Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  197


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мысал-аңыз үлгілері

Қаршығаны мақтағаны
Бір кісінің қаршығасын ит өлтірді. Бұ кісі көп жылады. Жылап бұ өлеңді айтты:

Айтамын Құдайдан соң Мұхаммедті,
Сібірде көкжал салды көк жендетті.
Тоғыз түлек болғанда, топ қазды алып,
Қазасы көкжендеттің иттен жетті.
Көкжендет алты қаштың бауыңды үзіп,
Шыдамай өнеріңе, кеттің сүзіп .
Сенімен он сегіз жыл болдым жолдас,
Кеттің бе шыныңменен күдер үзіп?!
Көкжендет, ұшушы едің желдей есіп ,
Тұрушы ең қазды ұстап, жаннан кешіп.
Қара көт қақшымақтан ілгегіне,
Тұрады күдірейіп көк жендетсіп.
Көк жендет, үйде кеңес, түзде кеңес,
Салғанмен қанша құсты , сендей емес.
Аралас шүрегейі топ үйректен,
Басқаны кижектерден алушы емес.
Көкжендет, мойның ұзын, шалғың қысқа,
Салғанмын жалықпастан талай кұсқа.
Алты қаз, он бес үйрек бір жерде алып,
Дуадақ жолықпады сен байғұсқа.
Көкжендет, сен де кәрі, мен де кәрі,
Көк жендеттей болсайшы құстың бәрі.
Алты қазды бір жерде алып ұрып,
Танбайды баяғысынан байғұс кәрі!
Көкжендет, ұшушы едің тоғайды өрлеп,
Талай ат тұрып қалған көзі терлеп.
Кешке таман болғанда, дабыл тиіп,
Есіл мен Еділде « Мені көр!» - деп.
Көкжендет кұсым, салдым тоғайды өрлеп,
Талай ат тұрып қалған көзі терлеп.
Көйлектің шұбатылған жеңін былғап,
Кәрі қыз тұрушы еді: «Келсең, кел!» - деп.
Көкжендет, бүгін біздің түстің еске,
Қарайтын танушы емес ертең кешке.
Сұқсырлар, көжектер мен толып қалды,
Жүгірдім сасқанымнан Қозыкешке.
Тірлікте үшбу хатты тамам қылған,
Сөз айттым ықыласпен бұрынғыдан.
Қолыма қағаз алдым сия менен,
Жетеді мұратына дұға қылған.
Қолыма қағаз жаздым, қалам алып,
Әнеу күні Тоқболатқа қайттым барып.
Қарағым, тәрбиеңе ынтық болып,
Мен қайттым сөйлесе алмай, кұмарланып .
Жазғаным қағаз бенен қалам, сия,
Лағылдың екі көзің сипатында.
Мен бардым маңғазыма дүйсенбі күн ,
Не қылып келмей қалды қалқам, сірә?
Мен бардым жұма күні құла атпен,
Қайтейін құйқылжыған мінезіңнен?!
Күнде қырық көрсем де, арманым жоқ,
Өлермін диуана боп қайғыменен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу