұрғанда, “Әулиеата жақтан көп әскер келе жатыр” деген суық хабар жетті. Жауынгерлердің жабырқай бастағанын аңғарған Ақкөз:
- Уа, піл табан балуандарым, баһадүр батырларым! Басшыдан ми, қарашадан күй кеткен заман боп тұрса да, қасқа боп туған құлын қасқа күйінде өлетінін еске салғым келеді. Азаттық үшін арпалысқан екенбіз, осы жолда көз жұмған абзал азаматтардан, ойы таза, арманы биік асыл сарбаздардан жанымыз артық емес. Ботасы өлген боз маядай босқа маңырамай, жастығымызды ала қисаяйық! - деді нық сеніммен. Бәрі қоштаған сияқты. Алыстан екі атты көрінді. Қолдарында ақ ту. Бұл - бітім жасарда қолданатын белгі. Бірте-бірте жақындай түсті. Сарбаздардың шетінде тұрған Ыдырыс: - Бізді алдап, қолымызды көруге келе жатқан тыншылар шығар, атып тастайық! - деді зілдене. Оны туыстары Асылбек, Сүлейман, Асқарлар қоштап еді, Ақкөз - “Ашу ұрысқа, ақыл дұрысқа бастайды” деген, - алдымен білейік те, не мақсатпен жүргенін, -деді тыйып. Екі аттының бірі - орыс, әдемі әскери формада, екіншісі - қазақ. Арықша келген сұңғақ бойына қара плащы мен қара шляпасы өте жарасымды, ашаң жүз, жасы 37 шамасындағы сымбатты жігіт:
- Ассалаумағалейкум, ағалар! - деп атынан түсіп, 6-7 қазақтың қолын алды.
- Кімсіңдер? Неге келдіңдер?! - деді Қарабала төтесінен, даусынан зіл байқалды, төбелесуге даяр, тек Ақкөзден батпай тұр.
- Менің атым - Мұхамеджан Тынышбаев, Түрксіб темір жолында инженермін, мынау қасымдағы үлкен лауазымды подполковник Тризна жолдас. Сіздермен бейбіт жолмен сұхбаттасуға келдік, - деуі мұң екен, жан-жақтан:
- Өтірік!
- Жалған!
- Сенбейміз! Екеуін де өлтіріп, керіп тастау керек. Меркідегі бағандарға қазақтарды қалай тірідей қағып еді, өздеріне соны істейік!
- Орыс киімін киіп, кәпір дінін қабылдағандардан жақсылық күтуге болмайды!
- Бұлар бізді сөзге айналдырып, алыстан зеңбірегімен атқыламасын!.. Боқтау, былапыт сөздер де естіліп тұр. У-шу. Мұхаммеджан: Өлсем, жаным сол шаһит кеткен көп қазақтан әулие емес, еркек тоқты - құрбандық. Тек тынышталып, басшыларың болса сөйлесейік! - деген кезде, Ақкөз:
- Доғарыңдар шуды! - деп басып тастады. Айнала жым-жырт, тек аттардың ауыздықтарының ғана сылдыры естіледі.
- Әй, бала! Жасым пайғамбардың жасынан асқанда, өздеріңдей көген көздердің келешегі үшін басымды бәйгеге тігіп, азаттық үшін арпалысып, атқа қонғанмын. Атыңды атамаған себебім, ондай есімді пір тұтушы ем, оны айып етпе. Атамыз -Алаш, керегеміз - ағаш қазақпыз. Ешкімнің еліне баса-көктеп кіріп, баласын - құл, жерін - пұл еткеніміз жоқ. Шұрайлы жерімізді алып, балаларымызды соғысқа жөнелтіп, әскерге бергісі келмеген жарлы-жақыбайдың үйін тонап, өртеп, әйел-қыздарын зорлап, бала-шағаларын атып өлтірердей орысқа не жаздық?! “Ауыл иті ала болса да, бөрі келсе бірігер” деген. Әр Мұсаға бір перғауын табылар. Туған жерімізді, елімізді бодандықтың бұғауынан босатсақ деген ақ ниет азаматтарымызды алыстан бомбалап, баудай түсіргені қалай?! Кеудеңде намыс оты болса, өзің айтшы, біздікі қате ме?! Енді міне, мынау тұрған Досмайылды, Нұрбекті, Рүстембекті, Исмағұлды, т.б. ұстап беріңдер, оларды итжеккенге айдатып, жанын жаһаннамға жібереміз дейді екен, - деп сәл күрсінді де:
- Мені қойшы, жасарымды жасадым, мынау он екіде бір гүлі ашылмаған, елім деп еңіреп, етігімен су кешкен ерлердің күйі не болмақ?! Оларды қудалап, бар мал-мүлкін тартып алып жатыр. Анау Артықбай Есінбаев деген бай 3517 сомның, Байкелді Шыңғыс- баев деген бай 1884 сомның дүниелерін, атап айтқанда, 60 шақты киіз, 30-40 көрпе-жастық, 20 шақты шапан, 50 метр арқан, он шақты қазан-ошақ, т.б. даулап, Досмайыл екеуміздің үстімізден шағым түсіріпті. Өзімнің қазан-ошағым, көрпе-жастығым өзіме же- терлік. “Жала жауып, қайтсек көзін жоямыз” деген қаскөйдің ойы ғой... - деп сөзін доғарды.
- Орыс кулактарының Мықандыны тып-типыл етіп өртеп, жазықсыз адамдарын қырғанын неге көрмейді?
- Бізді қашанғы басынады?
- Ата-бабамыздың әруағы, қасиетті жеріміздің, шипалы суымыздың киесі ұрсын!
- Ақкөз бен Досмайылдың үйінен Артықбаймен Байкелді жоғалған заттарын тауып алып па?! Ол несі?
- Мықандыны қырғандар сотқа тартылсын!
- Артықбай мен Байкелдіні орыс әскерлері тонаған шығар, анық-қанығына жетсін!.. Мұхаммеджан әрі таңырқап, әрі сасып қалды. Осынау Шу өңірінде 70-ті алқымдаған, оқымаған бір шалдың сонау 1905 жылы 26 жасында автономияшылар съезінде жасаған: “Қазақтар мен қоғамдық қозғалыс” атты баяндамасында ел теңдігі туралы мәселе қозғап, қазақтардың қара басын қорғайтын құқтары жоқтығын ашына айтқан өз ойын өзіне қайталағанына таң қалды. Ой бірлігі, арман бірлігі туыстастырып жібергендей. “Шіркін, осындай көкірегі ояу, көңілі даңғыл, сұңғыла азаматтарды оқытса ғой!” деген қиял құшағында тұрған Мұхаммеджан ойын:
- Қарттың айтқандарын аударып бер, - деген подполковник Тризнаның салқын даусы бұзды. Мұхаммеджан Ақкөздің, қасындағылардың айтқандарын жайлап Тризнаға түсіндіре бастады. Әсіресе, жергілікті орыс приставтарының Патша жарлығын дұрыс насихаттап түсінідірмегені, жергілікті орыс кулактарының жүгенсіз озбырлығы, орыс шаруаларының “өзгізге туған күн бұзауға да туады” деп, өз балаларын әскерге жібермеу үшін арандату саясатын жүргізіп, қазақ кедейлеріне: “Балаларыңды әкеткен соң, жерің мен малыңды да
тартып алады”, деп өшіктіруі, Мықаңды сияқты мекеннің ертеніп, хал-қының жазықсыз қырылуы, ең ақыры 70-ке келген Ақкөз сияқты беделді шалдарды Сібірге жер аудару үшін жала жауып жатқандарын естігенде, қатты ашуланып, дір-дір еткен Тризна:
- Бұл не деген бассыздық?! Бұл не деген заңсыздық?! Қай ғасырда өмір сүріп отырмыз?! Арына, намысына тиіп жатса, тұрғылықты халык қалай ашынбасын?! Мұхаммеджан Тынышбаев, бұларға айтыңыз, соғысын доғарсын, босқа қан төгу неге қажет?! Күреске қатысқандар қудаланбайды, тек әскерге адамдар жіберу керек. Олар армияда соғыспайды, бар болғаны окоп қазады. Ол үшін ай сайын ақша, ақы төлейді. Ақшаны өзі алуына да болмаса әке-шешесіне жергілікті пристав арқылы ай сайын алып тұруына болады. Сондай шарт жасалып, қол қойылған соң ғана әскерге алынады. Олар қара жұмыс істеп соғыспаса қалай өлмек?! Міне, мына жерде өлуге болады, өйткені мұнда да нағыз соғыс! - деді ол.
Өз ұлтын жан-тәнімен сүйетін Мұхаммеджан ашулы сарбаздардың барлықтарына, олардың сұрақтарына орнықты жауаптар беріп, сабасына түсіріп тұрғанда, Ақкөз қызыға қарады: - Ойпырай, қандай салмақты, парасатты, білімді жігіт! “Екі тілді жетік білген екі елдің қамын жейді” деген осы шығар. Анау Тұрар мен Қабылбек те орысша-қазақша ағып тұр. Құдай соларды, мынау Мұхаммеджанды аман қылсын. Осылардың жолына садаға кетсем өкінбеймін. Мейлі, Әулиеата түрмесіне де түсейін, азар болса өлермін, мынау қалың жұрттың обалына қалмайын! -деп түйді ішінен. Мұхаммеджан қоштасарда Ақкөзге қарап:
- Аға, атымды сорлы әкем жақсы болсын деген адал ниетпен қойған шығар. Ныспыма лайық болам ба, болмаймын ба, оған уақыт төреші. Менің қызметім инженер, мына бастыққа аудармашы ретінде ілескенмін. Жалғыз айтарым орыстың бәрін жау көрмей, жақсы жақтарын да қабылдасаңыздар екен. Мектебінен оқып, білім алып, әскерге барып, соғыс өнерін үйреніп, түрлі қару-жарағын толық меңгеріп, терезеңіз теңескенде ғана күш сынасқан дұрыс-ау деймін. Қасымдағым қазақша білмейтінін пайдаланып айтып жатқаным ғой, әйтпесе осы соңғы сөзім-ақ түбіме жетер еді, - деді сәл мұңайып.
Ақкөз: - Жорытқанда жолың болсын, жолбарысым! Қасыңдағыңа айт, алаң болмасын, біз енді соғыспаймыз, елге қайтамыз. Хош, сау бол, қалқам! - деп төс тиістіре, қимай қоштасты.
Осыдан екі апта өткен соң Әулиеата түрмесіне қамалған Ақкөз бен Досмайыл “қылмысты деп танылмады” деп тез ақталып шықты. Бірақ екі арыстың екеуі де, қазақтың тұңғыш инженерлерінің бірі М. Тынышбаевтың 1916 жылдың 30 қыркүйегінде Түркістан генерал-губернаторына жазған баяндау құжатының көп шарапаты тигенін бұл жарық дү- ниеден білмей өтті...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter