Өлеңдер ✍️

  03.04.2021
  435


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

Топқа түскендегі толғауы

Ақ сұңқар құстың асылы,
Айдыннан таңдап қу алған.
Тәуекелшіл ер жігіт
Адаспай жүріп жөн табар,
Қараңғы түнек тұманнан,
Жиырманың күнінде
Дабылым кейін шыққан жоқ
Серғазы ұлы Шыманнан.
Ат болар тай құланнан,
Ақыл шығар ұланнан;
Жақсының сөзі кем емес,
Алуан шекер бал судан.
Жаманның сөзі кем емес,
Адам татпас зәр судан.
Бұл дүниенің жүзінен
Нешелер жақсы өткен жоқ
Жүрегінен бел буған
Бір бәлеге жолығар
Орнын таппай сөз қуған
Таңырқатып сөйлейін,
Екпіні қатты аққудан.
Елден шыққан есермін,
Екі жақты бір тілді
Сөйлейтін сөзге шешенмін.
Қынапты қара қылышпын,
Салып кетсем, кесермін
Сұр жорға аттың сүргіні,
Ақ төстері ақиып
Қараша қайтар күз күні
Қызыл тілім қырмызы
Уақыт келсе алладан,
Алып кетер бір күні
Айдынды көлдер суалса,
Жағалай қонған қаз кетер
Ер жігіттен бақ тайса,
Қатар жүрген құрбымен
Айтысып жүрген наз кетер.
Атадан алтау тусаң да,
Аузың бірге болмаса,
Дұшпанға қолдан ар кетер
Бес - алты ауыз жел сөзді
Алдыңызда басталық,
Бір азырақ айтып тасталық
Тәңірдің берген күнінде,
Ұлы алқаға түскенде
Сөйледім талай шаттанып,
Көңілдің шатты күнінде
Атасы арзан қарасөз
Айтып едім басқарып;
Жасы бір үлкен ағаның,
Заманы қатар құрбының
Алқасында сөйледім қызметін атқарып
Байұлының ішінде
Қазақ ұлы қаралас,
Қанша жүйрік дегенмен
Оза алмайды бас салып.
Әлімұлы, Байұлы,
Тама, табын - жетіру -
Алшыннан алған жүлдем бар,
Білген кісі айта алмас
Айтады деп мақтанып.
Халық ортаға алған соң,
Жұрт жүйрігі болған соң,
Сөзді неге таппалық.
Сұрағаның сөз болса
Әрі - бері сөйлейін,
Таудан шыққан бұлақтай,
Ылдиға құйған ақтарып
Сөйлейін сөзді ерінбей,
Бойымды балаң керілмей.
Айт дегенде кей адам
Байбалаңды өлімдей.
Жылы қылып сөйлейін
Ақ тенгенің мөріндей.
Шалқақтатып сөйлейін
Айдынның шалқар көліндей.
Асыл қылып сөйлейін
Базардың алтын беріндей.



Жабыстырып сөйлейін
Тұтқыр сары желімдей.
Сұлу қылып сөйлейін
Қос жорғаны мініп ап
Түскен жаңа келіндей
Жатық қылып сөйлейін
Жазыққа біткен ыраңдай.
Жарастырып сөйлейін,
Сәукеленің бетіндей
Тымақта шаңқан қылаңдай.
Өлең айтып, ән салу,
Бұ да көңіл көтермек,
Не бар бізде құнарлай
Мылжыңдаған көп сөзді.
Жаратпайды құранда - ай
Құдайдан жәрдем болмаса,
Біздей қулар шулайды - ай
Аударса шайтан кәңілді
Не салмайды қиялға
Алпысқа аяқ басқанша,
Нәпсіні жүрміз тия алмай.
Қартаймайтын, өлмейтін
Бар қайда естілсе
Азықтанып қостанып,
Кетер еді әр кімде
Өз алдына жыларға - ай
Басы жұмыр бұ бенде
Не салсада көніп жүр
Балуан, байлық, батырлық
Үшеуі қолдан келмей жүр
Сүйген құлға беріп жүр
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Қияметтің азабын дүниеде көріп жүр.
Уақыты біткен жан
Бұырықты күні өліп жүр
Жігіттігі өлгеннің
Оты жанбай сөніп жүр
Жеті қары бөзбенен
Күніне бірін көміп жүр
Оны көзің көріп жүр
Таусылар бұл адам
Біреуін біреу орып жүр
Бір адамды қиянға
Бір адамды зиянға
Аударып шйнап шеліп жүр
Атаңды алып алдыңа,
Құрбыңды алып жаныңда
Төңіректен еліп жүр.
Жай жаратып өргізген,
Дүние жүзін көргізген
Бір жаратқан алласын
Кімдер бар да, кімдер жоқ
Дүние қаран қалған соң,
Еркім болмас басымда
Қияметке барған соң,
Байұлы басын қосқанда
Алшынның көрдім ордасын
Сөйлемесем кім білер,
Қызыл тілдің жорғасын
Құлағың салып тыңдай бер,
Жүйрігің кеңес қозғасын
Тіршілік күнде сөйлесін.



Мекен етіп жайлармыз
Бұйрықты күн біткенде
Еншіге тиген жол басын.
Дария шалқар айдын көл
Суы бір кетсе құрланған.
Қор болады күнінде
Өзіндей ерді қорланған.
Қор болады күнінде
Өзіндей ерді қорланған.
Мен саңлақты жүйріктен
Басылды шарттан ардадан
Жабының семіз жалдысы
Қарлы жерде тоңдаған.
Жаманның тентек малдысы
Айтқан бір сөзге болмаған.
Аса біткен ерліктен,
Артық біткен қайраттан
Ойласаңыз не пайда?
Орын таппай көп жүрген.
Бізден бұрын өтіпті
Асан қайғы бабамыз
Ғайыптың ісін болжаған.
Адасса алды шаттырмас
Қараңғы түнек тұманның
Қанша шетен болса да
Қияметке барғанда,
Қызыл тіл сені сынармын.
Жас алысса,жау алған,
Ағатай алған ұраның.
Байтақтан озып бәйге алған
Даңқты жүйрік шұбармын,
Алашта жүйрік бар десе,
Сынасуға құмармын.
Жиырманың күнінде
Көкірегім тел өсті,
Мінілмеген жуандай
Сөз сөйледім ерігіп,
Көрмеген қара құландай.
Мен бәйгелі жүйрікпін
Жүргенім жоқ сыналмай
Қара бұлт жауады
Шығып желге үрлеген.
Мен белгілі жүйрігің
Көп ішінде сөйлеген.



Сөз білмейтін жамандай,
Жүрмейтұғын шабандай
Отырмаймын бой бойлап
Бұрын топты көрмегендей.
Жасың үлкен ағалар,
Заманың қатар құрбылар,
Алдарыңда сөйлейтін
Мейірің қансын бәріңнің,
Сағынып сөзім шөлдеген.
Әмірлі күн ағады
Дарияның сеңдері.
Дарияға кеме жүзе алмас
Бұзылса құрсау шеңбері.
Жер астына жатқансын,
Топырақ боп батқансың,
Бұл қызықты көрмейміз
Өлгеннің бар ма келгені?
Қанша дәулет берсе де,
Қалпынан аспайды,
Арғы атасы ойында
Болмаса қатар көргенді...
Мен белгілі жүйрікпін,
Айтсам бір сөзді асырған.
Байұлы басын қосқанда,
Атағым жұртқа шашылған.
Көп атада азған көп
Балықтай басы сасыған.
Азда қайрат жоқ деме,
Лақтырған бір кесек
Мың қарғаны қашырған.
Орман,тоғай өртенген
Құдіретімен құдайдың
Аспаннан түскен әмірден,
Бір инедей жасыдан.
Дүние деген бәйтерек,
Біз боз торғай асылған.
Бұрынғылар айтады,
Бұл қоныстан әуелде
Жеті жұрттың кеткенін
Даңқты жүйрік мен едім,
Айтатұғын жел сөзге
Бір қазақтан епті едім.
Дүние деген ұшқан құс
Байқай алмай қаларсын
Басыңнан шарлап өткенін.
Дүниенің төрт бұрышын
Қорқыт атаң шайқады.
Ажалға айла таба алмай
Қайта айналып келді деп,
Бұрынғылар айтады.
Зманның болар тәрізін
Асан қайғы әулие
Көзі көрмей байқады.
Қанша дәулет бітсе де,
Басыңнан ауса бақытың
Алпыс күн тасқан дария
Алты күнде қайтады...
Бұл дүниенің жарығы-
Туып батқан күн мен ай.
Таңы атса күн болар,
Күні батса түн болар,
Екі жақты сөйлеткен
Сайраған қызыл тіл болар.
Айт дегенде тоқталған
Қас жүйрікке мін болар.
Ор қоянның мекені
Орқыл - орқыл құм болар,
Онан кетсе не болар?
Құралай деген бір аң бар,
Оның жүрген мекені
Жолы құмшық жер болар.
Сұр мергеннің мекені
Жалғыз томпақ шым болар.
Алтын пышақ соқтырсаң,
О пышақты сақтайтын
Күміс сауыт қын болар.
Ер жігіттің ажары
Беліне өнген ұл болар.
Көп ішінде отырып
Бір айбатты жан сөйлесе,
Айтқан сөзі ем болар.
Атадан алтау тудым деп,
Мақтанбаңыз, жігіттер,
Жалғыздық келер күн болар,
Бес-алты ауыз сөйлейін
Болса жәрдем болмаса,
Не болсын бізде білімнен?
Мен саңлықты тұлпарың
Байрақты жерге жүгірген.
Исатай мен Махамбет
Қызыл тілді қазақтан
Жоқ еді жері сүрінген. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу