Өлеңдер ✍️
Арман
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда.
Көлбеңдеп көкорайда күрілдетіп,
Орақшы пішен шауып шөп алғанда.
«Бүлдірген, қарақатты тереміз» деп,
Қыз-келіншек сай-сайға жоғалғанда.
«Аулақта құмарымды қандырам» деп,
Асығы іздеп барар со барғанда.
Оларға тал –шымылдық, шалғын – төсек,
Басына жастық қылар томардан да.
Көз тойып, көңіл толмақ пендеде жоқ,
Болады айрылған соң со да арманда.
Адамды, санай берсең, көп арманда,
«Мінсіз бақ, сансыз дәулет» деп арманда.
Жанның бәрін жалмайтын күш те керек,
Айлакеске алдайтын еп арманда.
Ит пен қарға, шошқаға боқ арманда,
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда.
Тамақсыз, табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арманда.
Жалаңашқа киімнің жоғы арманда,
Тоңғанға отын менен шоқ арманда.
Талап қылса, табылар соның бәрі,
Мал жаусын ба оларға жоғарыдан да.
Жастық көксеп кемпір мен шал арманда,
Өсіп үлкен бола алмай бала арманда,
«Еркектей еркін өмір сүрмедік» деп,
Әйелдер де болады және арманда.
Тамам жанға бақ пенен мал арманда,
Ұрыға жүйрік аттың жалы арманда.
Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,
Патшалар да болып жүр әлі арманда.
Кербезге киімінің сәні арманда,
Науқасқа жалғыз шыбын жаны арманда.
Кек қуған кер, ызақор, күншілдерге
Жұтатын дұспанының қаны арманда.
Бағаласам, адамның бәрі арманда,
Санай берсем, табылар сан арман да.
Өзі білмес, білгеннің тілін алмас,
Анық ойлап қарасам, әне, арманда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter