Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  182


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Кәф пен нон

Дүниенің қарамадым көп-азына,
Ескеріп көз алмадым қыс-жазына.
Шимайды жындылықпен сала бердім,
Шимайлы шайдың қалған қағазына.
Қоймайды жолыққан жан: "Өлең жаз!"- деп,
Батпаққа батырады: "Күнәң аз!"- деп.
"Ертерек ат байланған төбе еді ғой,
Алтынның шыққан жерін белден қаз!"- деп.
Болғанда біреуге алтын, біреуге - мыс,
Табылса киімге астар, жоқ болып тыс.
Қорытып алтын қылып бір ала алмай,
Бейнетпен өтті өмірім (ғұмырым) сол жазы-қыс.
Айтпайды мені ешкім: "Малы бар!"- деп,
"Жүйрік қой бабы түскен, жалы бар!"- деп.
Болсам да арық, жауыр, қоймайды жұрт:
"Қойнында өлген сарттың наны бар!"- деп.
Бірдей боп бұ базарда атлас пен без,
Жоқ болып асылынды танитын көз.
Белгілі бұ да бір дерт ұстамалы:
Жолығып кеткен жанның қолқасы - сөз.
Жалғаннан құр алақан өттік босқа,
Бола алмай бір түгел жан дұшпан-досқа.
"Өлген қыздан дәметкен өмір-тентек", -
Дегендей жұрт дәметіп, бір-бір нұсқа.
Жас жетіп, дәурен кетіп, елу асқан,
Шайқалып ми су болып, ақыл(ғақыл) қашқан.
Өнердің жастықтағы (жаслықтағы) бәрі көшіп,
Күн еді ұмытшақтық орнын басқан.
Ақыл-ой, зейін(зеһін) біткен тарап кетіп,
Жалқаулық, жадағайлық, - түгел жетіп.
Дал болып айран-асыр(хайран-асыр) қалдық тұрып,
Құдайдың шеберлігін тамаша етіп.
Бір Құдай өзі бар да, өзге жоқ-ты,
Бұл қарын бір күн аш та, бір күн тоқ-ты.
Сөйлеумен ақыл-естің жоқтығынан,
Шатпалап әр нәрсеге көңіл соқты.
Ғаламға қылып заһар, шашты нұрын,
Құлақ, көз, беріп бізге ауыз, мұрын.
Бір өзінен басқаның жоқ күнінде,
Жаратты екі жапырақ елден бұрын.
Жапырақтың біреуі - кәф, біреуі - нон,
Көңілді Хаққа қойып, айталық шын.
Сол екі жапырақ болды ерлі-байлы,
Болғанда бірі пышақ, біреуі - қын.
Орнатып кәф жапырағын нонға қойды,
Мас болып бір ноқатпен қарны тойды.
"Күне" деген сөзден тойып мұнша ғалам,
Біле алмай біз шаршаттық ақыл ойды.
Бұ жалған аз күн ермек көңіл бөлмек,
Құдайдың қылғанына пенде көнбек.
Бір Құдай тумай тұғын, тудырмайтын,
Онан өңге не нәрсе туып, өнбек!
Не қылса, өзі қылды Құдірет күшті,
Туумен бір — бірінен мақұлық өсті.
Бір-екі жапырақтан өрбіп мұнша,
Құдайдың құдайлығы көзге түсті.
Ойлашы: болған не бар — кәф пен нонсыз,
Жалғанға кім бар айтшы келген мұнсыз?!
Сөзімде қате(хата) болса, сөкпе, ағалар,
"Ай кірсіз, - демеді ме, - Құдай мінсіз!"
Қалып тұр, жалған, сенен көңіл суып,
Біз саған жете алмадық мұнша қуып.
Отырмыз барды-жоқты сөйлеп-шатып,
Жан болып екі жапырақ еттен туып.
Көрінген көзге жылы бет емес пе,
Құдайға суық жүзді шет емес пе?!
Кісінің кісілігі - тіл мен жүрек,
Екеуі екі жапырақ ет емес пе?!
Кетпен шот қолға ұстайтын кәф емес пе,
Осы сөз анық емей, сол көмес пе?!
Бір салып қалған жерден топырақ алса,
Шұңқыр боп қалған жерін нон демес пе?!
Қалам-кәф, ойлап тұрсаң, дәуіт(дәуід)-нон-ды,
Бірінсіз бірі болған қашан онды?!
Бас қосып қалам, дәуіт жазу(иазу) жазса,
Кеңеспен онан шыққан дүние толды.
Тілің - кэф, аузың - нон, түкірік - сия,
Қу нәпсің— бір биік шың қызыл қия.
Отырумен шаршадық шаппай, желмей,
Кеңесті ойға келген жия-жия!
Енді бір кәф, басқада тұрған ноны,
Жаратқан осылай қып Құдай мұны.
Кәфті нонға қоспасақ, сөз бола ма,
Жұмсаймыз қай орынға - айтшы мұны!
Болмасын есіл сөзім бояқпен без,
Сен - бір сурет: болғанмен: тіл, құлақ, көз.
"Кәфті нонға қосалық - күн", - дейді ғой, -
Екеуі қосылумен бол сын көп сөз.
"Күн(кін), - дейді Құдай өзі: - бол!"- деп айтты,
"Біріңмен бірің тойып, тол!"- деп айтты.
"Бас қос та, екеу-екеу әңгіме құр,
Суал, - деп, - қашан бізге - сол!- деп айтты.
Қағаз - тән(тін), сия да тән(тін): ақ пен қара,
Төгілсе аққа қара, жүзі қара.
Қаламмен жазылған соң, жанды болды,
Оны алып оқымасқа бар ма шара?!
Сақтаулы әбдіреде қағаз қалды,
Тиген жерін былғауға сия барды.
Құдайдың бұ да ғажап шеберлігі:
Екеуін: дәуіт, қалам қылды жанды.
Қаламды шимайшылар қолына алды,
Сияға дәуіттегі күн-түн малды.
Шеберлеп, келістіріп жазған сөзі,
Нұсқа боп кейінгіге үлгі қалды.
Тіл де - өлік, ауыз да өлік, айтпаса сөз,
Құр сурет - жарқыраған, бақырайған көз.
Басында әр моланың бір сын тас бар,
Тірі деп оны есепке алмаймыз біз.
Тіл - қалам, ауыз - дәуіт, түкірік - сия,
Жан - бұлбұл, дене - қапас, көңіл - ұя.
Көз - қыран: көрінгенге аласұрған,
Сол үшін біле алмадық нәпсі тыя.
Аузымнан шыққан сөзім таңдай атқан,
Сондықтан талай жанды таңырқатқан.
Естімей дәнемені тұрған күнде
Көңілің бір өлік еді жансыз жатқан.
Бұ көңілің болды өлік қыстай, жаздай.
Маңыңа жан жуымай, басың таздай.
Біреуді жақсы көріп, жылы тартсаң,
Кіршіксіз болып көңілің ақ қағаздай.
Білмеді сақтаған сыр ішке сыя,
Тақалды нәпсі өлуге тыя-тыя.
Жек көрсең, ол біреуді суық тартып,
Болғаны онда көңілің қара сия.
Басқаға қыс боп тұр күн, маған жаз ба,
Саңырауға сөз айтқаным ақылым аз ба?!
Шыныңды айт, өтірік айтып, күр күйдірме,
Сия ма, маған көңілің, ақ қағаз ба?
Ал, көңілің сия болсын, қағаз болсын,
Қалам боп менің сөзім оған қонсын!
Тіріліп өлген көңілің жанданған соң,
Сен шыдап сабыр қылып, қалай тұрсың?!
Сен илан(инан), ант амансыз, тіліме нан,
Қалмады бұ денемде бір тамшы қан.
Сөзім бар: мағына біліп, ұққаңдарға,
Көңілге өліп қалған саларлық жан.
Тәтті ұйқы, мамық төсек - жанның тынышы,
Естісең жақсы кеңес - құлақ тұршы!
Парсы мен араб емес, қазақ тілі,
Сенің өзің мына сөзге мойның бұршы!
Әрі өлең - бұл жазғаным-әрі ғарыз,
Емес қой үндеместік уәжіп, парыз.
Сөз - несие: сатып тұрмын алмастан пұл,
Күнінде төлемесең, саған қарыз.
Ойна да, ұт, қалмай босқа, болмаса ұтыл,
Алтын болмас сөйлемей, сақтаумен тіл.
Сөзімнің - біреуі алтын, бірі - күміс,
Фальшивый мысын тап та, менен құтыл!
Сөйлесе, білінеді тілдің құны,
Жаратқан "сөйлесін"- деп,
Құдай мұны. Құдайдан, айналайын, шеберлікпен,
Жаратқан бір жапырақ ет қып оны.
Тіл болса, сөйлегендей жұрттың бәрі,
Айнала тұра қалар жас пен кәрі.
Қозғамай сақтағанмен құр қызыл тіл,
Кәнеки, ол неге ем, неге дәрі?!
Сөйледім танытуға сөздің салтын,
Сөзімнің байқап қара сен алды-артын.
Қозғамай сақтағанмен қызыл тілді,
Кәнеки, сақтап қанша бола ма алтын?!
Қызыл тіл сөйлемесе, керек неге?!
Тісіңді егеу қыл да, тілінді еге!
Ауызыңды ашпай, қырық жыл сақтағанмен,
Болуға жарамайды бір мыс шеге!
Көңіл - кен, мол қазына, сөз - бір жауһар,
Ауыз - садап, сөз онда - дүр гауһар.
Құлақтың құршы қанған жақсы сөзді
Не зәмзәм, не болмаса дерсің кәусар!
Қызыл тіл неше түрлі сөйлер сөзді,
Қанжардай тас кесетін екі жүзді.
Інжу менен маржанды тіл жасады,
Тізілтіп өлең оны жіпке тізді.
Сең соққан балықтай боп қалдым жатып,
Көзге бір көріне алмай таңдай атып.
Болмаса көз бен тілім - мал тапқышым,
Аламын мен кінәны кімнен сатып?!
Бермеді ұрлық, ойнас ебін маған,
Бұ жалған жаңылмады кегін маған.
"Болсын, - деп, - кінәсы көп құлдың бірі!"-
Құдайым өлең берді-ау, тегін маған!
Аға бер, тұрмай, бейпіл көздің жасы,
Тіл мен көз бір басыңның өш пен қасы.
Құдайдың есебі жоқ, мол рақметі (рахматы)-
Күнәкар(кінәһкар) ғасырлардың сыбағасы.
Аламын кейбіреуді мен жамбасқа,
Серт қылдым - тірілікте бір талмасқа!
Білсем де күнә екенін соқтығамын,
Алланың рақметінен (рахыматынан) құр қалмасқа!
Жалғанда қылған күнәм көңіліме тоқ,
Құдайым бар: не ғам бар, уайымым жоқ.
"Күнәсызбын жалғанда", - деп, өткеннің
Орны - азап, аты тозақ: қып-қызыл шоқ.
Қалады әр қызықтан жаман құр(ы).
Бос өтіп көктем уақыты, жазғытұры.
Қолынан келмеген соң жай жүреді,
Болмаса тәубесі жоқ, болмасқа ұры.
Қараған көз бекерге қарамайды,
Шикі ішкен ас бойыңа тарамайды.
Батып күнә қыла алмас жүрексіздер
Қорқып, тәубе қылуға жарамайды.
Жақсы өтті, бұ жалғанда жаман қалды,
Қай пенде күнәсыз боп аман қалды.
Күнә қылу қолынан келмейтұғын,
Құр сурет жамандарға заман қалды.
Ойнап күлер қызықты, сауықты ел жоқ,
Ауыз баста болғанмен, сөйлер тіл жоқ.
Жұрттың көңілі жалғанға сондай ауған,
Еркек пен ұрғашыда тегіс бел жоқ.
Дүниені қалтасына бүктеп басып,
Ақтармас әбдіренің кілтін ашып.
Қызғанумен дүниені ұстап қолға,
Тұрады бір-бірінен үркіп қашып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу