Өлеңдер ✍️

  16.04.2021
  188


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Балғынды жоқтау

Басында қу ағаштың тақияң тұр,
Ақ күміс, адыра қалғыр, жарқырап тұр!
Келмесең сол барғаннан, жалғызым-ай,
Артыңда қалған апаң аңырап тұр.
Жеткенде жеті жасқа құран білдім,
Молдаға сені оқытқан құнан бердім.
Артында апасы жоқ, сіңілісі жоқ,
Қалыңды жалғызыма неге бердің ?!
Айтамын, айт дегеннен атым тұсап,
Тұсап қойған жерінде тұрсын жусап.
Келгенде елу беске, сұмырай Бәтен,
Туар ма енді бала Балғынға ұқсап?!
Қарағым, айналайын, қандай еді,
Бауырсақ майға піскен, нандай еді.
Мақтасам өзімді-өзім, болар елім,
Баланың өзі құрбы маңдайы еді!
Қарағым, айналайын, ұлы кентім,
Сарғайды санаменен ақша бетім!
Болғанда қыс ортасы, сығыр ойбай,
Бұзылды жалғызыма кұрған кентім.
Ақ ешкі келіп жатыр лағына (құлағына),
Сүт берген ақ үрпінен шырағына.
Қосылып, кел екеуміз, зарланайық.,
Алланың түсер ме екен құлағына?!
Тапқаны ақ ешкінің - егіз лақ,
Біреуі лағының - салпаң құлақ.
Ақ ешкі, көкке қарап, кәдеңді же,
Табарсың есен болсаң тағы да лақ.
Ақ ешкі, сен де мұңды, мен де мұңды,
Жаратты бір жаратқан бесеу (би сау) сұмды.
Ақ ешкі, көкке қарап, кәдеңді же,
Құдайым берер ме екен бізге де ұлды?!
Бойынан Досхананың ел өтеді,
Шапаннан жалаң қабат жел өтеді.
Сығыр-ай, мен зарланбай, кім зарлансын,
Балғынның енді маған айы өтеді!
Досхананың бауыры жалғыз тамады,
Аямаған бір Кұдай жалғызды алады.
Елу беске келгенде, сұмырай Бәтен,
Жалғызынан айырылып аңырап қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу