Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  250


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ақыреттің егіні

Иа, Раббы, Жаббар Хақ, Сөйлесін деп біздерге.
Беріп едің тіл мен жақ,
Өсиет айтам халқыма, Жар бола гөр, аруақ.
Бисмилла — әуелден сөздің басы,
Пенденің көрінбейді өткен жасы.
Айтуға бәрін тегіс жүк болады,
Таусылмас қияметтің мәселесі.
Сөйледім қадір хал білгенімше,
Қылайын хаққа тәубе өлгенімше.
Тілейін жалғыз хақтан жарылқасын,
Көміліп жер қойнына кіргенімше!
Алпыстың біреуіне келді жасым,
Не болар қиямет күн ғаріп басым?!
Қылмаса ғапу рахмат жалғыз өзі,
Кітап көрсем түседі ықыласым.
Күнәм көп, сауабым аз мен - бір пасық,
Жүрдік қой жігіт кезде судай тасып.
Бір Алла діліне алмай, фазылына алсын
Жұмақты біз ғаріпке қылсын несіп!
Ғазазіл тіліне еріп, болдық надан,
Еш жаның қалыс қалмас мұнан аман!
Халіміз нешік болар, біле алмаймыз,
Жүрмесек қияметте болып надан!
Тәубені біз қылалық қорқып хақтан,
Өткенде тар сираттан, соны ұқ, мақтан.
Таразы сол мизанға барған кезде,
Біздерге нама келер екі жақтан.
Келеді бірі оңнан, бірі солдан,
Құдая, өзің онда жаман жолдан!
Өз еркің өз басында болған кезде,
Тәубе ғып жақсылықты әбден қолдан.
Тағат қыл бір Аллаға ақ ниетпен,
Бұл күнде түк болмайсың жүрген бетпен!
Өтірік қылған тағат қабыл емес,
Сақтанғын күні бұрын пәлекеттен.
Я, Алла, рақмет айтам өлгенімде,
Тәнімдегі аманатты бергенімде.
Тілегім, Раббым, жарылқағын,
Періште "Ман рәббик" деп келгенінде.
Тілеймін жаралған соң күндіз-түні,
Пенденің бойындағы көп қой міні.
Болмаса жарылқаушы жалғыз хақтан,
Не болар біз бишара көрген күні?!
Жан кетіп, тән барады қара жерге,
Кіреміз бір күн барып тар қабірге.
Періште Мүңкір-Нәңкір келген шақта,
Келмейді ауыз шіркін пәлен дерге!
Құдайым рақым қылса сонда бізге,
Келтірсе тілімізді сөйлер сөзге.
Нәбиім — хақ Мухаммед, раббым —
Алла!" - Біз айтсақ періштеге келген кезде.
Амалың сонда қылған болса жаман,
Түсірер басыңызға ақыр заман.
Шын ниетпен бір Аллаға құлшылық қыл,
Түзу түс алдындағы жолға таман.
Бойыңнан күш-қуатың кетер бәрі,
Жас бала үлкен-кіші олар кәрі.
Бұл дүние ешбір жанға опа қылмас,
Артыңда қалар шулап балалары.
Әнбия, мұрсалдардың бәрі де өтті,
Түбіне бәрінің де тағдыр жетті.
Дүниенің опасызын тағайындап,
Бәрі де кітаптарға жазып кетті.
Әулие мұждаһарлар бәрі де өліп,
Көңіліне тасаттық етті, көзі көріп.
Дүниенің пәни екенін фаһим - (бәһім)-ойлап,
Кетті ғой ақырында бұған сеніп.
Олардың парасаты, ақылы артық,
Көп сөзді бос сөйлеген біз бір — тантық.
Біздерде ақыл, білім бәрі де жоқ,
Жұтаған жақсылықтан біз бір — жантық! .
Айтамыз мақтан қылып — өтірік өсек,
Жатамыз қалың етіп жайып төсек.
Көзіңе құран, кітап көрсетіп тұр,
Алдыңда жамандық бар кесек-кесек.
Қылмаймыз бұған ықырар, өтірік деп,
Көреді жақсылықты бойымыз жек.
Бұған біз тасаттық етіп иланбаймыз,
Шүбәлі көңілімізге біз қойып шек.
Бір Алла пендем десін жалғыз өзі,
Өтірік емес, рас, құран сөзі.
Бұғалық мойнымызға бір-ақ түсер,
Алдыңда құрулы тұр дайын тезі.
Ол күні ерік болмас бір басыңда,
Білмейді қасындағы еш жолдасың да.
Сірә, бұл ғайыптан тірілген соң,
Қырық жыл отырармыз көр басында.
Болмастай мұның бәрін көріп жүрміз,
Сол күнде тұрар дейсің кім қасыңда.
Білсе де, білмеген боп жүріп кетер,
Құрбы мен тату жүрген құрдасың да.
Айдайды сонан кейін ғарасатқа,
Ешбір жоламайды көңілің шатқа.
Басына таразының алып барып,
Қаратар дәптердегі жазған хатқа.
Тағы да қарамайды жақын, жатқа,
Әр түрлі қысас қылар адамзатқа.
Қылмысы асып кеткен кейбір пенде,
Түседі қараңғылық зауал ғатқа.
Құдая, күнәкарлы бізді қылма,
Аллаға пенде болсаң қарап тұрма!
Егер де жазатайым тайып кетсең,
Түсесің жеті тозақ жайған торға.
Ойласаң, ақыреттің бәрі қиын,
Тірлікте ғибадат қып, хаққа сиын!
Бұл күнде жамандықтан тыйылыңыз,
Алланың көрем десең жұмақ үйін.
Бай да, батыр да, патша да өткен,
Көп жасап, еш адам жоқ өлмей кеткен.
Жаралған өз нұрынан расулымыз,
Артында ешбір тұқым қалмай кеткен.
Баянсыз өтірікші дүние пәни,
Көп жасап, өлмей кеткен бар ма, қане, ей
Өлмесе Хакім Лұқман жүрер еді,
Көп жасап, аты шығып, болған қари!
Өлімнен аман қалмас жан иесі,
Сөйледім келгеннен соң сөз жүйесі.
Аласың үлкен олжа қияметте,
Әркімнің бас-басына тиесісі.
Аласың жақсы келсең сауап жақтан,
Болады қандай пәрмен жалғыз хақтан?!
Аласың жаман болып қолға тисе,
Сығалап сен жүрерсің әр бұрыштан.
Шайтанмен тіршілікте боламыз дос,
Қылыңыз ғибадатты құдайға қош.
Қиындық толып жатыр алдыңызда,
Бұл күнде жүргеніңнің бәрі де бос.
Кімді алдап еткізбеген дүние жалған,
Істейсің ойдағыны көңілге алған.
Әңгіме алдыңызда толып жатыр,
Болғанша бір жақсылық хақтан пәрмен.
Бұрынғы өтіп кеткен даналары,
Бойында ақылы көп саналары.
Таршылық әрбір жерде қысылғанда,
Басқа жоқ бір Алладан паналары.
Амалың ақыретте жанға сая,
Фазылыңа ал, діліңе алма, иа, құдая,
Мұстақым тура жолға түсе алмасаң,
Өтерсің қыл көпірден тая-тая.
Білсеңіз бізге дұшпан шайтан-дағы,
Бір Алла түзу жолға салсын тағы.
Ақыры өзі ғасы малғұн болды,
Адаммен келісе алмай ынтымағы.
Адамға дұшпан болған әуел бастан,
Жүреді пәле қуып шаршамастан.
Жақсылық бір шықпайды малғұн иттен,
Басынан білсеңіздер бізге қастан.
Денсаулық — жігіттіктің ең рақаты,
Адамға жастық кезде бар ләззаты.
Адамды жас күнінде алдайды екен,
Батшағар сұм дүниенің көп апаты.
Дін шала адамзатта дін мұсылман,
Адам аз хаққа беріліп бір ұсынған.
"Алдымда осындай күн болады-ау!" — деп,
Бір жан жоқ қияметтен бір қысылған.
Жігіттер, қияметтің болуы хақ.
"Рас!" — деп, тасаттық етісіп бақ.
Азырақ қадірімше сөз шығардым,
Артық сөз айтуыма зейінім шақ.
Болмайық ғайпі жапа біле тұрып,
Отырсақ ғалымдармен мәжіліс құрып.
Пайдасы ақыретте сонша артық,
Жүргенде періштелер қойша қуып.
Періште алдына сап айдайды екен,
Еркіне айдамаса қоймайды екен.
Болмаса жақсылықтан еш нәрсеміз,
Сорымыз сонда біздің қайнайды екен.
Бір адам жаннан артық, өзі білгіш,
Бір адам мысқыл сөзбен ел күлдіргіш.
Пайдаға бір өсекті тауып алып,
Тағы да бір адам бар ел бүлдіргіш.
Осының шариғатқа бәрі қылап,
Көз көріп, әрбір жанды жүрміз сынап.
Егер де бұл мінезден тыйылмасақ,
Кетерміз қияметте жарға құлап.
Сабырлы, кешірімді кейбір адам,
Із қарап, түзу жүріп басар қадам.
Неге сөз сөйлемейді, бойын бағып,
Көңіліне келтірмейді ешбір арам.
Жасынан бойын бағып құдай деген,
Айтпайды жаман сөзді Алла деген.
Істеген жақсылығын рия қылмай,
Күндіз-түн ақыреттің қамын жеген.
Тәкаппар бір адам бар паң болады,
Баққаны күндіз-түні заң болады.
"Ақылым менің жұрттан асты ғой!" - деп
Мақтанып өзіне-өзі таң болады.
Кей адам жолға түскен пақыршылық,
Жүреді күндіз-түні төмен бұғып.
Кей адам бостан-босқа жанжал жасап,
Бостан-бос жоқ нәрсені қылады ілік.
Көрмейді осындайды молдаларым,
Бәрінің мінезіне көңілім жарым.
Табылып бар жамандық өзімізден,
Бұл айтқан молдакеме бір мысалым.
Сөзімді менің айтқан кектемеңіз,
Әрқашан жаман жолға беттемеңіз.
Кемшілік — бас араздық бастарында,
Дұрыс деп жолдарыңды ептемеңіз.
Молдалар, тілің майда, дінің қатты,
Салмаңыз қисық жолға адамзатты!
Мінездерің надандардан жаманырақ,
Ғайбат өсек айтасың бұтты-шатты.
Ал енді араздықтан тыйылыңыз,
Үлкенге тағзым қылып қиылыңыз.
Жоғалтып іштеріңнен бетін әлгі,
Бас қосып бір араға жиылыңыз.
Айтыңыз насихат сөз қосып басын,
Шын болып бір Аллада ықыласың.
Ғазірейіл бір күн келіп жаныңды алса,
Дүниеден кетеді ғой ғаріп басың!
Бас қосса ғұламалар мәжілісі,
Сол кезде нұр болмай ма оның іші?!
Алланың хақ кәламын сөйлегенде,
Болмай ма қорқынышпен іші-тысы?!
Мысалын ақыреттің айтқан шақта,
Ойына түспей ме екен бар қылмысы?!
Қауіпті-қорқынышты сөзді естіп,
Тәубеге келер деймін әрбір кісі.
Кетті ғой әдеп, тәртіп бозбаладан,
Сауабы қашады одан, болса надан.
Табиғат, ғибадат жоқ сол сияқты,
Көрерміз жақсылықты біз баладан.
Ол бала шүбһәсіз болса халал,
Тимесе шешесіне ешбір залал.
Ия, Алла ғаділіңе алмай, фазылыңа алып,
Сақтай гөр сондай күннен ия, зұлжалал.
Күнәм бар басымдағы шашымнан көп,
Тағатсыз бос жүргенім бола ма еп?!
Сол күнде не боларым екіталай,
Алдымда толып жатыр бірталай кеп.
Қателік бірталай іс бастан өтті,
Біз барып шет жайлармыз қиыр шетті.
Табылып айғақ, куә бойымыздан,
Келерміз куәменен бетпе-бетті.
Қылдың деп мойындатар талай істі,
Алдыңа әкеп салар бар жұмысты.
Періште қаһарымен жетіп келер.
Қарасаң келбетіне жаман түсті.
Осының бәрі сонда болуы хақ,
Сайрайды ауыздағы тіл менен жақ.
Жалғанда әр не қылған қылмысыңа,
Тіл сөйлеп, куә болар оған аяқ.
Сол күнде өз бойыңнан қастық шығар,
Осынша жамандыққа болдық құмар.
Аздырған ғазазілдің тіліне ерсек,
Шайтанмен бірге айдайды ұмар-жұмар.
Ғазазіл аты шыққан әуел бастан,
Азғырар адамзатты шаршамастан.
Адамды Хауа ана мен бірге азғырып,
Жұмақтан шығаруға болған қастан.
Айтайын біраз сөзді әйелдерден,
Талақ қып өзін-өзі безіп ерден.
Біреуге бүгін тиіп, ертең шығып,
Тентіреп бай іздейді әрбір жерден.
Ыржақтап күні бойы көрінгенмен,
Мәз болып, мақтаныш қып қасын керген.
Басына орамалын байлап алып,
Айтады қисық-қыңыр сөзді шалып.
Әр күнде әрбіреудің дәмін татып,
Тиеді аяғынан тағы барып.
Осының салдарынан енді бәрі,
Қалмайды өн бойында титтей ары.
Қызықты әйел көрген бозбалалар,
Хал бар ма шал байғұста қозғала ал ар?!
Таңдап ал, соқыр, мылқау, тілі жоқты,
Мейлің біл, мейлің білме, ал, балалар!
Сыртына қызығарсың ішін білмей,
Сыр алып біразырақ ойнап күлмей.
Бір сөз айтсаң, екі ауыз жауап айтып,
Өзіңді билеп алар шаппай, желмей.
Осымен күнің өтер қатып басың.
Ағарар басындағы барлық шашың.
Жүрген соң өз бетімен тіліңді алмай,
Қайтады содан кейін ықыласың.
Мінезін жақсы қатын жазсам, бітпес,
Халалдан, жаман қатын, ерін күтпес,
Көне бер, сен бишара, амалың не,
Салған соң басқа құдай, еш нәрсе етпес!
Осымен сөйтіп жүріп күнің өтер,
Ақыры жаман әйел түпке жетер.
Мысалын әр нәрсенің сипаттадым,
Мұнан жоқ маған зиян келіп кетер.
Бір-екеуі ішінде әйел заты,
Имамдар айтып кеткен жазған хаты.
Жақсысы байын сыйлар қарсы келмей,
Парасат, ол білімді, инабатты.
Түспейді мұндай әйел қолымызға,
Жолықпас, қос үй тіксек жолымызға,
Шараң жоқ тағдырында жазу болса,
Кез болса маңдайдағы сорымызға.
Құдайға қартайғанда тағат қылмай,
Не қызық көрем дейді ол ант атқан.
Мінеки, соның бәрі надандықтан,
Ойына еш кірмейді халалдықтан.
Жеткенше басы жерге бүкірейіп,
Әрқашан сақтанбайды жамандықтан.
Ғазазіл ішін кеулеп кеткен екен,
Көңіліне көп егінді еккен екен.
Тәубені қартайғанда бір қылдырмай,
Тұқымды көбірек қып сепкен екен.
Орташа, қара сақал, елу асқан,
Жас көріп өзін-өзі, болып мастан.
Намаз жоқ, ораза жоқ, ғибадат жоқ,
Болып жүр өз жанына болып қастан.
Қарасаң бозбаладай дәл бойына,
Кірмейді тәубе, таупиқ бір ойына.
Бір күні сөйтіп жүріп ғұмыры өтіп,
Ақырында барып кірер жер қойнына.
Мен өзім өлең айтқан ақын емес,
Халқыма жаным ашып айттым кеңес.
Ақылсыз кәріптерге (ғарыптарға) жаным
Шалдарға айтқаным ғой өзім теңдес.
Инабатты ол білім бізге пайда,
Құдайға құлшылық қыл осындайда.
Шүбәсіз көңілімізбен тағат қылсақ,
Боламыз қиямет күн жақсы жайда.
Әуелі - Алла, екінші - пайғамбарым,
Болмайық тіршілікте ешбір залым.
Қараңғы тар қабірге барып түссем,
Не болар сол уақытта менің халім?!
Ия, Алла, рақымың көп, мен бір кәріп (ғаріп),
Басымда толып жатыр әрбір айып.
Ия, Рахман, Рахим атты патшайым,
Өзіне іс қылмадым бір лайық (ылайық).
Тәубе мен уағдаң бар кешем деген,
Мүшкілін пенделердің шешем деген.
"Аяттан ла тахнату" - үмітім бар,
Иншалла кәусар шарап ішем деген.
Фазылыңа ал, ғаділіңе алма, Құдауанда,
Болмасам қиямет күн мен шарманда.
Зәрінен малғұн шайтан қылғын аман,
Қиын іс алдымда бар талай жаман.
Жүзіңді қара сотта көрсеткенде,
Қарарға бір жүзім жоқ саған таман!
Аллаға қара жүзді ғасы болып,
Алдында көпшіліктің кетер бағаң.
Алдағы болашақтан болған ғапыл,
Қонбайды құлағыңа айтқан ақыл.
Болғанда таңда мақшар, қиямет күн,
Аяқты біз басармыз апыл-тапыл.
Ойыңа қайғы-қасірет сонда түсер,
Сусын жоқ шөлдегенде қанып ішер.
Болмаса иманәһли сол уақытта,
Азаппен бишаралар күнін кешер.
Алмаған хақ қаламын құлағына,
Кәусардың жоламайсың бұлағына.
Жақсы орын, жаман орын мағлұм емес,
Пәнденің көз жетпейді тұрағына.
Мінеді иманды құл пырағына,
Жеткізер желіп кетсе жырағына.
Жұмақта хор қызымен сұхбат құрып,
Жұмақтың барып кірер шырағына.
Сол күнді ойлай-ойлай қатты басым,
Ағарды ойлағаннан баста шашым.
Болса да қанша күнә бойымызда,
Қайтпайды бір Алладан ықыласым!
Ұлығы, патшалығы жетер бізге,
Шайтан жүр тұзақ құрып ізімізге.
Ғаламды он сегіз мың сол жаратқан,
Патша жоқ ұлық болған мұнан өзге!
Білсеңіз: "Құлқу алла!" - құран сөзі,
Мұқтажсыз, мұңсыз, қамсыз болған өзі.
Тумайды, өзі ешкім тудырмайды,
Адамға ұқсас емес бір мінезі.
"Бір!" - деп біл бір Алланы, екі деме!
Көп сөйлеп, күпір болып боқты жеме.
"Екеу!" - деп бір Алланы жолдан тайсаң,
Мінесің қияметте қасірет кеме.
Тіреусіз үстімізге қойған көкті,
Жайнатып жер жүзіне түрлі шөпті.
Жіберіп көктен жаңбыр жер жүзіне,
Құдіреті, қарап тұрсаң, қалай епті?!
Тамаша, мұның бәрін қылсаң байып!
Құдіреті мағлұм емес алмағайып.
Рас деп бұған иман келтірмесең,
Кетесің махшар күні жолдан тайып.
Нанбайтын бұған тағы адамдар көп,
Бола ма мүһмен болсақ нанбау ғайып [әдет]?!
Барына жаратқанның шек қылмаса,
Келеді айтуыма мұсылман деп.
Бір адам қылар қияс шариғатқа,
Құранға, қарамайды жазған хатқа.
Осындай қисық сөзден бойыңды тарт,
Алланы ұқсатпаңыз ешбір затқа.
Тәуекел хаққа тапсыр бір басыңды,
Өткізбе надандықпен дер жасыңды.
Ғылым мен ғұламаға ғайбат айтып,
Жүрмеңіздер сол үшін жапа шегіп.
Айтпаңыз сіздер оны таңба қылып,
Әр жерде бір сөйлеп соны кектеп [қуып]...
Болармыз бір күнәкар осы сөзден,
Ғалымдар кітаптан, көрген көзбен.
Айтамын өзің үшін әлеуметтер,
Тоқталып тыйылыңыз бұл мінезден!
Осы сөз ақыретте жаныңа қас,
Мақтанып дүние пұлға боласың мас.
Ықыласты иманға қылмасандар,
Өлгенде ғазап тартар бұл кәріп (ғаріп) бас.
Мұстақым, тура жолға өзің баста!
Өлгенде не болмайды кәріп (ғаріп) басқа?!
Кәрілікті көрем деген ойда бар ма,
Ақ кірді, міне, келіп біздің басқа!
Бұл сөзім бір насихат қарындасқа,
Түп-түгел үлкен-кіші, кәрі-жасқа.
Жеткенше басың жерге ғибадат қыл,
Сұрақ жоқ айтатұғын мұнан басқа.
Осымен тамам болсын сөз аяғы,
Күш-қуат әлім кетіп сол баяғы.
Бір Алла фазылыңа алып қиямет күн,
Тимесе періштенің еш таяғы.
Осымен бүл да болсын тарау тамам,
Сөз емес ақындықпен айтқан қалам,
Тазартып жаһаннамнан шығарады,
Тәніңде кір болмайды мысқал арам.
Ешбір бүл дүниеде жоқ дүр опа,
Әуелі болып келер зауқы сапа.
Қай түрлі жақсы ғазиз болғанменен,
Ақыры көрсе керек қайғы-жапа.
Ажалға патша менен бірдей пақыр,
Момын бол, ия болмаса, болсын кәпір!
Әр кісі нәубет пен ажал суын,
Қолынан ғазірейілдің ішер ақыр.
Ғазірейіл жан алушы даяр тұрар,
Әркімнің уақыты бітсе нашар ұрар.
Қай түрлі данышпан адам болғанменен,
Ешкім жоқ қарсы тұрып, ұрыс қылар!
Лұқмандай бүл дүниеде мың жыл жүрсең,
Жәмшиттей патша болып дәурен сүрсең!
Арыстан Аплатандай дана болып,
Айтпастан жер жүзінің ғылымын білсең!
Ғайсадай мілсім набіс болса демің,
Халелдей отқа күймей тұрса тәнің!
Аспаннан құрбан үшін қошқар келген,
Смағұл зәби алла болса нәмің!
Жер жаста шет мартқа ұшып тұрсаң,
Дәуіттей отқа салмай, дүкен құрсаң!
Нұх нәби пайғамбардай дұға қылып,
Дұшпанның жер жүзінде бәрін қырсаң!
Ғаділ боп Наушеруан, Нәбидей атың қалса,
Қасымдай саңылағың мағлұм болса.
Тахтыңды Сүлеймендей жел ұшырып,
Құс-хайуан исі жынмен тілінді алса.
Жүсіптей сұлу болсаң жүзің нұрлы
Мұсадай "Кәлам Алла" — қылсаң ұнны,
Аюбтай "Нығымал ғабды" — атансаң да,
Өлімге жолығарсың осы түрлі.
Рүстемдей сайып қыран болсаң батыр,
Дәлелдеп әрбір іске тапсаң ақыл.
Уақытында Аспандияр болсаң-дағы,
Дүниеден кетсең керек бір күн ақыр.
Перғауындай: "Құдаймын!" — деп аузыңа алсаң,
Шәддаттай жер бетіне жаннат салсаң.
Намардтай: "Алла мен!" — деп ұрыспаққа,
Аспанға каркас мініп ұшып барсаң!
һарондай ғани болсаң дүниесі көп,
Әм болсаң барат Мәжнүн ғашықлардың.
қандай сахыб дәулетті болсаң-дағы,
Дүниеден өлсең керек арманда боп.
Махмұт, Абзал Аннас, Хайроланам,
Әм хатым нәби пайғамбардан.
Бір қалса хақ Расул қалар еді,
Жаралған топырақтан барша ғалам,
Ысқақтай сауық болсаң кереметті (караматлы),
Ғұмардай борық болсаң ғаділетті.
Ғұсмандай сапа болсаң сайып қыран,
Ғалідей асад алла шапағатлы.
Хасендей риясыз болсаң бұлбұл,
Хұсайындай сәби болсаң жаннатгүл.
Мұхаммед Қанапиядай шері болсаң,
Дүниеден өлсең керек ақыр бір күн.
Хамзадай сайып қыран болсаң балуан,
Ғаббастай нашар етсең дүние жалған.
Асқаптай отыз үш мың ер болғанмен,
Дүниенің ақырына қалмас ешкім.
Ғабдірахман Аюбтай атың қалса,
Ахмет Жамшидтей даңқың шықса,
Ілгергі ғазизлердің қылған ісі,
Әр-бері кітап болып қалды нұсқа.
Төрт мәзһәб: Имам ағзам, Шафиғы,
Ханбіл, Мәлік, Бөлінген бұл мәзһәбқа қанша халық.
Хақ жолын көрсетті әрбірлері,
Бастады түзу жолға бұлар анық.
Машайықтар өтті аясы көкке жеткен,
Ғараби алла болып камден жеткен.
Олардың бірде-бірі қалмадылар,
Дүниеде қанша патша, қанша бектен.
Қалмады ол ерлердің бірде-бірі,
Қалармыз енді не ғып біздер тірі?!
Дүниеден арманменен өтсек керек,
Алладан бұйрықты ажал келген күні.
Алмаймыз неге ғибрат өлгендерден,
Көр қазып ағайындар көмген жерден.
Қапылдықпен бірде-бірін ойламаймыз,
Қанша жан өтіп кетті көргендерден.
Жақсылар естіп қара ғибрат көзбен,
Жалған деп ойламаңыз шын сөзден.
Дүниеден азды-көпті не көреміз,
Үш қабат несіп болсын кебін бөзден?!
Бұл дүние қарап тұрсам сағымға ұқсар,
Тынбастан күні-түні дүние қуар.
Тыныштық бұл дүниеде тиянақ жоқ,
Жылы жүзбен мен мұнда деп мойын бұрар.
Дүниеде мың жыл жүрсең сағаттай біл,
Бар ма екен мұнан артық еш мысал [бір]?!
Дүние ойлап тұрсам түс [секілді],
Бір баққа түнеп ұшқан құсша [өтіп жүр].
Бұл дүние ақыреттің егіні екен,
Уақытында жалқау болмай егу екен.
Құлшылық ғибадатпен барғандарға,
Нығымет екі дүние тегін екен.
Жалғанда артық жаратты адамзатты,
Ығымен алла берген бойға сақта.
Хайуаннан жаман болып жаза күні,
Өзіңді өзің ұстап отқа жақпа.
Жақсы адам бұл дүниені болжап (өтер) [тұрар]
Пайдасыз заһарларға болмас құмар.
Алдаушы бір демалыс дүние үшін,
Шұқырына жаһаннамның болмас құмар!
Жаратқан жаһаннамды Алла анық,
Дінсіздер жаһаннамға кірер барып.
Құранның көрсетілген аятында,
Хақ жаббар дінсіздерді қойған (арнап) [салып]!
Жаралған барлық адам құлдық үшін,
Мәңгілік бұл дүниеде қалмайды ешкім.
Дүниенің жарығына мәз боп жүрміз,
Халіміз не болады қандай пішін?!
Қабірдің қарап тұрсам түсі суық,
Балаша мәз боп жүрміз ойын қуып.
Ойласам, көңіл көзім сондай ойсыз,
Қас қаққан екі тамшы судан тойып.
Тоғыз ай қараңғылық жатқан жерім,
Қабірдің қараңғысы болар төрім.
Дүниенің жеткізбейтін айласы көп,
Қайнайды алдын ойлап іште шерім.
Дүниені көп жинамақ мақсатым бар,
Зейнетлеп әдемілеп қойып қатар.
Алладан бұйрықты ажал жеткен күні,
Ажалдан қай дүние арашалар?!
Көрінген көк пенжердің шамасы жоқ,
Ақыл мен ойға сияр бағасы жоқ.
Ойланып ой көзімен қараған құл,
Өзіңнің бірлігіңе таласы жоқ.
Таң мен түн, күн мен айың, жұлдыздарың,
Қап-қап ұн, миуа, жиде еткен соның бәрін.
Байнаһом аятының тауылларын,
Талдауға халім келмес, ешбір мәнің!
Шың биік, таң тамаша тау мен тасың,
Етегі жазық, сіз қара көрсек басың.
Солар да қаһарыңнан сонша қорқып,
Ағызған бұлақ қылып көздің жасын.
Соншама шексіз түпсіз дарияларың,
Бар қылдың әміріңмен соның бәрін.
Жамылған әлем жүзін ақ көрпедей,
Сағатында нәбәтә тапты жауған карың.
Даридда асқар таудай жүрген жайын,
Жетпейді құдіретіңе ешбір пайым.
Соқтыққан толқын судан хасып қылып,
Забұржат, лағыл, гауһар, - бәрі дайын!
Көз жетпес көлеміне орман ағаш,
Қарағай бойлап біткен бұлтпен талас.
Не түрлі жан сүйерлік тәтті жеміс,
Адамзат пайдасына біткен хауас.
Шат етіп бақыт бердің адамзатқа,
Кей пендең хүкім айтып отыр тақта.
Кей пендең жан сақтауға зар болып жүр,
Біреуді қарық қылдың мал мен басқа.
Кей пенденің басынан бақытын aп,
Жек көрінішті қып қойдың жақын-жатқа.
Ел-жұртым, өткен күннің белгісі жоқ,
Осының бәрі келген біздің басқа.
Біреудің еткен ісін ем ғып тұрсың,
Біреуді қатарынан кем ғып тұрсың,
Кейбіреудің еңбегін екі қылмай,
Тасқынды суға кеткен сең ғып тұрсың!
Туғызып бір ата, бір анадан,
Бірін артық, бірін кем ғып тұрсың!
Бірдей болып жаралған бір адам жоқ,
Зауалсыз бұл пәниден ешкім өтпес,
Біреуіне біреуін жем ғып тұрсың!
Тұрмысқа кейбір сабаз таран боп жүр,
Кейбіреу қолда барға сараң боп жүр.
Кейбіреу бар дәулетін ішпей-жемей,
Өзіне-өзі дүниесі арам боп жүр.
Кейбіреу ұстап отыр азын көпке,
Бермейді ұшқыр көңіл бай мен бекке.
Бәйгеге қара басын қосқан ер бар,
Шыққандай топтан балуан жекпе-жекке.
Зар жетім ата менен анасы жоқ,
Біздей қарт сүйенерлік панасы жоқ.
Жәрдем жоқ, ағайынның пейілі тар,
Өзіңнен басқа, Тәңірім, панасы жоқ!
Бірақта бәріне ырзық беруші өзің,
Пердесіз құдірет көзбен көруші өзің.
Кейбіреуін сүйріктей сұлу қылып,
Ақыл-ой кейбіріне бердің сезім.
Тақбұзда қойдың жазып бар мен жоқты,
Мұғдарлап өлшеп қойдың аш пен тоқты.
Тағдырына еш адам қарсы айтпас,
Қанағат еттім шүкір аз бен көпті.
Саламат сақтауыңа кез келгенде,
Қағасың дарытпастан атқан оқты.
Кей пендең денсаулықтың шаттығында,
Кей пендең жапа тартқан қасірет шоқты.
Кей пендең азаттықтың базарында,
Кей пендең қылмыс тауып көрген соққы.
Жалған шіркін жарасы көрген түстей,
Махшарда нәсіп етпе от пен шокты.
Көкте — құс, жерде — жандар, суда — балық,
Бұлардың науғымлары қанша халық,
Аллаға бұлар мойын ұсынбағанмен,
Таппақшы іздеп тәңір қайда барып.
Кеудесі тәкаппардың көктен биік,
Халық қанап, жұрт жеген дүние жиып.
Кешірмейтін күнәны істеп алып,
Жүрмейік махшар күні күнге күйіп.
Пейілі тәкаппардың Ғазазілдей,
Азған жоқ па Қадірдің сырын білмей?!
"Адамды артық етіп жараттың!" — деп,
Ақырда лағынет киді күнді күндей.
Тағдыры бір Алланың өзгермейді,
Пенденің қожасына бәрі бірдей.
Неше жыл қайғы шегіп жапа тарттым,
Аллаға: "Пендеңмін!" — деп, ғазіз айттым.
Өсек сөз әрбір түрлі жыбырлаған,
Аллаға айқай сөздей сыбырлаған.
Өзіңе мағлұм болып тұрған жоқ па,
Қозғалыс құрт, құмырсқа қыбырлаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу