Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  852


Автор: Мұқағали Мақатаев

Менің мақсатым

Мен жырламаймын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұңдасамын.
Асыққан уақытпен,
Адымымды,
Абайлап, анда-санда бір басамын.
Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым.
Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,
Өзінше емін-еркін туласа ағын.
Ғайыптан пайда болғаи сайтандайын,
Жыр туса, қайтармаймын.
Улатып май таңдайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім.
Жанынан жалындаған өрт кетпеген,
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.
0, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!
Тіптеп де мен емес-ті,
«Мен» дегенім.
Сендірмеймін,
Сенбеңдер сенбегенің.
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,
Өзімді зерттегенді жөн көремін.
Мендегі бар,
Сенде бар, онда да бар.
Демек, сенің,
«Менің» де сонда қалар...
Өз жаныңды алдымен жайып таста,
Жақсылықтың көкесі сонда болар.
He шығады бәрін де сүйем деуден?
Бәрін де сүйемін деп, иемденген.
Бәрін де мен де сүйем,
Айтпан бірақ,
Отырып оңашада күйер кеудем...
Күйер кеудем...
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырымда сол жиі менің,
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу -
Неғылған қиын едің!!!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу