file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  07.04.2021
  593


Автор: Ахмет Байтұрсынұлы

Көк есектерге

Не жазып ем,
Құдай-ау, мен қазаққа,
Мүбтала ғып салғандай бұл азапқа?!
Адамшылық есебіне кірісіп,
Қолы жетсін дегендік пе азатқа?
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім жақын емес, алысқа.
«Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, -
Дедім, - сен де қатарыңнан қалыспа!»
Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным?
Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым?
Аштан өлген аталарың бар ма еді,
Тамақ үшін сатқан иттер иманын.
Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе,
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе.
Бәрінді де іздеп қарап көрермін,
Тапқанымды тастамаспын, терермін.
Миллат үшін еңбектері сіңген деп,
Өсиет қып, кейінгіге берермін.
Асықпаңдар!
Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, сүйектерің қазылар.
Пайғамбарды сатып отыр тілла алған,
Яһудамен бірге аттарың жазылар.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу