Өлеңдер ✍️

  17.04.2021
  217


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Қамаралдин хазірет

Бисмилла ал-рахман рахим дейін,
Құдайға хамыд айтайын мұнан кейін.
Бастан жақты айырар заман болды,
Қызыл тілім, сөйлеп қал, оған шейін.
Құйылар бір күн топырақ есіл көзге,
Кім шығар бұл заманда жасап жүзге?!
Жүзінде бұ дүниенің кеңес баста,
Жатарсың әлі-ақбір күн кіріп көрге.
Бастан ми, ақыл естен аудырарсың,
Қайран көз жан шығарда жаудырарсың!
Қағазға аттай шапқан саусағым-ай,
Дал-дал боп қара жерде саудырарсың.
Қайрат жоқ қолдан келер, қайнайды ішім,
Келе алмас қыбырлауға сонда күшім.
Саудырап бет-бетімен түсіп қалар,
Маржандай аузымдағы отыз тісім.
Ағарсың домаланып кезден бұлақ,
Сөнерсің жанған майсыз екі шырақ.
Тықырын құрт-құмырсқа естіп сонда,
Жатарсың, амал бар ма-ай, екі құлақ.
Жерлерде әлде қандай болады орным,
Жалғанда жақсы, жаман кеңес құрдым.
Сасығын өз денеңнің өзің иіскеп,
Жатарсың шыдап соған қайран мұрным.
Су емес мейірің қанар, - дүние, - сағым,
Жігіттік қайран қызық өтті шағым.
Астына қара жердің кіргеннен соң,
Қаларсың бөлектеніп тіл мен жағым.
Дәрмен жоқ қозғаларға қол мен аяқ,
Жақпаса сол қылмысың, жерсің таяқ.
Дауасын осы дерттің таппаған соң,
Жасымнан жаһан кезіп, болдым саяқ.
Ұл мен қыз ара тұрмас, әкем-шешем,
Лабұдды өлім шарбат бір күн ішсем.
Қызыл тіл ыңғайыма жүрген күнде,
Алайын арыздасып, сегіз мүшем!
"Жер", - деп, атын қойыпты қара жердің,
"Көр", - деп атын қойыпты қазған көрдің.
Хақтан-жәрдем, пірлерден медет болса,
Мен сөйлеймін аруағын өткен ердің.
Күнәкарлық қылмайын, артық мақтап,
Өз шамамша сөйлейін біраз шақтап.
Ал дегеннен айтуға аузым бармай,
Бой тоқтатып мен жүрдім, әдеп сақтап.
Тіл қисайса, түзетер ақыл тез бар,
Мағқұлатны сезуге көңіл көз бар.
Сөзімнің міні болса, сөкпе, ағалар,
"Кірсіз-Ай, мінсіз-Құдай", - деген сөз бар.
Сөзімді естіген жан мойын бұрсын,
Бұл сөзім мұныменен тұра тұрсын.
Дат шариф бір ғазизды баян айлап,
Жараңдар, қандырайын құлақ құршын.
Медет (мәдит) қыл, Қадір сұбхан, тіл-жағыма,
Бір дария ағызып ең сол бағыма.
Суалып аққан дария шөлде қалып,
Сөйлейтін келді кезім бұл шағыма.
Бұ қайғы білген жанға кетті батып,
Біздерге күн шығар ма, таң және атып?!
Аузынан дүрлер тамған қайран хазірет
Астында қара жердің қалды жатып.
Көңілім дария болғанда, қолым-қайық,
Өз - өзімнен боламын Еділ-Жайық.
Шығара алмай сыртыма тынып жүрдім,
Болмаған соң шәниіне сөзім лайық.
Әр түрлі мен жасымнан кеп шығардым,
Жақсы, жаман демедім, көп шығардым.
Лайық сөзді шәниіне таппаған соң,
Іште шер тарқар ма деп леп шығардым!
Қоймайды тауды, тасты қаптаған сел,
Өлім сондай: баршаны қоймайды, біл!
"Күннен-зарра, теңізден-қытре", - деген,
Демесек айтып ауыз, келтірмес тіл.
Қара жер қаза жетсе, кімді алмаған,
Дем бітсе, хайла тауып қала алмаған.
Есіл сондай хазіреттен айрылған соң,
Аузымда айтар жұртқа сөз қалмаған.
Суалды Сүйіндіктің аққан суы,
Соңынан еріп еді жасы, қуы.
Кеше хазірет сықылды емес пе еді
Арқада дін исламның жалғыз туы.
Ғұлама бұ дүниенің бір тұрағы,
Аспанның түсті жерге сол бір жағы.
Сегіз болыс Сүйіндік ортасында
Сөнді ғой дін исламның шамшырағы!
Ғылымды он екі пән - тамам білген,
Іші-тысын толтырып тәңірім берген.
Шариғаттың шегесі, дін тұтқасы,
Ғұламаның алды еді көзбен көрген.
Ғылымның, Бұхар барып, көзін ашқан,
Ғалым еді алдынан шайтан қашқан.
Баласына үш жүздің даңқы кетіп,
Орта жүзді аралап үлгі шашқан.
Ғылым-сарыф, ғылым-наху, - білген жатқа,
Мантық қалам тыссуыф, - жазған хатқа.
"Ғақайд тыһын, - деп - хикмат молла жалал
Фаайз асул ғылым қыратқа".
Бұхарада мырза Ұлықбек тұрған жері,
Хатымгер дамолланың болып пірі.
Ғылым фықа хадиске аққан судай,
Тәпсірге болып басым онан гөрі.
Мерғараб сабақ оқып Көкалдаштан,
Ғылыммен біте қайнап бала жастан.
Бұхарай Шәріфте мәшһүр болып,
Замандас, бастасына болған дастан.
Талай білмес наданды салған жөнге,
Бірі боп төрт тіреудің ислам дінге.
Алды боп ғұламаның (жамағаның) шыққандығы, -
Сөйлейді Бұхарада әлі күнге.
Білініп дәйек алған Батырханнан,
Жеке қара боп шыққан қанша жаннан.
Несібесін бұйыртып Сарыарқадан,
Еріксіз айдап келтірген құдай маңнан.
Әуелі келіп тоқтаған Қоңырқұлжа,
Әр жұртқа ғылым шашып, салған жолға (олжа).
Дария-мұхиттай-шыр айналған,
Болмаған мұндай ғалым осы қырда.
Онан соң тұрған жері - Қыпшақ:
Ыбырай, Ғылымнан артық нәсіп берген құдай.
Советник Тұрлыбектің тірісінде
Неше жыл тұрған мұнда бірнеше ай.
Жиылып сабақ алған Керей біткен,
Атығай, Қарауыл боп құрмет еткен.
Қанжығалы, Қыпшақпен Қуандыққа,
Он екі пән ғылымнан дін үйреткен.
Жеріне жүрген, тұрған үлгі шашқан,
Шишманың тұнып жатқан көзін ашқан.
Исі казак, үш жүздің баласында
Заманында молда жоқ мұнан асқан.
Жеті дуан үстінен Омбы барған,
Дәреже, қайда барса, орын алған.
Біреудің себебімен құдай айдап, ъ
Нәсібі мұнан болып келіп қалған.
Ең алғаш қоян жылы келді көшіп,
Ғылымнан берді құдай бізге несіп.
Дін ашылып, мәсәле, сөз шашылып,
Сүйіндік толықсыды: дәулеті өсіп.
Орнықты Баянаула қаласына,
Жиылды дін іздеген панасына.
Келтірді құдай айдап несібіне
Сегіз болыс Сүйіндік баласына .
Шәкірттер жиылысты әр тараптан,
Үлгі алды: фиққе, наху, парсы, арабтан.
Баһырасы жұққан жанға сондай болды,
Көкалдаш, оқығандай, Мергарабтан.
Келтірді құдай айдап біздің елге,
Кенелді дария теңіз, шалқар көлге.
Әкелген себеп болып Мұса мырза,
Қанша дұға қылсақ аз сондай ерге!
Кіші жүз: Бөкей елі-шыққан тегі,
Таусылмас жүрген, тұрған айтсам көбі.
Асылдан айдап құдай қолға берген,
Ала алмай қапы қалды жұрттың көбі.
Бұхардан екі қайтқан, екі барып,
Жан еді ғылым хикмет кеткен дарып.
Әр түрлі мәселенің көзі ашылды,
Баласы Сүйіндіктің аузы жарып.
Ғұлама мұнан артық болсын қандай,
Көз көрмес, естімеске бұ заманда-ай!
Қырмызы қызыл жібек мінезденген,
Аузынан шыққан сөзі шекер балдай.
Ғалым жоқ мұнан асқан Қараөткелде,
Атбасар, Көкшетау мен қалың елде.
Дариядан есіл сондай су іше алмай,
Құр ерін, мейір қанбай, қалдық шөлде.
Бір дуан оңтүстікте Қарқаралы,
Бар ма, айтшы, мұндай ғалым онда, кәні?!
Теп-тегіс шар тарабы бірдей келген,
Сықылды Имам Ағзам ғылым кені.
Павлодар, күншығыста Кереку бар,
Бес кадам әр жерінде молдалар бар.
Мөлшері білгенінің көрінбеген, -
Дариға, есіл сондай болдық қой зар.
Семей бар, илиада Ертіс басы,
Өскемен таяу тұрған оның қасы.
Болмаған оларда да мұндай ғалым,
Дария еді түпсіз терең жоқ шамасы.
Омбыда екі бастан молда жоқ-ты,
Айтпайды ғалым бар деп онда тіпті.
Ахон бар, Ғабдал, - бәрі Қызылжарда
О дағы бұл кісіні: "Артық!" - депті.
Япырмау, бізді айтсайшы не еткен жаман,
Баһырасыз сондай заттан қалған аман.
Сөйлейді аса мақтап тақырып (тығырыф) қылып
Медресесі Бұхарада Қарт Рамазан.
Әр жұрттан баһыраланған шәкірті көп,
Көрген жан мойын қойған: "Ғұлама!" - деп.
Дабысын естуменен болып ғашық,
Шақыртқан екі жылдай Қарымсақов.
Су мен туз тартпаған соң, бара алмаған,
Естумен, көрмей, мейірі қана алмаған.
Асылдан алыстағы әуес еткен,
Біз-ақымақ: жақын тұрып ала алмаған.
Нәпсім жүр надандықтан әлі қайтпай,
Еркіне жіберген соң басын тартпай.
Күнімде сегіз жасар кез болып ем,
Немене құр қалған соң айтып, айтпай.
Шәкірті әр жерде көп, бәрі молда,
Жұрт аузына қараған, кітап қолда.
"Анда да жоқ, - дегендей, - данда да жоқ".
Біз байғұс түк бола алмай қалдық жолда.
Сарыптай сегіз жаста кеттім түсіп,
Оқыдым Мұқтасарға Бидан қосып.
Мұғызы менен зынжыбаны шырых ғабдолла
Білу жоқ кете бердім судай кешіп.
Ғауамал, қауағидны қатар салып,
Фараиз бір жағынан қабаттанып.
Адаб міназара иптіғара
Кафиа шамысиадан сабақ алып.
Сол күнде он үш, он төрт - менің жасым,
Отыз-қырық серік (ерік) болған замандасым.
"Темірді қызған күнде соғып" қалмай,
Көрдің бе құр қалғанын сорлы басым?!
Мен неге оқымадым жазы-қысы,
Қалдырған құр алақан хақтың - ісі.
Түсті бұзған шайтандай жолдас болды,
Шайтанның Абиаз атты бір тұңғышы.
Ойласам өткен күнді, болдым құса,
Кебім көп бір басымда үлкен қыса (қисса).
"Ерден-тұяқ, қылыштан-қияқ", - деген,
Ұл тусаң, енді анадан, атаңа ұса (ұқса)!
Келер ме кеткен хазірет енді қайтып,
Тағырығын тауыса алман тілмен айтып.
Дүниеден арманда боп бір өту бар,
Ғам ғыса, шегіп мехнат, жапа тартып.
Салмақты, сабырлы еді-ау қара жердей,
Ала аяқ жұрттан озған бәйге кердей.
Мінезін ғылымы мен лайықты ғып,
Жаратқан тегіс қылып бәрін бірдей.
Пәнлерге: наху, мантиқ - басым еді,
Бір гаухар қолға түспес асыл еді.
Жарасып ишан, қожа, молдасымен
Сүйіндік өзге жұрттан асып еді.
Ғақайды пәнлеріне болып судай,
Ғылымның дариясына қонған құдай.
Жарасқан имамлыққа лайықты боп,
Көтерген хақ пайғамбар (жасын) жасыл тудай.
Пәнлерден ғылым, хикмет баян айлап.
Бірге өскен ғылымменен біте қайнап.
Мынбырда хатпа оқыған хош әуезің
Бұлбұлдай шаманларда тұрған сайрап.
Кітабың қалды артында: "Мішкат-Шариф".
Май қылған мәселенің ішін жарып.
Зар болдық бір сөзіне, енді қайда,
Дал болдық қалып қайран біздер кәріп (ғарып).
һыдайа Шәріф еді қолға алғаның,
Ғинан Алғынайаға көз салғаның.
Хазіреттен есіл сондай айырылған соң,
Дүние-ай, жаңа білдім шын жалғаның!
Өлшеусіз ғылым берген патша құдай,
Болған соң амал бар ма тағдыр солай.
Тұзых тілох тілхыстан шешуші едің,
Қиынын мәселенің қылып оңай.
Ондай зат құлақ естіп, көре алмас көз,
Ден қойған асқанына бұл Орта жүз.
Әркім өз заманында имам ағзым,
Алдыңнан кеткен емес шешілмей сөз.
Фырайыз несіп алғылым білген тамам,
Болмаған тассуыфқа мұндай адам.
Бәрін де білгенінің баяндауға
Жетпейді мөлшеріне менің шамам.
Көрдің бе, ей, халайық, ақымақ біздей?!
Құр қалған бір асылдан келген кездей.
Татумумма молла жалал зышыларын
Жат айтқан жай әңгіме қара сөздей.
Қызыл гүл көрдім уақытын солғанының,
Дүниенің жоқ опасы толғанының.
Бір алла ақыретте ақырын (ахырын) берсін,
Жалғанда хиралжиза қылғанының.
Болғанда жаннат бақша жатқан жайы,
Жарылғап фазылы бірлан бар құдайы.
Ғибадат мытғыды қабыл болып,
Көрінген баһыра тиіп сол маңайы.
Бал шекер мейірім қанып тата алмадым,
Сөйлеуге қарапайым бата алмадым.
Сықылды айдың көзін бұлт басқан,
Болған соң мен сөйлемей жата алмадым.
Адамның жоқ-ты менен сол жаманы,
Жігіттің қайран жастық бір заманы.
Сөз қылмай мен қалайша тыныш жатамын,
Жұрт асқан есіл сондай ғұламаны.
Жасымнан сөзге ілініп, болдым мазақ,
Көп емес білгенімнің өзі де аз-ақ.
Қандай жан мін табады сондай ерден,
Демесе бар жазығы: нәсілі - қазақ.
Күфайа, парыз ғайын ғылыммен дөп,
Ер еді бәрі тегіс өзінде көп.
Ғылымның фазылатын білдірді Алла,
"Ұғаллам адам алла есама", - деп.
Адамға періштелер таңырканды,
Қылмақты оған сәжде мойнына алды.
Мүмкін бе жоқтамаққа ауызға алып,
"Ғылымы он екі пән" деген жанды.
Бар еді есіл ерде әңгіме кеп,
Біз болдық қатты арманда ала алмай көп.
"Уамаен иуеат ал хикме" - құран сөзі,
"Факаде аутай хиыра кішра", - деп.
Тысуф ғылым тохид кәлам еді,
Фықа заһд әр пәнлар тамам еді.
Құданың фазылы менен нұры тиіп,
Берілген ғылым хикмет адам еді.
Не сөз бар ғалым болса оған және,
Болар ма енді ондай бір ғақылы дана.
"Уақулә рабіб зедні ғылма деме" - дей ме,
Құранда хабибіне Хақ тағала.
Аузында қара сөздей наху мантық,
Оқыған жаслығында мехнат тартып.
Құдайдың бар жаратқан қазынасында,
Ғылымнан ешбір нәрсе емес артық.
Ғылымға адам еді іші толған,
Аузына нұр төгіліп, дуа қонған.
Жаңбырдан аб нисан дүрлер тамып,
Шарапат баршамызға сонан болған.
Ғанибет бұ жүрмеклік аз күн хаят,
Түбіне бұ жалғанның жоқ не һайат.
Ғылым мен ғұламаның құрметі үшін,
Сөзіме дәліл қостым екі-үш аят.
Айыпқа естіген жан алмасын деп,
Өлең деп, бұзық ойға бармасын деп.
Бастадым хамдусына бісмілламен
Аяқсыз, есіл сөзім қалмасын деп.
Кім қалар қаза жетсе, көрге кірмей,
Мал қалар улап-шулап жаныңа ермей.
Парқы бар жер мен көктің арасындай,
Білген мен білмегендер болмас бірдей!
Надандар не біледі - мешел, өлік?!
Мәз болар мал жиғанға үш-төрт түлік.
Болғанда қиамет күн айырылады,
Арасы жақсы, жаман болып бөлек.
Жын, шайтан бет-бетімен бордай тозар,
Күркіреп дау-дау жанып тамұқ қызар.
Мирасқор пайғамбарға жақын болып,
Ғылыммен ғамал қылған ғалым озар.
Ғалымға қылсаң керек жанды құрбан,
Бұл дүние соларменен түзу тұрған.
Жаратқан құдай артық ғұламаны,
Теп-тегіс іші-тысын қылып нұрдан.
Ғылымға бір зат еді қайнап піскен,
Тоқтамай мәселеге желдей ескен.
Білгенді, білмегенді бәрін құп деп,
Ешкіммен емес еді ерегіскен.
Ұнатқан моллалыған тамам алаш,
Сықылды іздеп таппас миқан ағаш.
Қанша сөз білместікпен айтса надан,
Жаң - жадал қылмаушы еді ешбір талас.
Хазіреттің айналамын аруағынан,
Патшадай түспей кеткен сол тағынан.
Рухын нұрландырған карим Алла,
Бейіштен есік ашып жан-жағынан.
Қадірін қолда барда қалдық білмей,
Табылмас асыл еді көпке бірдей.
Сең соққан балықтай боп қалдық біздер,
Ғам құса(ғұса) қапалықпен күйге келмей.
Сықылды шикі тері жетпей иім,
Көңілім бар секілденген жыртық киім.
Басшыдан хазірет сынды айрылған соң,
Жаңылдым мен сөзімді, келмей күйім.
Айырылып қапияда қалдық не ғып,
Құлақтан естіген сөз кеткен ағып.
Құданың құдіретімен болған нәрсе
Жылаймыз енді мұны кімге шағып?!
Әр жерге шашып тұқым, салып егін,
Тіл шаршап, құлақталар, айтсам кебін.
Ішіне сонша ғылым орнаған соң,
Адам деп айтып болмас оны тегін.
Дүние-ай, көзім жетті жалғанына,
Кім жеткен бұл жалғанда арманына?!
Хазіретті қанша айтқанмен, келмес қайтып,
Қайырлы қылсын артын қалғанына.
Болмадық өтерінде біз қасында,
Кеп арман қылдық болмай сол басында.
Жалғанның жазымы көп пенде білмес,
Болған соң, дүние қапы болмасына.
Қызмет қып жүре алмадық қасына еріп,
Әкетті ерікке қоймай жастық керіп.
Өтер деп бұл жалғанды бір ойламай,
Қызығын қыла алмадық аз күн көріп.
Бір-ақ дем жоқ болады бітерінде,
Шолтаңдап шолақ дүние кетерінде.
Дәріс беріп мәселеге жауап айтқан,
Тәпсірден берген тағылым өтерінде.
Сөйлеген ғақайатта бағас (бахыш) заттан,
Мағынасын хазірет иасин айтқан жаттан.
Адамның зағиплігін қылып тәпсір
Неше мағына сөйлеген ол аяттан.
Жаралған әуелде адам зағип болып,
Суық болса, шыдамас жаман тоңып.
Ыстық болса, шыдамас күйе жаздап,
Мұнымен не болады жүріп-тұрып?
"Анна ала нысаана хұлық һалұға!" - деп,
Мағынасын тәпсір қылған таратып көп.
Ла ила алла, алла, - мағыналарын
Сөйлесем өткендерді, таусылмас кеп.
Қасида, бір идадан байан айлап,
Бұлақтай есіл хазірет аққан қайнап.
Айтуға сол таратып, жер тар болып,
Ішінде тұрғаннан соң бәрі сайрап.
Дүниеден еш бір қалам ауызға алмай,
Ла ила илла алла —тілден салмай.
Дәріс беріп шәкірттерге әдеттенген,
Үйренген тірлікте мінез қалмай.
Есіл ер қаза жетіп кірді көрге,
Өзімен жолдас болып ғылым бірге.
Бұрынғы сол себептен айтпады ма:
"Кірсін, - деп, - қара жылан қара жерге!"
Қара жер қанша жанды жұтып тоймас,
Түгендеумен бұл өлім кімді жоймас.
Біреу өліп жатса да, біреу күліп,
Ғапілдік, білместігін пенде қоймас.
Сөйлесе, бал шекердей тілі майда,
Ондай жан енді анадан болмас пайда.
Кешірген: білгеніңді, білмесіңді,
Ол енді қанша айтқанмен, хазірет қайда?!
Жақсы деп, жан біткенді мақтаушы еді,
Шығармай сырын ішке сақтаушы еді.
Елден көшіп жатса да біреу білмей,
Қайырып жанның бетін қақпаушы еді.
Үстінен, үндемеген, өтсе басып,
Мінезі - біреуінен біреуі асып.
Үлкенге - үлкен, кішіге кіші мінез,
Әркімнің, сөйлеуші еді, көңілін ашып.
Бұл өлім талай жанды күлдірмеген,
Нешелерді ойран ғып бүлдірмеген?!
Шарапат, бойындағы қасиетін
Паш қылып ешбір жанға білдірмеген.
Пірлері Бұхарада - Шайхы, Жалал,
Несіпті ықылас қойған әмір күлал.
Жоқ қылған зиаратын жалғыз түнде
Ешкімге болмасын деп еш бір малал.
Біз көрдік: Жалал, Мағзұм зиаратын,
Имам Хажат базарға қойған жақын.
Ешкімге қолдағанын сездірмейтін
Осындай сүлігінің пірі батын.
- Арқаға келген екен Құдай айдап,
Біз қадірін біле алмай қалдық сайрап.
Шаһарлы жұртта мұндай ғазизларға
Басына ту тігеді, жалау байлап.
Пілпіла хатыршауы сонан шыққан,
Пірінің бір насихат сөзін ұққан.
Топырақты назарымен кім ие қылған
Ерлерден хибазат мандұп баһра жұққан.
Болмадық Бұхараның панасында,
Сахараның, топырағың боп, даласында.
Есіл ер қазаң жетіп, демің бітіп,
Белгісіз Баянаула қаласында.
Ескендір іше алмаған мәңгі суын,
Адамның қоймайды өлім жас пен қуын.
"Мирасқор балам, кел!" - деп, қолыңды алсын,
Пайғамбар көтергенде жасыл туын.
Хазіреттің Бұхарада орнын көрдім,
Ұстаз пip серіктерін, - бәрін тердім.
Тафық алынғыл балынғыл болғаннан соң,
Аузыма келген сезді айта бердім.
Біледі бәрін ішім, қолымда жоқ,
Айтыпты: "Ілгері, - деп, - жоқтықтан боқ".
Дәрмен жоқ көрісерге қайнайды ішім,
Аузымнан от шығады: жалынды шоқ.
Хазіретті баяндайын сізге және,
Айттырды ерікке қоймай хақ тағала.
Уалла ғылым бал сауап-хақиқат хал,
Менімен сынасқаның түзеп қара.
Мағзұмлар Ғабдол рахиман Ғабдол ражим
Атаңыз әулие өткен, қылсаң фахым.
Рухынан зат шарифтың болып медет,
Алладан баршамызға болғай рахым!
Иншалла, бұ сөзім болмас жалған,
Аузыма әр не десем тәңірім салған.
Ілгері менің баспай жүргендігім –
Оқымай кеткеніме көңілі қалған.
Кетіппін кейін қайтып, келіп таяп,
Шайнап дәмін ала алмай, қалдым жалап.
"Болатұғын бала еді, болмай қалды!" –
- Деп, тақсыр ренжіген сол мені аяп.
Қадірін бүйтер ме едім, бұрын білсем,
Қызмет қып арман не еді жолында өлсем!
Дүние - ай, қандай қылып ұстар едім,
Әттен "он бес" енді бір қайтып келсең!
Мұнда-ұстаз, Бұхарада өтті пірім,
Тарқамай екеуінен қалды шерім.
Бәрінен табылғанның қапы қалған,
Менің жоқ, ойлап тұрсам, оңар жерім.
Он жолға өзің баста патша Құдай,
Жоқты бар қылған сенсің, қиынды-оңай!
Махшарда әлде қандай боламын деп,
Зар тұтып осы күнде жүрмін жылай!
Дүниеден кетпей тұрмас, келсе адам,
Өле ме осалдықтан өлген адам?!
Бір дұға: өліге де, тіріге де,
Хазіретті көріп, естіп білген адам.
Тілден-сөз, әлі-ақ қалар қолдан қалам,
Сөйлейін келіп тұрған кезде шамам.
Өлмесе Мәшһүр-Жүсіп, сөз таусылмас,
Үшбу сөз осыменен болсын тамам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу