Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  454


Автор: Саят Әбенов

Ауылға кетемін

Ауылға кетем , ауылға кетем мен ертең,
Құшағын ашып қарсы алса, шіркін, кең өлкем!

Барлығы сонда, әжем де сонда, атам да,
Достарым сонда қосылам барып қатарға.

Қыздар да сонда ұнатқан алғаш шынайы,
Ауылға кел - деп хат жолдап тұрар ұдайы.

Көршім де сонда аямас менен ештеңе,
Көрісіп жатар күндіз де мейлі кеште де.

Сағындым бәрін, сағыныш өртеп денемді,
Барамын ертең, шыдаймын қалай мен енді?

Қой кезек болса кетер ем сол күн қой бағып,
Жайлауда жалғыз жатар ем, шіркін, ойланып.

Қалада мынау бітетін емес жұмысым,
Ауылға кетем, ауылға кетем құрысын.

Қайтадан аңсап келемін бірақ қаланы,
Ал қазір жаным ауылды ойлап жаралы.

Кетемін ертең , пойызға билет алам да,
Бақытты жалғыз адамдай мынау ғаламда.

Маңдайға күні, тиетін құмы табанға,
Ауылдан ыстық мекен жоқ әрбір адамға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу