Өлеңдер ✍️

  28.03.2021
  313


Автор: Сәбит Дөнентаев

Жәмила қыз

Қатыны өліп Бекіштің,
Қызы бар деп Төкіштің
Іздеп келді алыстан.
Бұрыннан де емес жат,
Құдандалы қат-қабат,
Талай сүйек алысқан.
Жасы қырық-отыз арасы,
Бар жиырма-отыз қарасы.
«Қыз бермеймін кәрі» деп,
«Қатыны өлген әрі» деп,
Беттетпеді Төкіш бай,
Қыз құша алмай қойнына,
Су сорғалап мойнына,
Үйге қайтты Бекіш жай,
«Жүзге малы толмаған,
Жексұрын ғой оңбаған».
Сақалының ағы бар,
Маңдайының бағы бар,
Берден дейтін шал келді,
Оның аты Берден ғой,
Құдай оған берген ғой,
Жәмидлаға дәл келді.
О да қатын іздеп жүр,
Ынта көңлі қыз деп жүр.
«Болса алыңыз қыз керек,
Маған жалғыз Сіз керек»,-
Деп Төкіш бай жалпылдап,
Алпыстағы жасына,
Боз қыраулы басына
Қарамастан қарқылдап,
Уағда қылды, қол соқты,
Әлдекімді сор соқты.
Жәмиласы зарлап жүр,
Көзден жасы парлап жүр,
Кім тиді екен сорлыға?
Жақтырмаған апасы,
«Түк білмейсің, шатасын!»
Деп әкесі болды ма?
Шайтан алсын, шал алсын
Төкең байғұс мал алсын.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу