Өлеңдер ✍️
Мұса Шорманұлы
Бисмиллә сөздің басында,
Бір мехнат кештім жасымда,
Опасыз дүние осы екен, иманы болсын қасында.
Сапар қылды дүниеден - алпыс алты жасында.
Арманда болды ағайын жан тапсырған уақытында.
Халық қамы үшін барды да, тағдыры бітті Омбыда,
Шыңғыстан басқа ағайын ешбірі болмай қасында!
Халайық, бір сөз қозғайын, шариғаттан озбайын,
Асылық сөйлеп, жарандар, сүннет жолын бұзбайын.
Қазақтан мың хан болған, көргендерге таң болған,
Арманда кеткен кешегі - ғазиз ерді қозғайын!
Қозғамай қайтіп тұрайын, күйікке қайтіп шыдайын?
Айтпастай болмас іс болды, қалайша шер қылмайын?
Мен құдайға жылайын, сөкпеңіздер жамағат,
Өртеніп ішім барады, шығарып лебіз тынайын!
Аз ғана жоқтап сөйлейін, Арғынның жалғыз шырайын.
Ғазиз рухын, мақшар күні шапағатшы қылғай-ды!
Бұл Арғынның ішінде бар ма еді мырза пішінді ?!
Айтып бір тамам ете алман, қылып бір кеткен ісінді,
Жібектен арқан есілді, қалай түйін шешілді?
Сүйіндіктің баласы
Салқынында саялап, еркінше шауып көсілді.
Уа, дариға, есіл ер, дүниеден көшіп кеткен соң,
Дүниеде ләззат көрінбей, сонша бір нәубет кесілді.
Адастым ғой ақылдан, жиярмын қайтып есімді?!
Көзімнен аққан қанды жас,
Ертеден кешке ағызып, алайын сенен өшімді.
Арғы атасы сұралса, ізгі өткен мырза Анай-ды,
Каржастың қасқа жайсаңы Анайдан өрбіп тарайды.
Байеке, Күшік атанып, қалмаған екен қатардан,
Ұлы атасы би Шорман атадан жетім қалыпты.
Ешкімнен ақыл үйренбей, өзіне құдай салыпты.
Жасынан кіріп билікке, үлгіменен жолды тауыпты,
Аузынан дүрлер төгіліп, шамшырағы жаныпты.
Ақылы бір дана-данышпан, абзал туған Мұсекем,
Ата-баба аруағын бұлжытпай ұстап қалыпты!
Мұса бала атанып, он үште орын сайлаған,
Бас қосылған жиында бұлбұлдай болып сайраған,
Бұлақтай ағып қайнаған.
Сөйлеген шақта көздері шамшырақтай жайнаған.
Дүниеден қашан өткенше, басынан бағы таймаған,
Көп мақсаты бар еді, халқы үшін ойлаған.
Баяны жоқ сұм дүние кімдерге опа ойлаған?!
Халайық, мұным дұрыс па, шариғаттан бұрыс па?
Қылықты қыздай мінезі, сүйкімді болған жасынан—
Қазақ түгіл бір туған атасы басқа орысқа
Айтар бір сөзі бұл еді:
"Жақсылыққа жәрдем бер, жамандыққа болыспа!"
Ең әуел дуан ашқанда, қазаққа низам шыққанда,
Дуан басы Шоң болып, би Шорман султан соң болып,
Тайында атқа қосылған, айтқан бір сөзі оң болып.
Қатарға кіріп сол жастан, құдайым қуаттап ол бастан,
Он төрт жасар күнінде сайлаған екен болысқа.
Әзелден арнап жаратқан лайықты сайлап орынға,
Дабысы кеткен жасынан Үрім мен Қырымға.
Атасы мен бабасы артық бір өткен өзінің.
Сондай бір абзал сабаздың артында біздер қалған соң,
Шәжәрәт үшін сөйлемей, үндемей қалу орын ба?!
Жасында кірген жарысқа, кеткен бір даңқы алысқа!
Бәріне бірдей жаралған ағайын, алаш, танысқа.
Ойласам ішім ол түтін, қалмады бауырым еш бүтін,
Өртеніп дулап жанады, жалыны жүрек шалады,
Құрғақшылық уақытта от түскендей қамысқа!
Өтіп кетті есіл ер ойламаған орында.
Қанша аяулы болса да, артық дәурен сүрсең де,
Бұйрық жетсе, ағалар, болжалсыз өлім алыс па?
Ілім мен ақыл бойынан түгел болып табылған,
Аузында айтар сөзінен жоқ еді жері жаңылған.
Медаль мен орден, шен алып, патшалық қылыш тағынған,
Хұрметлу бастық-ұлұқдар көруге жүзін сағынған.
Неше жүйрік, ділмәрлар бетпе-бетке келгенде,
Жалғыз ауыз соз айтпай, бәрінің аузы жабылған.
Жиырма екі жасында қазылық үкімін жүргізген.
Парасат беріп құдайым ілімлерін білгізген.
Әрбір үлкен ұлұқдар құрметіне бек жетіп,
Жоғарыға көрсетіп, бір-біріне инғам бергізген.
Жылағандарды уатып, қапаларды күлгізген.
Мұхит, дария суындай ақылы терең мол еді,
Патшаға ол барғаны елу бесінші жыл еді.
Дәл отыз бес жасында, хұмайын қонып басына,
Жасауылдық шен алып, екі медаль және алып,
Бриллиант жүзік салған, баршасы бір жол алған.
Аққошқар, Шыңғыс, Бегалы - олар да - жүйрік, данышпан,
Тәттімбет, Ыбырай, Секербай - бірге ілесіп барысқан.
Бәрінің болып көсемі, Тоқтамыс тілге шешені,
Жақсылық іске бас болған, жамандарға қас болған,
Жаяуларға ат болып, тарыққанға ас болған.
Андай болып жүрген халық едік Сарыарқаның жонында
Арамызда низамын ең әуел болды жүргізген.
Медресе, мешіт салғызып, жақсы молла алғызып,
Наданлықты шет көріп, ғалімлік жолын білгізген.
Әрбір жұрттан үлгі алып, үйренуге белгі алып,
Ұсталарын жүргізіп, көзіменен көргізіп,
"Былай қыл" деп үйретіп, шырғадай қылып сүйретіп,
Салтанаттың рәсімін ел жұртына көргізген.
Тазалыққа үйретіп, былықлықты жек көрген,
Зиян қылмай ешкімге, жақсылықты еп керген.
Қаршыға, бүркіт, ителгі,
Қырғи менен жағалтай,
Лашын, тұйғын, тұрымтай,
Тазы мен мылтық, тор мен ay - аң сайманы бар еді.
Аң аулаудың тарихын кемеңгерлікпен үйреткен.
Жиырма тоғыз жасында аға сұлтан болғаны,
Құдай берген дәулетке толқып әбден толғаны.
Жарастықты дәулетпен неше жыл солай тұрғаны,
Қайсыбірін айтайын, дүниеде көп-ті қылғаны!
"Жақсы соз құлақ құршы"- деп, айыптама, ағалар,
Аз ғана кеңес қылайын: абзал да болған мырзадан,
Құдайдың берген бағымен пендеден беті қайтпады,
Қашан бір өтіп кеткенше, адамға сырын айтпады.
Қанғожа, Абыз төре мен
Патша таққа мінгенде,
Екінші барып қайтқаны.
Сонда бір көзге көрінген, жан емес сөзден сүрінген, .
Газеттерге басылып, шаһарлы жұртқа білінген.
Патша тұрып алдында сұраған әрбір сөзіне
Тайсалмай жауап қайтқаны.
Патшаға ауыз тілдескен, тең құрбыдан ерте өскен,
Губернатор, бастықлар - көрсе, жүзін елтіскен.
Адаммен дұшпан болмаған, еш жақсының сөзін бұзбаған,
Сөйлесіп кеткен ұлұқлар - шақырып бәрі: "Кел!"- дескен.
Өтпейтін дүние бола ма, өлмей адам тұра ма?
Бұ опасыз дүниеде,
Ойлап тұрсам, жаранлар,
Мәңгі суын кім ішкен?!
Асыл нұрдан шырағын құдайым сүйіп қалаған.
Дәулет құсы қонған басына, қыдыр келген қасына,
Есіл бір сондай бекзаттың жұрт аузына қараған.
Көркі менен сымбаты, ақыл менен ілім, дәулеті,
Баршасы бірдей табылып, әр пендеге жараған.
Мінезің еске түскенде, оттай болып жанамын,
Өртеніп кетіп барамын.
Айтсаңдаршы, жамағат, қалайша сабыр қыламын?!
Сөйлемей қайтіп тұр дейсің?-
Қайран қалып мен тұрмын, айырылып гауһардан.
Қайран бір өткен ғазизім, телі-тентек қоймаған,
Билеген қанша елінде, хүкімет құрған жерінде,
Айбатлы болған елінде, иманы болсын жолдасы!
Айтқаны мен қылғаны әмісе келген дұрысқа.
Дүниенің түзіп низамын - дуанбасы күнінде.
Сибиряков губерно бас қосқан жиын-тойында
Патшаның келіп баласы,
Жиылған Сибирь халқына Омбының толған даласы.
Қасқа мен жайсаң қалмаған,
Қазақтың сонда жиылған түрлі маңғаз — сарасы.
Абзал туған данышпан әр түрлі өнер өткені-ай,
Өзі теңдес жақсының бәрінен озып кеткені-ай!
Байқап тұрсақ жақсылар, ақылының данасы,
Бак берген артық бір құдай,
Бола алмас қазақ енді ондай!
Би шыққан қазы Секербай - бәрінің болды басында-ай!
Алтыннан салған жүзіктің - мысалы болды тасындай.
Сонда бір қылған өнерін айта алман бәрін қалдырмай.
Ұмтылған жастан-өндірден,
Берік болған жібек кендірден,
Сөйлеген шақта халайық, аузына қарап телмірген.
Бәйге қара ат үстінде неше түрлі ойын етіп,
Өнерін жұртқа білдірген.
Айдынды шалқар теңіздей ақылға дана, кен еді,
Қазақтан туды демесе, басқа жұртпен тең еді.
Аузына дұға қойылған-айтқан бір сөзі ем еді.
Не жақсылар өтпеді, не жақсылар кетпеді ?
Өзімен тұстас жақсының: табылса бірі, бірі жоқ,
Айыпсыз пенде болмайды, қай пенде өткен міні жоқ?!
Сондай көбі кім еді қатарласқан жақсыда?
Үшбу қазір, жамағат, мырзадан асқан кім еді?
Өзгеше туған ер еді, халқының қамын жер еді.
Бір бір емес бар еді,
Алаштың ұлы Арғынға сасқанда мырза керегі.
Көлеңкелеп отырған - құлады түптен терегі.
Ай батқандай қылды да, адастырып жөнеді,
Өтер деп пәни жалғанды, еш уайым жемеді.
Бұ даланың ұлығы шолып өтер жолында
Шақырғанмен барғаны,
Омбыға үшбу жолында бұқара халықтың қамы үшін
Сонда болған ұлыққа келейін барып деп еді.
Қайтейін тірі тұрмады, бір сапар барып келгенше,
Кіре-кіре мал мен бай-уандай қылып жөнелткен.
Уа, дариға, есіл ер, ілгері-соңғы қазақта
Болып өткен жақсыңа
Мұндай хайыр-ықсанды
Онан басқа кім өткен?!
Бұл есіл еске түскенде, ішім бір оттай күйеді,
Өзі тірі күнінде қисайғанды түзетіп,
Жығылғанды сүйеді.
Келген бір қожа, молдалар сәлдесі кепе оранған,
Қасиеті қардай бораған,
Ілімі тақуа ишандар қайтушы еді
Мырзадан қатарлап айдап түйені.
Біраз ғана сөйлейін, асылық қылмай Аллаға,
...жад қылып Жаппар иені.
Жаз жайлауың Шортанды, Есіл басы қорғаны,
Былтырдан бері ойландың - Омбыға бір барғалы.
Он үштен мырза асқан соң,
Он төртке аяқ басқан соң,
Байлық, бектік, мырзалық,
Моллалық пен тақуалық - ешбірі сізден қалмады.
Ғылымның жүрдің жолында ниетің болып:
"Бұхара Шәріп барсам!"- деп,
"Ұстаздан сабақ алсам!"- деп,
"Бір хұжыраның бұрышында, отырып жалғыз қалсам!" - деп
Қайтейін, дүние, опаң жоқ,
Кеше өткен ғазиздің ішінде кетті арманы.
Қыс қыстауың - Ақкелін Ащы судың саласы,
Жай салдырдың кең ғой деп, жердің жазық даласы.
Алақанында аялап, көлеңкеңде саялап,
Қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шоқыттырмай,
Еркелетіп өсірдің - Сүйіндіктің баласын!
Ерте ойландың, бітпеді, бітуге сәті жетпеді,
Қуандық пен Сүйіндік,
Егіз туған екі елдің
Қосайын басын деп едің,
Біріктіріп арасын.
Алланың әмірі күшті ғой, ажалдың желі есті ғой,
Бұзып кетті дал-дал ғып, Арғынұғлы
Мейрамның жел жағынан панасын,
Ел жағындағы қаласын.
Жазылмас көңілім жарасы,
Жан-жаққа, жұртым, қарашы!
Қамқоршы мұндай қорғанды
Қайдан, бір халқым, табасың?!
Дін шырағын жандырдың,
Баяндайын қалаға медресе, мешіт салдырдың!
Ғылымға махир молланы әрбір жайдан алдырдың,
Бал-шекер тамып сөзіңнен,
Нұр балқып раушан жүзіңнен,
Жұртыңның мейірін қандырдың.
Жұрт астым деген жақсыны
Жарыса сөйлеп келгенде,
Ақылынан тандырдың!
Алладан әмір келген соң, өлшеулі демің біткен соң,
Опасыз пәни дүниенің,
Пайдалысын бірге алып,
Керексізін қалдырдың.
Халыққа шопан құт болдың, хұмайын дәулет құсындай.
Өзгеше туған ер едің, басқаға парың қосылмай.
Бар еді кімнің ойында Омбыға барған жерінде
Болар деген осындай?!
Құдайдың сүйген құлына ғазиз бір рухы қосылған.
Ұстазың да қалды дұғагөй, Омбыдан қоймай алдырған.
Бақыт құсынан айрылған, замандас болған тұсыңнан,
Өтіп бір кеткен мырзаның иманы болсын жолдасы!
Үш қыз - арқа, Көктөбе, он екі жақтан қазылық
Ақ ордасы бұзылып, кетті ғой қайран құлжасы!
Қайда кетті, жарандар,
Кеше жүрген мырзасы,
Сүйіндіктің тұлғасы?
Шапағатшы пайғамбар, достым дегей шариар,
Өткенге болып медеткер, үмбетіңді қолдашы!
Мың-мыңнан жылқы айдаған, желілеп бие байлаған,
Аюлы, Нияз тауларын көктей өтіп жайлаған.
Не жақсымен танысқан,
Қасқа, маңғаз, жайсаңмен
Жас күнінде жарысқан.
Тереңнен ақыл ойлаған, қылмаған өнер қалмаған.
Жақсылар бас қосқанда, алды-артынан тосса да,
Шылбырынан шалдырмай, құбылып гүл-гүл жайнаған.
Өтіп кеткен мырзаның жер жоқ-ты даңқы бармаған!
Дүние, ақырет ісінен - қылмаған өнер қалмаған.
Бұхара, Ташкент, Самарқанд,
Үрім менен Ресейде - асылы бар ма алмаған?!
Дүние бақытын байқасаң, тайы қысыр қалмаған,
Тайлағы бота салмаған.
Ақырет жайын сұрасаң, көпке керек жұмыстан,
Қылмаған жұмыс аз шығар - көңіліне алмаған.
Бұ опасыз сұм дүние - кімдерден дейсіз қалмаған?!
Керекуден жөнеліп, әзер деп зорға кеткені-ай!
Ондағы дос - жаран, ағайын
Жібермей құрмет еткені-ай!
Жазмыштан пәрмен болған соң,
Өлшеулі демі біткен соң,
Омбыда жатқан жерінде, бұйрықлы уақыт жеткені-ай!
Мінезі жұмсақ мүләйім қырмызы қызыл жібектен,
Көңілі оның кең еді оралған арал, түбектен.
Жаныма баттың демедің, науқасым қатты демедің .
Ақыры кетті себеп боп, қазаға келген сұм дерттен.
Бұ даланың уәлиі Колпаковский генерал
Тәрбиемен хұрметлеп алған күн.
"Жеткіз" - деп открыто бұйрықпен,
Денесін асыл жөнелткен.
Ұлықта болса, жарықтық: "жалко", - деп, аяп иілген,
Қадірін біліп ғазиздің, қазақтан бетер күйінген.
Олай-бұлай қалдырмай, сол араға қойдырмай,
Тез жөнелткен жеріне.
"Тәңір жарылқасын!" - деп көп айтқан,
Разы болып сүйінген.
Өзгеше болған бағыңды - айта алмай ондап шамалап,
Жетіп бір келдің тіріндей, қақ жарып дуан аралап.
Жолдағы көрген жан біткен қозыдай шулап маңыраған,
"Қазақтың ханы кетті!" - деп, барша естіген зарлаған.
Жүрген бе екен ханасы жол үстінде қамалап,
Ғаріп - қасір, кем-кетік - жақсылық кімнен дәме етіп,
Жанға қысым келгенде, барар бір қайда паналап?!
Паналап келіп қасына, малсыздар байып малданды,
Әркімнің тауып көңілін, жоқ қылған дау-шар, жанжалды.
Достары сырттан сүйініп, зор қадірін білмеген,
Жандар босқа күйініп.
Сүйіндіктің баласын тоздырмай тұрған ісіне,
Сұқтанып әр жұрт таңданды, әрбір қылған ісіне.
Білдірмей кеттің ішінде, көргеніңді түсіңде.
Келемін деген сөзіңе, зар болып басқан ізіңе,
Балалар мен ағайын алданып босқа қамданды.
Жан кеткен соң денеден, халқына қарай ұшқаны,
Нұр болып қылған амалы, хор қызы болғай құшқаны!
Керекуде есітіп, Хұсайын жолын тосқаны.
Достары қылды шүкірлік:
"Дене қолға тиді!" - деп,
"Кетпеген бақыт болды"- деп.
Асыл туған шаһбазды
Кемітер қандай данышпан?
Шектім бір мехнат жасымда, арылмай қайғы басымда.
Жасынан бірге бастасы, тілегі бірге достасы,
Шыңғыс сұлтан қасында, тар жерде болды басында.
Қандай халмен өткенін, сахарменен кеткенін,
Жайнамаздың үстінде сәждеде демі біткенін
Алшынбайұлы Қақабай, ақылын о да жия алмай,
Көзінің жасын тия алмай, айтып келді осында.
Бісміллә дәйім соз басы, ағады тынбай көз жасы.
О да осылай сөйлеген, Жақып еді жолдасы.
Жұман да жазған қалдырмай, оның да сөзі осындай.
Әлдеқандай өтті деп, қандай халмен кетті деп,
Өткенге қапа болмаңыз, иманы деп біл жолдасы.
Сабақ алып оқыған, періште болсын молдасы.
Қайран бір артық бағланым,
Гинвардың первый басында,
Сәрсенбі күннің бесінде,
Халқының келіп ішіне, жерге бір тиді-ау жамбасы!
Сүйегін үйден шығарған көтеріп қауым, қарындас.
Енді мұндай асыл зат - түгелтіп туған Арғынға
Көрмек түгіл көзіңмен, естуіңе табылмас!
Екі мыңдай адам жиылып, көзінен аққан жастары
Бетіне саулап құйылып,
Тегіс бірден шулаған, жиылған сонда кәрі-жас.
Жиылған сонша адамның бәрінің болып есі жоқ,
Ақылынан айрылған, қайғыменен сарылған.
Шыдай алмай зар қылған, әмсесінің бәрі мас.
Мереке болды-ау бұл жұртқа -
Денесі өткен ғазіздің ұшқандай жетіп келгені!
Тіріден артық болды ғой ең аяғы өлгені!
Ілім менен ақыл-ақыл-парасат, мінгесіп келген лайықлы
жақсылардың қалпына...
Өлі емес әлі тірідей,
Мырзаның аруақ бақыты
Сүйіндіктің халқына.
Алты жыл бұрын өзінен, өтіп кеткен дүниеден,
Қайтыс болған інісі, жарасқан ұнап келісі.
Жас күнінен бір болған тұрысы мен жүрісі.
Берекелі болғай-ды, түзеліп орны тұрғай-ды!
Ожан, Айса мырзалар - ендігі қалған тірісі.
Біләл, Жәми балалар, көкіректе сана бар,
Жасынан керіп жетімдік,
"Атамыз барда жетім бе ек?" –
Деп қайғырып мұңайды.
"Атажан, кімге тапсырып артында мені кеттің?" - деп
Кепішжан қатты жылайды.
Аман болғай хисаби, бейіште болғай төсегі,
Қайда кетті, жарандар,
Арғынның жалғыз көсемі?
Мейрамның жүйрік шешені?
Қожа, молда, дұғагөй, айтқаны келсін іләйім,
Орны болып аманы.
Дүниенің халі осы ма
Қайда кетті, жараңдар, сұлтанымыз кешегі?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter