Өлеңдер ✍️

  30.03.2021
  1586


Автор: Ғабиден Қожахмет

Жеңгенің қайын сіңлісіне тілегі

Ұқсап тұрып кейде сұлу гүлге анық,
Кейде өзіңмен сырласқандай мұңайдың.
Қарап жүр ғой біздің үйге ұрланып
Кіл бозбала дәті қалмай, Шырайлым.

Үздіге ме жасын жанар жүз қарып,
Шығар, бәлкім, көңілін де білдірген.
Жігіт ғашық болғанменен қызға анық,
Қыз қалауын, шынында да, кім білген.

Кім біледі жүрек құлпын ашарда,
Қыз жүрегін кімнің қалай ұғарын.
Сондықтан да жаныңдамын қашанда,
Жеңге болып сені алдымен ұғамын.

Сен де өзіңнің бақытыңды тостың ба,
Дедің бе оған ақ боз мініп келе көр.
Шырайлым-ау, мынау аспан астында
Бақыт та бар, сезім де бар, сене бер.

Егер осы айтылғандар болмаса,
Күн көрер ме ең мына менің көзімнен.
Бақыт деген келеді екен жалғаса
Қыз жүректе бүршік атқан сезіммен.

Шын сезімнің ұзақ болады ғұмыры,
Бағаласаң, болар сонда өз бағың.
Кеше қыз ең желбіреген тұлымы,
Міне, сен де бақ жайлы сөз қозғадың.

Келеді енді дейсің бе оған жол қашан,
Жетелеуі мүмкін алда әр күнің.
Тек сол жолда сәттілік боп әрқашан,
Сүрінбесін деп тілеймін тағдырың.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу