Өлеңдер ✍️
Қорқақ бай
Бір қорқақ бай білмейді Құдайды бір,
Көрінгенге жалынып жалпылдап жүр.
«Қастығынан құтылдым бәрінің» деп,
Малын жалдап күн көрді сонымен құр.
Ұры-қары, мықтының бәрі – байы,
Оларға күнде дайын ет пен шайы.
Әлі жеткен кісін о да жейді,
Қолынан іс келгенде солай жайы.
Ойласаң, көп бұл елдің осындайы,
Шоқынғаны – дәулеті, қой мен тайы.
Қорқамын деп адамнан Құдай жасап,
Ойында жоқ жаратқан бір Құдайы.
«Арансызбын,– демейді,– ақтан өліп»,
Жанын қорғап қалады қуға көніп.
Мұны қалай мұсылман дей аламыз,
Бір Құдайдан басқаға жүрсе сеніп.
Құтылсын-ақ тар жерде малын жалдап,
Айла қылмақ адал ғой жанды қармап.
«Арамға бас» десе де, аңқылдайды,
«Қорықтым» деген бола ма Құдайды алдап.
Бірәдәрсіп отырар «А, Құдайлап»,
Пайдасы үшін айланың бәрін сайлап.
Ұрыдан қорыққанын сылтау қылып,
Ту биесін алады атын майлап.
Ұры берсе бір жылқы аласы үшін,
«Біреу білсе, түссін,– деп,– сізбен ісім»,
К...іңе тық, не қылсаң көзін жоғалт,
Ал енді тазамысың, ұрымысың.
Иесін білсең-дағы айта алмайсың,
Ұры мен мықты көрсең, қайқаңдайсың.
Бейшарасып, бейқамсып алдайтұғын,
Бейне сен де жәдігөй сайтандайсың.
Бір мықтының ұстайсың енді етегін,
Қайда апарса, сол билер көш жетегін.
«Пәленшенің үстінен арыз бер» деп,
Бір момынға соқтықтың тектен-тегін.
Немесе куә болдың арам іске,
Төбелессе, кірістің зорлық күшке.
Құдайды бар демедің, адам – Құдай,
Тәңірің ырза болды ма бұл жүріске.
Жуанға жылпылдайсың «жағамын» деп,
«Не қылсам да жақын боп бағамын» деп.
Бастап жүрген байының басы ауырса,
Ұмтылар «өкпем алып қағамын» деп.
Ішінен шын дос емес, жек көреді,
«Осының зорлығы-ай!» деп кектенеді.
Малын беріп алады басын сатып,
Мықтының зиянынан сектенеді.
«Тәуекел қыл» дегенді ұнамайды,
Тым болмаса, бір жолы сынамайды.
«Ақ ісіме Құдайым жақ болар» деп,
Аллаға сүйенуге шыдамайды.
Байғұс-ау, осыменен кеткенің бе,
«Қорқамын» деп түбіңе жеткенің бе.
Қит еткенде қылпылдап тыным таппай,
Өміріңде жалтақтап өткенің бе?!
«Оған барма, маған кел» демеймін мен,
Ойланып, өз ісіңнен өзің жирен.
Бүйте берсең сенің де орның жаман,
Оңар қылық бұл емес, сөзіме сен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter