Әңгімелер ✍️
Кәрі солдат
Сексен жаста қатарың сирей бастайды. Қапалы болса да, қатал шындық сондай.
Ал, «Құланоты» ауылында соңғы кезеңде сексеннің табалдырығынан аттаған жалғыз Сырым болды. Қалың бидайдың ішіндегі жалғыз арпа.
Бұл жасқа жеткенше Сырым өзінің саяқтығын сезе бермеуші еді. Өйткені алдында ағалары бар еді, ал алпыс пен жетпістің арасында өзіңнен бес-он жас кішілерден үлкендігің аса шодырайып тұрмайтын.
Енді Сырым алдындағы ағалардан жұрдай болды да, артына бұрылып қарап еді, әлдекім ат басындай алтын беретіндей алға тым асығыс кетіп қалыпты. Өзгелерден оқшау озып кеткеніне ыңғайсызданатындай хал кешетін болды.
Анау-мынау десе де, сексеннің аты — сексен. Қырыққа жетпей қыржиып қартаятындарды да көріп жүрміз. Төрт жыл қиян-кескі соғыстың ішінде жүрсең, соғыс біте бергенде, құмалақтай оқ та емес, қол тоқпақтай снаряд оқ қолыңды шолтитып жұлып кетсе, ол аз болғандай сол жамбасында осколка қалса, оның үстіне өмір бойы колхоздың бригадирі, қарауылы болсаң, сексен деген, әрине, аз жас емес.
Әйтеуір, әбүйір екен, бұл уақытқа дейін Сырым ешкімге масыл болған жоқ. Рас, қолтоқпақтай снаряд оң қолын жұлқа тартып өткенде, есінен танып қалып, санитарлар зембілге салып көтергені бар. Басқа кезде жан баласына салмағы түсіп көрмеген.
Енді келіп әлгі шоңмұрын бригадир мұны:
— Масыл қақбас!—деп кетті.
Бұл сөз оң қолын жұлған қолтоқпақтай снарядтан да ауыр болды. Снаряд қолын жұлса, әлгі сөз жүрегін жұлып жібергендей еді. Үйдің іргесіне тізерлеп қисая кеткен қалпы тырп етпестен көп отырды.
— Өзім асыраған текешік көзін ежірейтіп өзімді сүзіп кетті, — деді ол күйзеле бір күрсініп. — Қой, мұны бүйтіп едіреңдетіп қоймай, бастыққа барып айтайын, — деп сыңар қолымен жер таянып тұра бермекші еді, жалғыз қол оның шүйкедей кәрі сүйегін көтеруге жарамай қалғандай бүгіліп кетті.
Қанаты қайырылған кәрі қырандай жамбастап жатып, сәбіздікке ұрлана кірген қара қоян мен ақ қоянды көрді. Көрші үйдегі Нәметтің баласы қоян асырайды. Кенет есіне Нәмет түсті. «Сен тірі болсаң, мен бүйтіп жатпас едім-ау» деді.
Жоңышқаның екінші орымы гүлдеген кез. Қаңылтыр төбелі тарбиған үлкен үйдің іргесінен басталған жасыл желең зүміреттей жайнап, әрідегі зифа теректерге жеткенше толқынданып жатыр. Жүгері собық тартып, шашағы сылаңдап қалған кез. Ұзатылатын қыздай сызылып тұр. Үкілері біркелкі. Сахнадағы артистердің үкісіндей. Жүгерінің етегін ала Сырекең бір жүйек асқабақ егіп еді, ол да жапырақ жайып, желі тартып, түйін тастап қалыпты. Алтын тәж киген күнбағыстар менменсіп кегжиіңкіреп тұр. Немерелері отырғызған намазгүл қазір күн көзінен ұялып, қауашағын ашпайды. Намазгүл күн еңкейе жайнаңдап шыға келеді.
Алау бет алма құр қызарғаны болмаса, әлі пісуі жете қоймаған. Сұғанақ ала торғайларды Сырекең сол алмаға жолатпай-ақ жүруші еді, қазір қарттың дәл жүректен жараланғанын пайдаланып қалғысы келгендей, жеміске жаудай тиіп, істік сары тұмсықтарын сала бастады.
Ала торғайлар cay етіп жетіп келгенде, ақ қоян мен қара қоян өз үйіне қаша жөнелді. Қояндардың жымы шынжырлы көк төбеттің жанынан өтер еді, аузы кебістей көк төбет зытып бара жатқан қояндарды бас салайын деп құлақтарын тікірейтті де, жалқаулығы ұстап, көзін марғау жұмып, жата кетті.
Сырымның осколкалы жамбасы сыздады. Күн бұзылатын шығар деп аспанға қарап еді, теңбіл көк екен. Шарбы бұлт аспан көгіне бастырған гүлқайыр жапырағындай өрнек салыпты.
Жамбасы сыздаған сайын, әлгі музей есіне түседі. Алматыда қызмет істейтін жиені ана бір жылы астананы аралатқан. «Алтын адамды» көрсетейін деп музейге алып барған. Сырекеңді «алтын адам» аса таңқалдырмады, оны таңдандырған жай ғана жамбас сүйек еді.
Жамбас сүйекке садақтың сұқ саусақтай оғы бойлап кіріп кеткен екен. Ағаш жебе әлдеқашан шіріген шығар, ал темір ұшы қалып қойған. Жамбас сүйек сары тап болып сарғайған. Темір оқ туасы бірге жаралғандай, сүйекке нық қадалған.
— Бұдан бірнеше мың жыл бұрынғы жауынгердің жамбасы, — деп түсіндірді жиені.
— Әб бәрекелде-е-е,—деді Сырекең таңдайын тақылдатып, — мен өлген соң менің жамбасым да мың жыл бойы ескі жауым — осколкамен бір жатар екен да.
Сырым сыздаған жамбасына салмақ салмайын деп басқа жамбасына қарай жантайды. Музейдегі сүйек көз алдынан көлбеңдеп кетпей қойды.
— Мен ақирет сапарына бет алған соң, мың жылдан кейінгілер осколкалы жамбасымды тауып алып музейге қояр. Демек, мен адамзатқа енді мың жылдан кейін де керекпін. Ал, әлгі шоңмұрын шірік не деп кетті сонда?
Ұмытпаса, осыдан бес жыл бұрын «Қызыл арай» колхозының «Құланоты» бөлімшесінің жалпы жиналысын председателі Нақыпханның өзі келіп ашты. «Құланотыға» бригадир құтаймағалы қашан. Бір жылда екеуі ауысып отырған кездер де болды. Жігіттер ел басқаруға, шаруашылықты ұйымдастыруға олақ соға берді. Пысық дегендері араққа құмарлау шықты. Ал, арақ жүрген жерде әзәзіл қоса жүреді.
Колхоздың председателі Нақыпхан айтты:
— Ал ағайын, «Құланоты» құлдырап кетті. Сендерге бола бүкіл «Қызыл арай» зардап шегіп, аудан бойынша алға шыға алмай отыр. «Құланоты» болмаса, біз ауданның алдын бермес едік, — деді.
Бұл сөз «Құланотылықтарға» мірдің оғындай қатты тиді.
— Амал жоқ, енді басқа бөлімшеден, айталық «Жабағылыдан» яки «Арқалыдан» шақыртуға тура келеді. Өз жігіттерің жарамады, оған көздерің жетті. Енді өкпе жүрмейді, — деді председатель.
Сонда осы Сырым ақсақал шыдай алмай, артқы қатардан жалғыз қолын көтеріп:
— Нақыпхан шырағым, мұрсат болса, бір ауыз сөзім бар, — деп еді.
Тарлан колхозшының өтінішін елемеуге шара жоқ, председатель:
— Айтыңыз, Сыреке, — деген.
Сырым қарт қолсыз иығын бір қозғап алып, артқы қатардан алға шығып, әуелі өзіне қадалған көздерді түгендеп біраз үнсіз қалған.
— Қиналып тұрмын, — деген. — Енді халық алдына шығып, сөз сөйлеу менің шаруам емес еді. Мен пенсиядағы адаммын. Өте пысық болмай-ақ, үйде жантайып жатқан жарасады маған. Кезінде белсенді де болдық. Жиырма тоғызыншы жылы осы «Құланотын» өз қолыммен құрысып едім. Онда қолым екеу еді. — Сырекең қоңылтақ жеңіне бір қарап қойды. Отырған жұрттың назары да, председатель Нақыпханның көзі де кенетоздау боз костюмнің кеуек жеңіне түсті.
— «Құланоты» онда өз алдына колхоз еді, енді ғой «Қызыл арайдың» бір бөлімшесі болып қалды. Мен бригадир болдым. Құдайға шүкір, шаруамыз жаман емес еді. Құрал-сайманымыз: өгіз жеккен соқа, белорақ, ағаш тырма, кетпен-күрек болса да, сол заманның мөлшерінде ударник «Құланоты» атандық. Ал енді, — Сырым жерге қарап бір күрсініп алды. — Енді бәрі түс көргендей. Осы ауылда өгіз бар ма қазір? Көзі іріңдеген көк өгіз әлдеқашан құрыған. Тракторды жұрт қазір ат орнына мініп жүр. Үй басы сайын «легковой», мотоцикл. Не жетпейді? Түсінбеймін. Қалайша артта қалуға болады? Түсінбеймін. Әлде мен қартайдым. Әлде «Құланоты» тоқтықтан құтырып, керенау тартты. Ал шырағым Нақыпхан, бригадирді қалыстан әкелемін дедің. Жақсы адамның бізге жаттығы жоқ. Бірақ намыс қайда? «Құланоты» өзін-өзі басқара алмай, бригадирді сырттан алдырыпты деген өлім емес пе?
— Ақсақал, жігіттеріңе билікті армансыз-ақ бердік. Әлжаның басқара алмады, Наржаның басқара алмады, Қалжаның... Енді не қыл дейсіз? — деп председатель екі қолын екі жаққа жайып жіберді.
— Жөн, жөн, Накыпхан. Ал бірақ ел емеспіз бе, жібі түзу біреуі табылар. Менің көкейімде жүрген бір бала бар. Бір опалы сол болар. Осы бөлімшенің маңдай алды механизаторы Төкенді ұсынамын бригадирлікке. Ал Төкен іске аспай қалса, қалыстан әкелетін адамыңды әкеле бер, қарағым. Біз риза. — Сырым қарт cay қолымен кеуек жеңді умаждап тұрып тершіген маңдайын сүртіп, өз орнына барып отырды.
Әне, сөйткен Төкен жап-жаңа мотоцикліне зікір салдырып, Сырым қарттың үйін үш айналып шықты. Басып кетеді екен деп Сырымның немерелері тым-тырақай қашып, тал-талдың арасына кіріп кетті. Тауықтар қақылықтап, шынжырдағы ит жанталаса абалап, жау шапқандай у-шу үдеді.
Есіктің көзінде былқ етпей отырып қалған жалғыз Сырым еді. «Төрт жыл қырғын соғыста немістің танкісі таптай алмаған тәнімді енді сол Төкеннің мотоциклі таптаса — таптап-ақ кетсін», — деп міз бақпады.
Бәленің басы — Алпысбай болатын. Колхоздың магазинін жиырма жылдан бері ұстайтын сол Алпысбай жақында ескі «Жигулиін» сатып жіберіп, «Волға» алып еді. Енді сол «Волганы» қайқаңдатып, қаладағы құдаларына барып қайтпақ. Машинаны ауыл арасында өзі жүргізгенмен, қалаға түсуге қорқады. Содан көрші Сырым қарттың механизатор баласы Нұркенге қолқа салады.
— Оу, Алеке, мен жұмыстағы адам. Колхоздың шөбін қайда қоям? — дейді Нұркен.
— Бір күнге шөпті жау алмас. Бүгін шығып кетсек, кешке құданың тойына қатысып, түнделетіп қайтып ораламыз,—деп базыналық айтады Алпысбай көрші.
— Мен жұмыстағы адам, — дейді көп сөйлеуді ұнатпайтын Нұркен «Беларусін» от алдырмақ болып.
— Сәл тұра тұр. Әне, бригадирдің өзі де келе жатыр, содан рұқсат алып берейін, — деп Алпысбай алас-құлас далбаңдай жүгіріп, мотоцикл мінген Төкеннің алдын кес-кестей қол көтереді. Сәл әңгімеден соң екеуі магазинге кіріп кетеді. Әлден уақыттан соң Төкен магазиннен теңселінкіреп шығады. Тракторын от алдырып, шабындыққа енді жүрейін деп тұрған Нұркенге пәрмен айтады.
— Обшым, былай. Сен бүгін Алпысбайдың қарамағында боласың. Сенің орныңа шөпке балаң Нұрлан шығады.
— Нұрланды военкомат шақыртқан. Әскер жасына толды ғой. Бүгін сонда кетеді,—дейді Нұркен.
— Обшым, военкомат тұра тұрады, ертең барады. Көп сөздің керегі жоқ! — Төкен бұлжытпас бұйрық айтады.
Бір жағынан Алпысбай қыңқылдап, бір жағынан бригадир бұйырып тұрған соң, Нұркен баласы Нұрланды шақырып алып, мән-жайды түсіндіреді де, өзі жасыл «Волгаға» Алпысбайды бәйбішесімен қоса салып алып, қалаға тартып отырады.
Жаңа ғана военкоматқа бармақшы боп кеткен немересінің үйге қайта кіріп, киім ауыстырып жатқанын көрген Сырым:
— Бұл қалай? — дейді.
Осылай да осылай деп түсіндіреді немересі.
— Жоқ, балам, сен военкоматтан қалма, әскердің аты — әскер, — дейді атасы.
Нұрлан ары ойланып, бері ойланып, бұ да жөн екен дейді де, ауданға жөнейді.
«Беларусь» Сырым үйінің алдында қаңтарулы қала береді. Мұны ту көшенің басынан көзі шалған Төкен мотоциклін зіркілдетіп, жолдың шаңын бұрқылдатып жетіп келеді.
Жалғыз қолдап қайыс жүгеннің үзік жерін таспамен тігіп отырған Сырекеңе мотоциклдің үстінде тұрып айқай салады:
— Нұрлан немерең қайда?
«Мына неменің аузына сәлем сөз түспей қалды-ау» деп қиналған қарт жай ғана:
— Нұрлан военкомат кетті,—дейді.
— Ол мына трактормен шөпке баруға тиіс еді ғой!
— Трактордың өз иесі бар. Ал военкомат шақырғанда бармау — қылмыс. Балаға сен шөпке бар дейсің, мен — военкоматқа бар дедім.
— Обшым, сен шал қаскөйсің. Төкеннің атына сөз келсін дейсің. — «Әй, ақымақ, сені бригадирлікке ұсынған мен едім ғой» деп айтайын деп еді, айтпады.
Дегенмен, арада бес жыл өтіп кеткен екен. Бес жыл ішінде, «Құланоты» колхоз бойынша шығандап алға шықты. Төкеннің суреті аудандық газетке қайта-қайта басылып, жиналыстарда жиі мақталатын болды. Төкеннің басынан бу бұрқырады. Үш аяқ көк қасқа мотоцикл Алпысбай магазинінің алдында жиірек қаңтарылатынды шығарды.
— Обшым, сен қақбасты да құдай алмайды екен. Баяғыда бригадир болып едім, енді менің балам болмай, Төкен болды деп істеген қысастығың ғой бұл?!
— Әй, Төкен! — деді қарт иегі дірілдеп. — Менің жасым сексеннен асты. Қатарымнан ешкім қалған жоқ. Қақбас екенім рас. Көрімнің аузы ашық. — Ал бірақ ажал жетпесе, өзім барып тірідей жатпаймын ғой. Не істейін құдай мені алмаса! — деп айқайлап жіберді.
Төкен Сырымның сұрапыл сауалына сөзбен жауап бере алмай:
— Обшым, ух! — деп шаңды бұрқыратып, тауықтарды шырқыратып, үйді үш айналып шықты да, көшеге түсіп құйындатып кете барды.
«Әлгі итке айтатын сөзім айтылмай қалды-ау, — деп қарт қапа болды. — Қатарымнан ешкім қалмады дегенді айттым. Олардың кім екенін, неге қалмағанын айта алмадым. Қайран менің қатарларым! Олар да енді сексенге келер еді. Қырқында қыршынынан қиылған есіл ерлер! Егер Сайлау мен Найым, Сұлтан мен Нұралы, Оразгелді мен Өскен, Орха мен Ноха, Жиренбай мен Поштақұл тірі болса, соғыста мерт кетпесе, мен өстіп адасқан кәрі қаздай қаңқылдап жалғыз қалар ма едім?! Өзіммен бірге соғыстан тірі қайтқан Нәмет пен Сәмбетке топырақ туған жерден бұйырды. Тым құрыса, солар тірі тұрғанда, мына менің сөзімді сөйлер еді ғой. Мына Төкенге мені талаттырмас еді ғой. Әлгі Төкеннің орнына мені Сәмбет яки Нәмет зәбірлеп кетсе мен мұнша қорланбас едім-ау. Қайран менің қанаттарым! Есіл менің мияттарым! Қанатынан қайрылған, қатарынан айырылған мен кәрінің жыртық көңілін жамайтын жан қалған жоқ...»
Сырым таспаны сулап, жүгеннің жыртық жеріне біз сұға бергенде:
— Сәламатсыз ба, ата! — деген бала даусы саңқ ете қалды.
Басын көтеріп еді, алау галстук байлаған екі бүлдіршін қолдарын көтеріп, пионерлік салют беріп тұр екен.
— Ата, бізді сізге «Ақсай» пионер лагерінің дружинасы жіберді. Сізді лагерьдегі пионерлермен кездесуге шақыра келдік.
Сырым қарт кенет жамбас сүйегінің сырқырамасы сап тыйыла қалғанына таң болды. «Е, бұл ескі жауым — осколка мен жалғызсырағанда есіреді екен-ау,—деп жаңалық ашты. Музейден көрген жамбас сүйек есіне түсті: — Ол мың жылдан бері жалғыз-ау, бірақ...»
Сыңар қолымен жер тіреп, орнынан тұра берді. Қоңылтақ жеңі қанатқа айналғандай желп етті де, Сырым жерден жеңіл көтерілді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter