Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  207


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Күндіз бен түннің айырмасы

Жалғанның тозақ пенен бейіші бар,
Бір күн тыныштық, кей бір күн кейісі бар.
Кейісі тозақ болғанда, тыныштық бейіш,
Міне, осындай муафық келісі бар.
Таң атып, күн шыққан соң, тыныштық қашар,
Бай, жарлы,- бәрі отырмай, тыпырласар.
Жоқ жүрер кешке ішіп-жер ауқат үшін,
Бай да отырмас: "Бар ғой,- деп,- ораза ашарың.
Дені сау жан талпынып қыбырласар,
Білінбей кімнің байы, кімнің нашар.
Біреу өзін бұқтырып жер түбіне,
Біреу өзін әуре ғып аспанға асар.
Ақшалы бай жүреді төмен бұғып,
Қолдан кетсе бір тиын, жаны, жаны шығып.
"Көрінген жан бір нәрсе сұрайды ғой!"
- Деуменен өзін-өзі інге тығып.
Елден-жұрттан дүниесін қашырғаны:
Өзін-өзі түнекке жасырғаны.
Кедей байдан тіленіп борыш алғаны:
Өз-өзінен дарға асылғаны.
Бұ дүние құтқармайтын тозақ болды,
Бейнеттегі, құрғыр, күн ұзақ болды.
Дамыл, тыныштық бір жанда болмаған соң,
Есебі күндіз өзі тозақ болды.
Түн қандай?
Түн болса, алар тыныштық біраз жатып,
Шаршағаннан сілесі әбден қатып.
Қол-аяғын ұйқы жау жіпсіз буып,
Серейтіп алып соғар табандатып.
Бай, жарлыға,- бәріне бірдей ұйқы,
Жым-жырт болар күндізгі ұйқы-тұйқы.
Жан біткен жерге жамбас (жанбас) жабыстырар,
Жалғызы жоқ күндізгі қиқы-жиқы.
Ұйқыменен болады бәрі де мас,
Мастықпенен жастыққа қояды бас.
Түн - бейіші жалғанның: білген жанға,
Тағы мұнда және бар бір дәурен жас.
Көзтанысың кез болса көш-жөнекей,
Сүйіп алсаң, суырылар тіл - көмекей.
Түсін ашпай қояйын ендігісін,
Ағызбайын аузыңнан күр сілекей.
Мұнан да бар қасында жақын тозақ,
Қоймағанмен не керек атын тозақ.
Екі көңіл бір жерден шықпаған соң,
Әр мінезі замабірир, қатын тозақ.
Мақал бар: "Бай жұмақты алар сатып.
Онан соң көзге түсер, таңдай атып.
"Қыздың байы - жылқың,- деп айтпады ма,
Жылқы жоққа - күлкі жоқ: қалар жатып.
Адамзаттың арқауы мал боп кетті,
Мал біткен соң, желкелер жал боп кетті.
Ойын менен күлкіден жұтап бұл жұрт:
Қыздар-кемпір, бозбала шал боп кетті.
Бұл күнде ойын-күлкі қалды жастан,
Туғанға - той, өлгенге жұрт қалды астан.
Қыз қайсы, кемпір қайсы,- белгісі жоқ,
Шыға ма, ұрсаң дыбыс, қара тастан?!
Қыз деген тұрушы еді көзі күліп,
Сырыңды ішіндегі айтпай біліп.
Түйеше құр қаңқиған бойы барда,
Ойы жоқ шөккен жерде қатады өліп.
Жан біткен құр қақиып қалды ағаштай,
Басында әр моланың тұрған тастай.
Бозарып тозған ескі шүберектей,
Қуарып, қатып, сынып қалды-ау жастай!
Болады қуыршақтай құр киінген,
Көркі қайда - көруменен көз сүйінген?!
Жан біткен бұл заманда болды терек,
Қайың, тал қайда көрдің басы иілген?!
Кетесің: "Не көрдім?"- деп, ай, өмір жас?!
Жатсаң, ұйқы - жұмысың; оянсаң ас!
Не керек болғаныңмен болат (полат), құрыш,
Оты бар — болмаған соң бір шақпақ тас?!
Жан қайда қайнап тұрған көзінде оты?!
Қант үшін қақсап өткен сайрап тоты.
Тас табылса, қылмас ем қуды керек,
Орыстың тұрса-дағы андып соты!
Жүйріктің алу үшін ащы терін,
Тер шыққан соң тарқатар іштің шерін.
Гүл жүзді, шырын сөзді наз ниннан,
Сөз қозғап, кетірейік көңіл кірді.
Қапалық, шығарайын сені қуып,
Болайын мен қыршын жас, кайта туып.
Береді кім тазалап, жуып аппақ,
Алмасам көңілім кірін өзім жуып?!
Белгілі жоқ екені жұртым - елім,
Болып түр білгіштігім менің мінім!
Тікенсіз гүл, заһарсыз бал болған ба,
Көңілімді көтерсейші, жақ пен тілім!
Жерде бір жан қылмады мені керек:
"Сен неге боласың,- деп,- мұнша зерек?!"
Ағаштың жеміс берген өзі-ақ едім,
Емесім белгілі еді менің терек.
Жоғары көтере алмай қалдым басты,
Иттікпенен (итлікбенен) өткізіп өмір - жастан.
Жемісіме қызығып бала-шаға,
Алып жеуге —жіберіп тұрды тасты.
Жемісімді түсірді таспен атып,
Әркім ауқат кешірді пұлдап сатып,
Бағар-қағар жанашыр жоқтығынан,
Жаз (иаз) шілдеде сарғайдым мұздап қатып.
Күміс теңге қалтада, қапта - көмір,
Қанжар болмас - төс балға көрмей темір!
Қадірлі иттен құны кем айырбаста
Қос жүген, қос атпенен өткен өмір.
Толып жатыр әртүрлі іште жара,
Табақ қайда тартылған саған дара?!
Жан біткен екеу ара, үшеу ара,
Ісіне Тәңірім қылған бар ма шара?!
Жабығып, жабырқама, көңілім, жасып,
Өзіңді тұншықтырма өзің басып!
Алсайшы аузың дәмін, сөйлеп біраз,
"Биыл (биғыл) жыл, болакейге - басып-басып
Ерігіп үйде отырып, пысады ішім,
Болсайшы тіліме ие отыз тісім!
Сақтауға адамға айтпас сырды ішіме
Барады күші асқаннан, жетпей күшім!
Шерімді тарқата алман айтып сөзбен,
Ай басын қосар екен қай күн бізбен?!
Дыбыс жоқ ләм-мим деген ауыз тілде,
Телеграмма, телефоным көзге-көзбен!
Айда - бас бар, ауыз бен тіл бола ма,
Өз тілің өзіңе жау ел(зіл) бола ма?!
Бейпіл жас ағып көзден жылауменен
Сай-сайдан ағып дария сел бола ма?!
Мен ғашық уыз жаста болдым Күнге,
Күн қашан тілінді алып, жүрген жөн?!
Нәрсеге пайдасы жоқ болып кұм ар,
Килігіп неше қабат қалдым түнге.
Бойыма бір сіңбеді асым тарап,
Құрғыр, күн батып кетіп, қалды харап.
Жете алмай Күн артынан қанша қуып,
Қадалып қала қалдым көкке қарап.
Тұрумен көкке қарап көрдім Айды,
Аймен ойнап асықты, алдым пайды.
Телміріп Ай бетіне қарауменен,
Онан басқа нәрседен көзім тайды.
Ай - аспанда, мен жерде болдым құмар,
Құмарлықтан емеспін көзді жұмар.
Түн болса, ұйқым қашқан соң, ұйықтатын
- Кітап қарап, ақтарып, тақтым тұмар.
Анда-санда көрініп қалады Ай,
Ай көрінсе, болады көңілім жай.
Жердегі, не көктегі Айға құмар
Қылып қойған, жаратқан Құдайым-ай!
Қадалумен қарасам мен құмартып,
Аспандағы Ай нұры өседі артып.
Толып жүрген қазақтай жай қарасам,
Жабыланып тұрады кірбің тартып.
Менің көңілім әрқашан Айда болған,
Өзге жұлдыз, кәне, Айдай қайда болған?!
Сүйегіммен кетеді өлсем бірге,
Он бесімде бұл мінез пайда болған.
Жұмысым жоқ аңқиған ауыз, тілде,
Ұстасумен кетеді қолым белде.
Шығармаймын сыртыма, біледі ішім,
Айдың көңілі қалты жоқ анық менде.
Анық байқап қарасаң, Айда жүз бар,
Кәдуілгі адамдай екі көз бар.
Тіл мен ауыз бар-жоғы есеп емес,
Көңілден-көңілдерге (көңілдерге) тілсіз сөз.
Екі көңіл арасы қара жолды,
Күндіз-түні қатынасады онды-солды.
Болған үшін басында мұң менен зар,
Бір күн қылдай жіңішке, бір күн толды.
Мұнда отырып мен толсам, Ай солады,
Екі басы иіліп, жай болады
Салы суға кеткендей, мең-зең болып,
Жай ұшып, баяу тартып, жай қонады.
Ашылса, өз-өзінен ұйқым шайдай,
Бөгеліп нашарлансам, тартқан жайдай.
Ай толып аспандағы шараланып,
Көркейер он төртін ен толған Айдай.
Басына түстегендер таныс емес,
Жел тұрса, уілдейтін қамыс емес.
Арамыз болғанменен жер мен көктей,
Екі көңіл арасы алыс емес.
Бұлт бар өркеш-өркеш мұнарланған,
Көңіл бар көктегі Айға құмарланған.
Мендей бұлт, көрінбей, бетін басса,
Түлкідей бүркіт алған, жұмарланған.
Мен жерде тырп етпейтін темір қазық,
Бір жолғы қойдым қадам мидай жазық.
Бұлттан бір серпіліп түссең көзге,
Болады бір көргенім мың жыл азық.
Дәрі емес ішпек, жемек маған тамақ,
Жемеймін мен ас салып қылып табақ.
Болады айлық азық, жылдық үнем,
Жүзіңнен алып қалсам жалғыз сабақ.
Құмарым менің жастан - ғылым, білім,
Айтпасам да бұл сырды біледі елім!
Су ішсем ауыздықтан, қанар мейірім,
Сол үшін басқа сөзге бармас тілім.
Не түсер көктегі Айды алғанменен,
Шын болмас, айланбан, жалғанменен.
Күдер үзіп, түңілу жоқ қой менде,
Ала алмай оны тағы қалғанменен.
Телмірдім тек күнбатыс Айға қарап,
Мен Айға телмірмеймін жайға қарап.
Асық ойнап, пай салдым Ай болсаң да,
Алатұғын отырмын қайда қарап.
Мен жидым азаптанып асықты елден,
Көп алдым сыбағаны күн мен желден.
Бір пай бермей кетпейсің, әуре болма,
Пайым бар алатұғын ауыз, тілден.
Болмаса, арықтайсың құрып қаның,
Таларсың алшы түссе, қойған "ханың.
Пайдың кұны түбіңде жан болатын,
Құтылар пай берумен менен жаның.
Құдайдың мейірі тасып қылған тойын,
Шаттықпен(шашлыкпен) өткізейік қылып ойын.
Көңілдің желпінетін бір жұмысы
Хырарыт ғарызиа күшті қойын (құйын).
Отырып өз-өзінен көңілім соқты,
Ішпей-жемей, өзімен өзі тоқты.
Деген соң: "Онда улаз мыһрираң,
Көргім келмес бейіште тіпті жоқты.
Жағадан сап еткен соң қалдым сасып,
Ешқайда жүре алмастан аяқ басып.
Ұзын жас жасауменен боп қалдым кез,
Құтылам мен ақпаннан қайда қашып?!
Арман не кетсе басың мұндай жолда,
Созса қол жетпейтін тас жатса қолда?!
Харап жыр иа менен боп бір атпақ,
Саламу сол атсал болсаң сонда.
"Дұшпанға таба болмай, күлкі досқа",
Муафық қағидаға болсаң нұсқа.
"Мүсих мұхамул болам деп жүрген жандар,
Тін үйін мен Зафадай қалса босқа.
Аузың тұшыр қызғалдақ басын шалсаң,
Алабота оттама, маған салсаң.
Көгарайға бауырыңды төсеуменен
Зарип иғырыптан әмір алсаң.
Мұндай махыраб табылса түзеп жүзін,
Онан алып қала алмас ешкім өзін.
Азан төкпір қирадет сәлемі жоқ,
Кірісерсің намазға сәждесі ұзын.
Әлі-ақ жоқ боп қаларсың тіл менен жақ,
Қашан жоқ боп қалғанша қимылдап бақ
Мейман болып тойыңа келіп тұрмыз,
Көңіліміз бар тоюда, жарым - Хақ!
Болмаған соң жалғанда көңілдер (көңіллер)
Жес жейтұғын шаттықтан (шадлықтан) ариды
"Кім алады өзімнен басқа?!"- дедің,
"Арық болса,- дедің ғой,- өзіме сат!"
Тақатымды тақ қылды - қолда жоқтық,
"Бай - бір жұттық, батыр бар бір - ақ оқтық".
Тырымды бір есен (пір ишан) қылмай Алла,
Сатқаным сол көңіліме берсең тоқтық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу