31.03.2021
  418


Автор: Ғабиден Қожахмет

Қуаныш

Кішкентай Диас нанның орысшасын айтып қалды...
Сәлима есіктен енді ғана кіріп келе жатырған ұлы - Диастың әкесі Айханның алдынан жүгіре шықты.


- Әй, балаң нанның орысшасын айтып отыр ғой.
Айхан мұны ести сала сыртқы есікті де жаппастан Диас отырған бөлмеге аптыға кірді.


- Қане, қане, айтшы нанның орысшасын.
Бірақ кішкентай Диас қырсығып айтпай қойды.


- Қырсығып тұр, - деді Сәлима немересіне сүйсіне қарап. - Бағана айтып отырған еді.


- Ана бөлмеде жүрсем, - деді Сәлима енді осыны ұлына түсіндірмек болып. - Тананың "мама, мама" деген жан даусы шықсын. "Құдай-ау, не боп қалды, Диасжанға бірдеңе боп қалды ма?" деймін. Асығып-үсігіп жетемін ғой, баяғы. Сөйтсем, Тана "мама, Диас нанның орысшасын айтып отыр" дейді. "Құдай, жарығым, сол, нанның орысшасын біліп отырған, жарығым!" Қуанып жатырмын ғой.
Осы кезде ашық тұрған есіктен оң жақта тұратын көрші Зарина кірді.


- Ау, бұл не дабыр? Не болып жатыр? Есіктеріңді аңқитып ашып тастапсыңдар ғой.
Сәлима енді әлгінде ғана Айханға айтқан әңгімесін Заринаға айта бастады:
"Бағана ана бөлмеде жүрсем..."


- Ойбай, бәлесін-ай! - деді Зарина Сәлиманың айтқан әңгімесіне не сүйсінгені, не әдейі істегені белгісіз.


- Біздің қыз нанның қазақшасын да айта алмайды ғой.


- Кетші, сенің қызың деген әлі тілі шықпаған бала емес пе?


- Той жаса енді, - деді Зарина Айханға күле қарап.


- Жасайды ғой, неге жасамасын? - деді Сәлима. - Қамырыңды илей бер, - деді сосын келіні Танаға қарап.
Осы кезде есіктен сол жақта тұратын көрші Айбол кіріп келді.


- Ау, бұл не дабыр? Той бар ма?
Сәлима енді Айхан мен Заринаға айтқан әңгімесін Айболға да айта бастады.
Бірақ Айбол бұл жаңалыққа онша елп ете қалған жоқ. Оның орнына:


- Бірақ ол нанның ағылшыншасын айтып отырған жоқ қой, - деді.
Үй іші бір түрлі самсоз болды да қалды.


- Айтқан жұрт айта берсін, - деді Сәлима Айбол мен Зарина шығып кеткеннен кейін ұлы мен келініне қарап. - Өздерінің балалары нанның орысшасын да білмейді. Бауырсағыңды қамдай бер.
Айхан ұлын қақпақылдай көтеріп:


- Өскенде кім боласың, өскенде кім боласың? - деді. - Ғалым болып шығар ма екенсің?
Тананың қабағы шытыла қалды:


- Аузыңа бір жөні түзу мамандық та түспеді-ау.
Сәлима ұлы мен келінінің арасындағы жағдайды жуып-шайды:


- Бастық болады ғой, ұлдарың дәу бастық болып отырады.
Үй іші қайтадан жайма-шуақтана қалды.


 
 
 
 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу